Африка елдері Қазақстанның бейбіт бастамаларын жоғары бағалады

53757

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Эфиопия астанасы Аддис-Абебада Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Ядролық қарудан және ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізу» тақырыбында семинар өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Семинарға Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің, Африка одағы комиссиясы Хатшылығының, дипломатиялық корпустың, Стокгольм бастамасы елдерінің елшіліктері, қоғам қайраткерлері, бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу институтының, Диалог, зерттеулер мен ынтымақтастық орталығының өкілдері, Аддис-Абеба университетінің студенттері, сондай-ақ бірқатар эфиопиялық басылымдардың журналистері қатысты.

Семинарға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов Қазақстанның жаһандық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау үдерісіне қосқан үлесі, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамалары, оның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы айтып берді.

«Биыл біз әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығын атап өтеміз. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық полигонды жабу туралы ерікті шешім қабылдады. Қазақстан халқы Шығыс пен Батыс арасындағы қырғи қабақ соғыстағы ядролық тепе-теңдік үшін жоғары баға төледі және ядролық сынақтардың салдары қандай болатынын және адамдар мен табиғатқа ядролық қаруды қолдану мүмкіндігінің не әкелетінін жақсы біледі. Сондықтан Қазақстанның ядролық қарудан азат және ядролық сынақтарсыз әлемге қол жеткізу үшін науқан жүргізуге моральдық құқығы мен борышы бар және ол үшін нақты қадамдар жасауда», - деп атап өтті Елші.

Қазақстандық дипломат Аддис-Абебада семинар өткізудің және оған Африка одағы хатшылығының жоғары өкілдерінің, Одақ жанындағы Африка елдері елшілерінің қатысуының маңыздылығына назар аударды. Африка мемлекеттері ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы жаһандық күш-жігерде маңызды рөл атқарады.

Биылғы жылы Африка елдері Африкадағы ядролық қарудан азат аймақ туралы Пелиндаб келісіміне қол қою ашылуының 25 жылдығын атап өтетіні өте символдық. Ағымдағы жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың (Семей шарты) құрылғанына 15 жыл толады. Уағдаластықтарға сәйкес, биыл екі аймақ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарлануда.

Африка одағының Саяси мәселелер, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссары Банколе Адайе семинарға қатысушыларға үндеуінде Африка елдері мен Африка одағының таратпау және денюклиаризация процесіне бейілділігін растады.

«Ядролық қарудан және ядролық сынақтардан азат әлемге қол жеткізудегі адалдығы үшін Қазақстан Республикасына алғысымды білдіремін. Бұл Африка құрлығымен ортақ қызығушылық және мен сіздерді Африка одағына мүше мемлекеттердің ядролық қарусыздануға деген ұмтылысын растаймын. Африканың ядролық қарусыздану мәселесін шешудің маңыздылығын мойындауы 1964 жылдан басталады, сол кезде Африка Бірлігі Ұйымының (АБҰ) мемлекет және үкімет басшыларының Ассамблеясы Каирде өткен алғашқы кезекті сессиясында Африканы ядролық қарусыздандыру туралы Декларация қабылдады. Бұл міндеттеме Африка Одағын құру үшін негіз болатындығын көрсетеді. Африка одағына мүше мемлекеттер Африкада ядролық қарусыздану және таратпау туралы түрлі шешімдер қабылдау арқылы осы міндеттемелерді көрсетуде», - деді Африка одағының комиссары.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Африка одағының Жоғары өкілі тиісті мемлекеттерді Пелиндаб келісіміне қосылуға шақырды.

Диалог, зерттеу және ынтымақтастық орталығының директоры, Эфиопияның Елшісі Текеда Алему Африканың Ядролық сынақтарға тыйым салу процесіндегі рөлін атап өтті.

«Ядролық қарудан азат аймақтарды құруға қатысты бастамаларда Африка құрметті орынға ие екенін атап өткен жөн. Африка шарты (Пелиндаба) 1996 жылы қол қойылып, 2009 жылдың 15 шілдесінде күшіне енді. Бұл 2009 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін жариялағанға дейін шамамен бес ай бұрын. Сондықтан біз Қазақстандағы достарымызға Қазақстанның тарихи рөлін және осы саладағы беделін мойындай отырып, осы оқиғаны атап өту үшін қосыламыз», - деп атап өтті Т.Алему.

Аддис-Абеба Университеті жанындағы Бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу институтының директоры (Эфиопия) Доктор Йонас Адайо Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

«Қазақстанды және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты көреген басшылықпен құттықтаймын. Біз оны құрметтейміз және оның шешімін бүкіл әлем үшін үлгі деп санаймыз, өйткені, біріншіден, Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесін адамзат ұмыта алмайды, өйткені ол тек Қазақстанды ғана емес, әлемнің басқа да бөліктерін және жалпы бүкіл адамзатты құтқаруға бағытталған. Ядролық полигоннан құтылу бойынша алғашқы бастаманы көрсете отырып, Назарбаев өте батыл қадам жасады. Университеттің профессоры ретінде мен көптеген елдер ядролық қаруды иемдену үшін күресіп жатқанын айта аламын, бірақ одан құтылу үшін емес. Сондықтан сіз керемет үлгі көрсетесіз, мен Қазақстанды құттықтаймын. Сіздің басшылығыңыз бүкіл әлемге басқалардың қателіктерінен қалай үйренуге болатындығын және планетамызды ең жақсы мекен ету үшін үлгі көрсетті», - деді профессор Й.Адайо.

Сондай-ақ, Институт директоры Қазақстан мен Эфиопияның ынтымақтасудың перспективалық бағыттарын белгілеп өтті.

«Біріншіден, екі елдің де теңізге шығу мүмкіндігі жоқ және біз бір-бірімізден экономикалық өркендеуді және басқа елдермен халықаралық деңгейде ынтымақтасуға үйренуге тиіспіз. Екіншіден, екі ел де ежелгі мәдениеттер мен дәстүрлерді бейнелейді, біздің халықтарымыз өте бейбіт, сонымен бірге өте батыл және күшті, сондықтан біз – қорғаныс, экономикалық даму және сауда қатынастары, білім беру және зерттеу сияқты салаларда бір-бірімізден біле аламыз. Мен өз студенттерімді осы іс-шараға әкелдім, олар Қазақстанның осындай даму деңгейіне қалай қол жеткізгенін біліп, кейін Эфиопияда қолдану үшін өздеріне сабақ ала алды. Осылайша, елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту қажет», - деп ұсынды Й.Адайо.

Эфиопияның «Оромо азаттық қозғалысы» (OLM) партиясының қоғаммен байланыс жөніндегі басшысы, Эфиопия геоақпараттық институтының аға ғылыми қызметкері Тессема Хундума Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі соғыстардың алдын алу жөніндегі бастамаларын қолдады.

«Біз ядролық сынақтарға қарсымыз. Бүгін 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн, бұл күннің негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев, біз оны қолдаймыз. Біз әрқашан бейбітшілік үшін және қақтығысты ядролық қаруды сынау арқылы емес, диалог арқылы шешуге болады деп ойлаймыз», - деп айтты Т.Хундума.

Іс-шарада ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, Эфиопияның қоғам қайраткерлері, Индонезия, Швеция, Иран елшілері, Жапония елшілігінің қызметкері сөз сөйлеп, Қазақстанмен қарусыздану және әлемде ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Семинар шеңберінде Андре Сингердің «Жел қайдан келді» атты деректі фильмі көрсетілді, сондай-ақ Семей полигонының жабылуының 30 жылдығын мерекелеуге және Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпауға қосқан үлесіне орай «Өлімнен де мықты» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан мен оның халқының Халықаралық ядролық қарусыздану және таратпау процесіне қосқан үлесін жоғары бағалап, біздің елмен достық байланыстарды нығайтуға қызығушылық танытты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -