Қазақстан негізгі көлік дәліздерін жаңғыртып жатыр. Жаңа автомагистральдар, порттардың өткізу қуатын арттыру және жүк тасымалын цифрландыру Қытай мен Еуропа арасындағы жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік бермек. Ал тасымалдаушылар жаңа талаптарға бейімделіп, ақылы жол тарифтерінің ықтимал өзгерістерін ескеруі қажет, деп хабарлайды DKNews.kz.
2026 жылдың күзінде көлік-логистика саласында болған маңызды оқиғалар туралы ATI.SU логистикалық платформасының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Рената Зобова айтып берді.
Қытайдан Еуропаға апаратын жол қысқарады
Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ұзындығы 800 шақырым болатын Бейнеу — Сексеуіл автомагистралі болмақ. Сонымен қатар Қызылорда — Сексеуіл және Ұлғайсын — Сексеуіл стратегиялық автомобиль жолдарының құрылысы басталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, ол Қытай мен Еуропа арасындағы «алтын көпірге» айналмақ.
Жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау бағыты шамамен 1000 шақырымға қысқарады.
Көлік компаниялары үшін бұл жанармай шығынын азайтуға, көлікті пайдалану шығындарын төмендетуге және жүк тасымалын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Үш автомагистральдың құрылысын 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау тапсырылды.
Алматы маңында 28,1 млрд теңгеге логистикалық хаб ашылды
Елдің батысында жаңа жолдар салынып жатса, оңтүстігінде жүк өңдеу қуаты артып келеді.
Алматы облысының Іле ауданында Kusto Logistics көлік-логистика орталығы жұмысын бастады. Жобаға 28,1 млрд теңге инвестиция салынған. Кешеннің жалпы аумағы 26,5 гектардан асады.
Терминал жылына 100 мың контейнерге дейін, ал ай сайын 111 мың тоннадан астам жүк өңдеуге қауқарлы. Кешен аумағында теміржол инфрақұрылымы, контейнер алаңы, екі қойма және басқару орталығы орналасқан.
Болашақта мұнда сыйымдылығы 14 мың тонна болатын астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр.
Қазақстандағы контейнерлік жүктердің шамамен 80%-ы Алматы көлік торабы арқылы өтеді. Жаңа терминал елдің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы жүк ағынын реттеуге, сондай-ақ көрші мемлекеттерге бағытталған экспорттық және импорттық жүктерді өңдеуге мүмкіндік береді.
Ақтау портында контейнер айналымы 80%-ға өсті
2026 жылдың қыркүйегінде Ақтау порты жаңа рекорд орнатты. «Қазақстан темір жолының» мәліметінше, бір айда порт арқылы 10 186 TEU көлемінде контейнерлік жүк өткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80%-ға жоғары.
Мұндай өсімге Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағынының ұлғаюы және порт инфрақұрылымының кеңеюі ықпал етті.
Қытайдың Lianyungang Port Group компаниясының қатысуымен салынған жаңа контейнерлік терминал іске қосылғаннан кейін порттың жылдық өткізу қуаты 140 мың TEU-ға жетті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 200 мың TEU-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен интермодальды жүк терминалын және «Каспий көпірі» деп аталатын жаңа паром жүйесін құруды көздеп отыр.
Бұл бағыттың дамуы қазақстандық кәсіпкерлерге өз тауарларын Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізуге қосымша мүмкіндік береді.
Жүк тасымалдаушыларға қойылатын талаптар күшейді
2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында навигациялық пломбаларды қолданудың екінші кезеңіне көшті.
Енді автомобиль көлігімен кедендік транзит арқылы тасымалданатын жүктердің басым бөлігі міндетті электрондық бақылауға алынады. Теміржол тасымалында бұл талап киім-кешек, аяқкиім, үлбір бұйымдары, байланыс құралдары мен радиоэлектрондық жабдықтардың жекелеген санаттарына қатысты.
Көлік шанағының ашық болуы тасымалдаушыны навигациялық пломба қолдану міндетінен босатпайды.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, өз жүрісімен шекарадан өтетін жеңіл автомобильдер мен арнайы автовоздарға тиелген көліктер де бақылауға жатады.
Сондықтан экспорттаушылар, импорттаушылар мен тасымалдаушылар жүк жөнелтілмес бұрын оның жаңа талаптарға сәйкестігін тексеруі қажет. ЕАЭО-ның бірқатар елінде міндетті навигациялық пломбасыз жеткізілген транзиттік жүк үшін айыппұл қарастырылған.
Қазақстан Қытай маркетплейстерінен келетін тауар ағынына дайындалуда
Қазақстан 2030 жылға қарай электрондық коммерцияның жалпы сауда көлеміндегі үлесін 20%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Осы мақсатта жүзеге асырылуы мүмкін жобалардың бірі — Қазақстан мен Қытайдың бірлескен Almaty SkyHub көлік-логистикалық хабы. Орталық Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия нарықтарына бағытталған тауарларды өңдеуге маманданбақ.
Қытайдың Pinduoduo сауда платформасымен ынтымақтастықты кеңейту мәселесі де талқыланып жатыр.
Шекарааралық сауданың ауқымын «Қазпошта» мен қытайлық YTO Express компаниясы құрған Qazpost-YTO бірлескен кәсіпорнының көрсеткішінен байқауға болады. Компания 12,5 млн сәлемдеме жеткізген.
Электрондық сауданың қарқынды дамуы қоймаларға, сұрыптау орталықтарына және тауарды тұтынушыға тікелей жеткізу қызметтеріне деген сұранысты арттырады.
Қазақстан мен Қытай арасында жүргізушісіз жүк көліктері қатынауы мүмкін
Қазақстан мен Қытай жүргізушісіз жүк тасымалы бойынша пилоттық жобаны іске қосуға дайындалып жатыр.
Осы мақсатта интеллектуалды көлік және автономды технологиялар саласындағы бірлескен құзыреттер орталығы құрылуда. Жобаға Қазақстанның Жол ғылыми-зерттеу институты мен қытайлық China TransInfo Group компаниясы қатысады.
Мамандар жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізуге арналған полигон құрумен, салмақ пен габаритті автоматты бақылау жүйесін жетілдірумен және көліктерді қозғалыс кезінде өлшеу (WIM) технологиясын енгізумен айналысады.
Әзірге жүргізушісіз жүк көліктерін халықаралық бағыттарға жаппай шығару емес, технологияны сынақтан өткізу және қажетті инфрақұрылымды дайындау көзделіп отыр.
Астанадан Мәскеуге электрондық жүкқұжатпен жүк жөнелтілді
Қазақстан мен Ресей e-CMR электрондық көлік жүкқұжаттарын пайдалана отырып, халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыру бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Алғашқы рейс Астана — Мәскеу бағыты бойынша өтті.
Цифрлық құжат жүк, тасымалдаушы және тасымалға қатысатын басқа тараптар туралы мәліметтерді қағаз жүкқұжатсыз беруге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер үшін e-CMR жүйесіне көшу құжаттарды рәсімдеу уақытын қысқартып, жүк жөнелтушілер, қабылдаушылар, тасымалдаушылар және мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетуі мүмкін.
Егер пилоттық жоба тиімділігін дәлелдесе, электрондық жүкқұжаттар ЕАЭО аясындағы басқа халықаралық автомобиль бағыттарында да қолданыла бастайды.
Ақылы жолдар: тасымалдаушыларға жылдық абонемент ұсынылды
Қазақстанда ауқымды жол құрылысы жүріп жатқан тұста Үкімет коммерциялық жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру шарттарын қайта қарастыруда.
Талқыланып жатқан ұсыныстардың бірі — белгілі бір қашықтық үшін алдын ала төлем жасауға мүмкіндік беретін жылдық абонементтер енгізу. Мұндай жүйе тұрақты бағыттар бойынша жүк тасымалдайтын компанияларға шығындарын оңтайландыруға көмектесуі мүмкін.
Сонымен қатар тарифтерді көліктің экологиялық класына, зиянды шығарындылар көлеміне және жол төсеміне түсетін салмаққа қарай белгілеу ұсынылып отыр.
Өзгерістер қазақстандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болуы мүмкін. Ал жеке жеңіл автомобиль иелері үшін жолақы төлеу шарттарын әзірге өзгерту жоспарланбаған.
Жаңа жүйенің негізгі тетіктерін қараша айының соңына дейін әзірлеу тапсырылды. Жаңа әрі қысқа бағыттар арқылы тасымалдаушылардың қанша қаражат үнемдей алатыны болашақ тарифтерге де байланысты болмақ.
Бұған дейін біз Қазақстан мен Қытайдың Ляньюньганнан Ақтауға дейінгі жаңа Еуразиялық көлік дәлізін қалай қалыптастырып жатқаны туралы жазған едік.