Халықаралық Аралды құтқару қоры $170 млн-ға жуық грант тартты. Қазақстан қордағы төрағалығын бірқатар өңірлік жобамен және Сырдарияның су ресурстарын есепке алуды автоматтандыру бастамасымен аяқтап отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үш жылдық жұмыстың қорытындысы Шымкентте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысында шығарылды.

Грант қаражаты қандай жобаларға бағытталады?
Қазақстанның 2024–2026 жылдардағы төрағалығы кезеңінде қордың Атқарушы комитеті он бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Соның негізгі нәтижелерінің бірі халықаралық серіктестерден қаржы тарту болды.
Ірі жобалар мен бағдарламалар қатарында:
- $145,2 млн — REMIT бағдарламасы;
- $20 млн — Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асырылатын су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі өңірлік ынтымақтастық жобасы (CAWEC);
- 2 млн еуро — Француз даму агенттігінің жобалары.
Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен 13 меморандум мен келісім жасалды.
Сырдариядағы су есебін автоматтандыру жоспарланып отыр
Қазақстан үшін маңызды шешімдердің бірі Сырдария өзені бассейніндегі су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарын әзірлеу болды.
Бассейн елдері ұлттық үйлестірушілерді айқындап, жұмыс тобын құрып, құжат жобасын келісуге тиіс.
Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Қазақстан үшін су ресурстарының нақты есебін жүргізудің маңызы зор. Елдің оңтүстік өңірлеріндегі егістік алқаптарды суару мен Солтүстік Аралдың жағдайы келетін су көлеміне тікелей байланысты.
Автоматтандырылған жүйе мемлекеттер арасында су бөлу туралы деректердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Әзірге жоспар әзірлеу көзделіп отыр. Оны іске асыруға қажетті техникалық және қаржылық қолдау мәселелері халықаралық серіктестермен пысықталады.
2027 жылдан бастап қорға Өзбекстан төрағалық етеді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорындағы төрағалық Өзбекстанға өтеді.
«Бүгінгі отырыс Қазақстан Республикасының 2024–2026 жылдардағы ХАҚҚ-ға төрағалығын қорытындылайды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қордағы төрағалық Өзбекстан Республикасына өтеді. Осы кезеңдегі басты оқиға Астанада өткен ХАҚҚ-ның құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы болды. Оның қорытындысы бойынша Астана мәлімдемесіне және мемлекет басшыларының шешімдеріне, соның ішінде 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы шешімге қол қойылды. Осы уақыт ішінде қордың Атқарушы комитеті даму жөніндегі серіктестермен бірлесіп бірқатар өңірлік бастаманы іске қосты. Басқарма мүшелеріне, Атқарушы комитетке, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясына және Мемлекетаралық орнықты даму комиссиясына бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқым келеді», — деді Қанат Бозымбаев.
Отырысқа Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан өкілдері қатысты. Қырғызстан тарапы бақылаушы ретінде қатысқан.

Қазақстан БҰҰ құрылымында халықаралық су ұйымын құруды ұсынып отыр
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясының жобасын әзірлеу барысы туралы хабарлады.
Қазақстан халықаралық деңгейде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілетіп келеді.
Бұл бастаманы 2026 жылғы 8–10 желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясында талқылау жоспарланған.

Ал Сырдария бойынша келесі нақты қадам су ресурстарын автоматтандырылған есепке алу жоспарын мемлекетаралық деңгейде келісу болмақ.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсында хабарланды.
Бұған дейін біз Солтүстік Арал теңізінің аумағы 870 шаршы шақырымға ұлғайғанын және Қазақстанның COP31 конференциясында таныстырған жобаларын жазған едік.


