Астана тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясын қолдады: 2 700 ағаш отырғызылды

1452
Фотосурет: Gov

Астананың Нұра ауданында «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акция аясында ағаш отырғызу шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тұран мен Қонаев даңғылдарының қиылысындағы «Ғашықтар» саябағына 30 қарағай ағашы отырғызылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бұл іс-шараға қала тұрғындары, кәсіпкерлер, урбанистер және белсенді жандар қатысты.

Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбековтің айтуынша, көктем басталғалы бері ауданда 2 700 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 10 мың ағаш егу жоспарланып отыр.

«Урбанистика орталығы мен «Астанагенплан» институты жастармен және тұрғындармен бірге тек қана көгалдандырумен шектелмей, ауланы, ауданды, қаланы күтіп-ұстау мәдениетін қалыптастырып жатыр. Бүгінгі шараға белсенділер, урбанистер, жастар мен қаланың көгалдануына үлес қосуды қалайтын қарапайым азаматтар қатысты», – деді ол.

Ағаштар 3,5-5 метр биіктіктегі ірі көшеттер арқылы отырғызылды.

«Мен көгалдандырумен 15 жылдан бері айналысып келемін. Мұндай шаралар міндетті түрде өтуі керек. Тек сұлулық үшін емес, бұл адамдардың басын қосып, қалаға деген сүйіспеншілік пен қамқорлықты оятады. Бәрі кішкентай қадамнан – ағаш отырғызудан басталады», – деді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институтының Ландшафтық дизайн және сәулет орталығының жетекшісі Гүлнұр Иманбекова.

Бұл отырғызудың ерекшелігі – Green ID жүйесі. Енді әрбір ағаш цифрлы жүйеге енгізілген. QR-код арқылы оның түрін, отырғызылған күнін, тарихын және отырғызған адамның есімін көруге болады.

«Биыл астаналықтардан 2 миллион теңге көлемінде қайырымдылық қаражаты жиналды — 100 теңгеден бастап әртүрлі үлестер болды. Бұл аллеядағы әрбір ағаш — сол үлестің жемісі. Green ID — қала тұрғындарына деген алғысымыз», — деді Қалалық тұрақты даму орталығының директоры Аслан Қандығұлов. Оның айтуынша, барлық ағашқа екі жылдық күтім кепілдігі қарастырылған: суару, агротехникалық жұмыстар және отырғызуды түзету жүргізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -