Қазақстан Президенті өз таңдауын жасады. Бүгін, 29 қарашада, елімізде өңірлік бюджеттерді бекітіп, қалалар мен аудандардың даму бағыттарын айқындайтын жергілікті өкілді органдардың депутаттарын сайлау өтіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Қазақстанда 3 447 депутат сайланады
Кезектен тыс сайлау барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаннан кейін өтіп жатыр.
Бүгін қазақстандықтар 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлайды. Депутаттық корпус елордада, облыстарда, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудандарда жаңарады.

Жаңа депутаттар өңірлік бюджеттерді бекітеді
Сайланған депутаттардың шешімдері жергілікті бюджет қаражатының бөлінуіне, инфрақұрылымдық жобалардың қаржыландырылуына және атқарушы биліктің қызметіне тікелей қатысты болады.
Өңір тұрғындары үшін мұның мәні зор. Жол жөндеу, коммуналдық желілерді жаңарту, елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік нысандарды қаржыландыру секілді мәселелер мәслихаттардың құзыретіне кіреді.
Жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамына өңірлердің даму басымдықтарын айқындап, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау міндеті жүктеледі.
Бұған дейін біз Қазақстандағы мәслихат сайлауының ерекшеліктері және жаңа депутаттар қандай мәселелерді шешетіні туралы кеңінен жазған едік.
![]()