Қазақстан Бакуде ұлттық павильонын таныстырды. Қысқы қайырымдылық жәрмеңкесі түрлі елдердің дипломатиялық өкілдіктерін біріктіріп, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің хабарлауынша, іс-шараны Бакуде аккредиттелген дипломатиялық миссия басшыларының жұбайлары қауымдастығы ұйымдастырған.
Апорт алмасынан ұлттық әшекейлерге дейін
Қазақстандық павильонды Қазақстанның Әзербайжандағы елшісінің жұбайы Әсемгүл Байел бастаған елшіліктің әйелдер ұжымы таныстырды.
Жәрмеңке қонақтарына қазақстандық апорт алмасы, «Қазақстан» шоколады, бауырсақ пен құрт ұсынылды. Сондай-ақ ұлттық нақыштағы кәдесыйлар, әшекей бұйымдар мен дәстүрлі қазақ киімдері қойылды.
Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысты.
25-тен астам дипломатиялық өкілдік қайырымдылыққа жұмылды
Қысқы жәрмеңкеге 25-тен астам елшілік пен халықаралық ұйым өкілдіктері қатысты. Олар өз елдерінің мәдени ерекшеліктерін ұлттық тағамдар, тәттілер, киім-кешек, кітаптар мен әшекей бұйымдар арқылы таныстырды.
Жәрмеңкеден түскен қаражаттың барлығы мұқтаж жандар мен мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсетуге бағытталады. Елшілік жиналған қаражаттың жалпы сомасын нақтылаған жоқ.
Бұған дейін Таллинндегі қайырымдылық жәрмеңкесінде қазақтың ұлттық дәстүрлері көпшілікті қалай тәнті еткені туралы жазған едік.