Ақмола полицейлері Целиноград ауданының 28 жастағы тұрғынына қатысты қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
pixabay
Күдіктінің WhatsApp мессенджерінде “Өзара көмек кассасы” чатын құрып, 2019 жылғы тамыздан бастап 2021 жылғы сәуірге дейін қаржы пирамидасын басқарып, Ақмола облысы мен еліміздің басқа да өңірлері тұрғындарының ақшасын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккендер Ақмола облысының Полиция департаментіне немесе “102” нөміріне хабарласа алады.
Полицейлер азаматтардан қырағы болуды, күмәнді қаржы ұйымдарына ақша салмауды сұрайды. Егер Сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, дереу полицияға хабарлауыңызды сұраймыз.