Forbes тізіміне енген скрипкашы «Астана Балет» сахнасында өнер көрсетті

665
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Embassy of the Republic of Korea

Астанада әлемге танылған скрипкашы өнер көрсетті. Forbes журналының «30 жасқа дейінгі 30 тұлға» тізіміне енген оңтүстіккореялық скрипкашы Лим Джиён «Астана Балет» театрының сахнасында қазақстандық музыканттармен бірге өнер көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

28 қарашада өткен концертті Корей мәдени орталығы мен «Астана Балет» театры бірлесіп ұйымдастырды. Мәдени шара Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы музыкалық өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Халықаралық байқаудағы жеңістен Астана сахнасына дейін

Лим Джиён театрдың бас дирижері Арман Уразғалиевтің жетекшілігімен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуінде Макс Брухтың скрипка мен оркестрге арналған №1 соль минор концертін (op. 26) орындады.

Лим Джиён 2015 жылы халықаралық деңгейде танылды. Ол небәрі 20 жасында беделді Елизавета патшайым атындағы халықаралық байқаудың скрипка аталымында бірінші жүлдені жеңіп алған Корея Республикасының тұңғыш өкілі атанды.

Сол жылы скрипкашы Kumho музыкалық сыйлығын иеленсе, 2016 жылы Daewon музыкалық сыйлығының «Үздік жас орындаушы» аталымында марапатталды.

2021 жылы Лим Джиён Forbes журналының Азия бойынша «30 жасқа дейінгі 30 тұлға» тізіміне классикалық музыка саласының жалғыз өкілі ретінде енді.

Қазақстан мен Корея мәдени байланыстарын нығайтуда

Елордадағы концерттің ерекшелігі – шетелдік солист пен қазақстандық симфониялық оркестрдің бір сахнада өнер көрсетуі. Мұндай шығармашылық жобалар отандық музыканттарға халықаралық деңгейдегі орындаушылармен тәжірибе алмасуға, ал көрермендерге олардың өнерін Қазақстан сахнасында тамашалауға мүмкіндік береді.

Корей мәдени орталығының директоры Ли Джомхо екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.

«Бұл концерт екі ел өнерпаздарының бір сахнада бас қосып, музыка арқылы өзара түсіністік пен достық қарым-қатынасты нығайтуына тамаша мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да Қазақстанның мәдениет мекемелерімен тығыз ынтымақтастықты дамытып, елдеріміз арасындағы мәдени алмасуды орындаушылық өнер саласында ғана емес, басқа бағыттарда да кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Ли Джомхо.

Бұған дейін біз Корей ұлттық балетінің Астанадағы «Корсар» қойылымы туралы жазған едік. Екі көрсетілім де аншлагпен өтіп, 1 600-ге жуық көрермен жинады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -