Қазақстанда мәслихаттардың өкілеттігі кеңейді. Жергілікті депутаттардың жұмысы өңірлердің қаржылық мүмкіндігіне, коммуналдық инфрақұрылымның дамуына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына тікелей ықпал етпек, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселелер 2026 жылғы 26 қарашада академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде өткен «Мәслихаттардың өңірді дамытудағы рөлі» атты сараптамалық дөңгелек үстелде талқыланды.
Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, саясаттанушылар және «Талдау» мектебінің сарапшылары қатысты.
23 жылда алғаш рет мәслихаттар бөлек сайланады
29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа Конституцияның қабылдануымен басталған өкілді билікті жаңарту кезеңін аяқтайды.
Дөңгелек үстел модераторы, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ғалымжан Құсмаңғалидың айтуынша, соңғы 23 жылда алғаш рет мәслихат сайлауы Парламент сайлауынан бөлек өткізіледі.
Бұл жолы сайлау науқанының өзегіне жергілікті мәселелер айналып отыр. Жолдардың сапасы, жылумен және сумен жабдықтау, елді мекендерді абаттандыру — тұрғындар үшін күнделікті маңызы бар міндеттер.
Қарағанды облысында 196 бірмандатты сайлау округі бойынша 612 кандидат тіркелген. Орта есеппен бір депутаттық мандатқа 3,1 үміткерден келеді.
Депутаттық сауалға 15 күн ішінде жауап беріледі
Биыл жазда қабылданған заң мәслихаттардың жұмыс тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізді.
Депутаттық сауалға жауап беру мерзімі күнтізбелік 15 күнге дейін қысқарды. Депутаттар өз округінің сайлаушыларымен жылына кемінде екі рет кездесуге міндетті.
Сонымен қатар аудандық мәслихаттар мүлік салығының қандай үлесі ауылдар мен кенттердің бюджетінде қалатынын айқындайды.
Бұл өзгеріс ауылдық елді мекендер үшін ерекше маңызды. Жергілікті бюджетте қалатын салық түсімдерінің көлемі ауылдардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталатын қаржыға тікелей әсер етеді.
«Бұл өкілеттіктерді сайлаудың өзі емес, заң береді. Ал сайлау осы өкілеттіктерді кімнің және қаншалықты кәсіби деңгейде жүзеге асыратынын айқындайды», — деді Ғалымжан Құсмаңғали.
Депутаттардың бюджетке қатысты жауапкершілігі артады
ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының бұрынғы депутаты, төрт шақырылым бойы Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы болған Құдайберген Бексұлтанов «Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі мәслихаттар» тақырыбында баяндама жасады.
Ол Мемлекет басшысы белгілеген мәслихат институтын нығайту, оның өкілеттігін кеңейту, депутаттық бақылауды күшейту және депутаттардың жауапкершілігін арттыру міндеттеріне тоқталды.
Сарапшы өңірлердегі өзекті мәселелерді шешумен қатар жергілікті бастамаларды республикалық деңгейде ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Оның пікірінше, саяси партиялар мен депутаттық фракциялар халықпен жүйелі жұмыс жүргізіп, сайлау алдындағы міндеттемелерінің орындалуы туралы тұрақты есеп беруге және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс.
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің археология, этнология және отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұлов жаңа Конституцияда жергілікті өкілді органдардың мәртебесі мен міндеттері айқындалғанын айтты.
Конституцияның 88-бабына сәйкес мәслихаттардың құзыретіне:
- аумақтарды дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын бекіту;
- жергілікті бюджеттерді бекіту;
- бюджеттер мен даму бағдарламаларының орындалуы туралы есептерді бекіту кіреді.
Бұл тұрғындарға депутаттардың қызметін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға мүмкіндік береді. Бюджет қаражатының қайда жұмсалғаны, қандай жобалардың жүзеге асырылғаны және сайлау алдындағы уәделердің қаншалықты орындалғаны депутаттық есептіліктің негізгі өлшемдеріне айналуға тиіс.
Ауыл бюджетіне тұрғындар қалай ықпал ете алады?
Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің философия және психология факультетінің деканы, PhD докторы Анара Мақатова жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің даму келешегіне тоқталды.
Сарапшы орталықсыздандыру үдерісін әкімшілік, қаржылық және саяси бағыттар бойынша қарастырып, Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 1993 жылдан бергі даму кезеңдеріне талдау жасады.
Ол төртінші деңгейлі бюджетке, яғни ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің бюджеттеріне ерекше назар аударды. Бұл бюджеттер жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық мәслихатта бекітіледі.
Тұрғындар өз елді мекенінің дамуына бірнеше тетік арқылы ықпал ете алады. Олардың қатарында жергілікті қоғамдастық жиындары, қоғамдық тыңдаулар, цифрлық платформалар және халық қатысатын бюджет бар.
Мақатованың пікірінше, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үш негізгі қағидатқа сүйенуге тиіс: өкілді органдардың пәрменділігі, өңірлердің қаржылық дербестігі және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы.
Мәслихаттарға жас мамандар мен салалық сарапшылар қажет
Пікірталас барысында қатысушылар Қарағанды облысының тұрғындары депутаттарға қандай мәселелермен жиі жүгінетінін, депутаттардың сайлаушылар алдындағы есебін қоғамдық бақылаудың тиімді құралына қалай айналдыруға болатынын талқылады.
Мәслихат жұмысына жастарды және түрлі саланың білікті мамандарын тарту мәселесі де көтерілді.
Өкілеттігі кеңейген депутаттардың алдында жергілікті бюджеттің жұмсалуын бақылау, инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын қадағалау және тұрғындардың мүддесін қорғау міндеттері тұр.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған Ғалымжан Құсмаңғали Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының III республикалық форумында айтқан сөзін еске салды.
Президент депутаттардың «халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, елдің өзекті мәселелерін шешуге көмектесуі» керектігін атап өткен еді.
Бұған дейін біз Қазақстанда мәслихаттардың өкілеттігі қалай кеңейетінін және 29 қарашадағы сайлаудан кейін қандай өзгерістер болатынын егжей-тегжейлі жазған едік.