Жасанды интеллект мемлекеттік басқаруға енгізілуде. Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары медицина, білім беру, көлік, қаржы және қалалық қызметтер саласында жасанды интеллектіні қолдану бойынша алғашқы диалог өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Қазақстандық делегация ақпаратты өңдеу уақытын қысқартуға, мамандардың жұмыс жүктемесін азайтуға және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді таныстырды.
Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды көздейді
AI Journey 2026 конференциясының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің стратегиялық мақсаты қысқа мерзім ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналу екенін мәлімдеді.
«Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, жаңа цифрлық экономиканың қарқынды дамуына қажетті құқықтық және институционалдық негіз қалыптасты. Ең бастысы, қоғамымыз бұл ауқымды жұмысты қолдайды. Өйткені оның азаматтар мен бизнеске нақты пайдасы бар», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары арасындағы диалогтың ашылуына Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин, Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Чернышенко, Ресейдің цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Максут Шадаев және Сбербанктің аға вице-президенті Андрей Белевцев қатысты.
Жасанды интеллект дәрігерлер мен мұғалімдерге көмектеседі
Қазақстан жасанды интеллектіні енгізудің тиімділігін бағалайтын нақты өлшемдерді айқындады. Олардың қатарында қызмет көрсету жылдамдығы, қолмен атқарылатын жұмыстарды қысқарту және мамандардың жүктемесін азайту бар.
«Қазақстан үшін жасанды интеллектіні енгізудің азаматтардың күнделікті өмірі мен бизнестің жұмысына нақты пайда әкелуі маңызды. Денсаулық сақтау саласында бұл дәрігерлерге қолдау көрсету және медициналық көмектің сапасын арттыру болса, білім беруде педагогтер мен оқушыларға көмектесу, көлік және қалаларды басқару саласында анағұрлым дәл талдау жүргізу және ақпаратты жедел өңдеу. Жасанды интеллект жобаларын бағалау кезінде біз нақты өзгерістерге: мерзімдерді қысқартуға, мамандардың жүктемесін азайтуға және қызметтердің халық үшін қолайлылығына басымдық береміз», — деді Ростислав Коняшкин.
Салалық бағыт бойынша Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдары бірнеше технологиялық шешімді таныстырды:
- медициналық диагностика және дәрігерлердің шешім қабылдауына қолдау көрсету;
- салық және бюджет деректерін өңдеу;
- көлік инфрақұрылымының жағдайын диагностикалау;
- оқу үдерісін оқушылардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеу;
- геологиялық деректерді талдау.
Мұндай технологиялар бизнеске қаржылық ақпаратты жылдам өңдеуге, ал медицина қызметкерлеріне деректерді талдауға және күнделікті қайталанатын жұмыстарға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның төрт өңірі өз әзірлемелерін таныстырды
Кездесудің өңірлік бөлігінде қалалар мен аумақтарды басқаруда жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері қаралды.
Астана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған интеллектуалды бейнеталдау жүйесін таныстырды.
Алматы қалалық деректерді басқару, жасанды интеллект негізіндегі көмекші және Almaty AI City технологиялық инфрақұрылымы бойынша әзірлемелерін көрсетті.
Ақмола облысы Smart Aqmola ақпараттық-талдау платформасын ұсынды.
Қарағанды облысы автотұрақтар мен бағдаршамдарды басқаруда, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасын бақылауда үлкен деректер мен жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Ресей тарапынан Мәскеу қаласы, Мәскеу облысы, Саха Республикасы (Якутия) және Ямал-Ненец автономиялық округі өз тәжірибелерін таныстырды.

Жасанды интеллектінің тиімділігі нақты нәтижемен бағаланады
Мәскеуде таныстырылған технологиялар қазақстандықтардың күнделікті өміріне тікелей қатысты. Олардың арасында медициналық көмек алу, білім беру, қаладағы көлік қозғалысы және мемлекеттік қызметтерді пайдалану бар.
Дегенмен кездесу материалдарында бюджет қаражатын үнемдеу, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту немесе медициналық диагностиканың дәлдігін арттыру бойынша нақты көрсеткіштер келтірілмеген.
Жасанды интеллектінің мемлекеттік басқару жүйесі мен азаматтардың тұрмыс сапасына қаншалықты әсер еткенін осы көрсеткіштер арқылы бағалауға болады.
Бұған дейін біз Қазақстанның мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін Ыстанбұлда таныстырғаны туралы жазған болатынбыз.

