Қазақстанда жергілікті өкілді билік жаңарып жатыр. Бүгін, 29 қарашада, елімізде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай елорда мектептерінің бірінде орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Қазақстандықтар депутаттарды екі жүйе бойынша сайлайды
Депутаттарды сайлау тәртібі мәслихаттың деңгейіне байланысты ерекшеленеді. Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады.
Ал аудандық және қалалық мәслихат депутаттары бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Яғни тұрғындар өз округінің мүддесін қорғайтын кандидатқа тікелей дауыс береді.
Жаңа депутаттар қандай мәселелерді шешеді?
Өңір тұрғындары үшін бұл сайлаудың маңызы саяси оқиғамен ғана шектелмейді. Мәслихаттар жергілікті бюджетті, аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларын бекітіп, олардың орындалуы туралы есептерді қарайды.
Жолдарды жөндеу, коммуналдық желілерді жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаржы да мәслихаттардың шешімдеріне байланысты.
Жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы мәслихат сайлауы жергілікті өкілді органдардың депутаттық құрамын жаңартуға негіз болмақ.