Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ

111309

5 қарашада Анкарада Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мен Түркияның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Елбасы Аакадемиясы» корпоративтік қоры, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігімен бірлесе ұйымдастырылды.

 

Конференцияның мақсаты – түркі өркениетінің тарихи-мәдени және рухани мұрасын жаңғырту үдерістерін, Елбасының түркі халықтарының бірлігіне қосқан үлесі мен рөлін, түркі әлемі интеграциясын дамытуды талқылау.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы модераторлық етті. Қатысушылар түркі тарихы мен мәдениетін одан әрі зерделеу, ілгерілету, насихаттау бойынша өзара пікір алмасты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат өз сөзінде: «Қазақстан мен Түркияның бауырластығы ХХІ ғасырда түркі идеясының жаңғыруына және Түркі кеңесінің құрылуына негіз болды. Нәтижесінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елдері тығыз ынтымақтастықты қайта жандандырды. Биылғы наурызда өткен Түркі кеңесінің отырысында Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы декларацияның қабылдануы айрықша оқиғаға айналды. Саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі өркениеті дамуының жаңа кезеңі басталғанына» сенім білдірді. Осының алғашқы белгілеріне бәріміз куә болып отырмыз», – деп атап өтті.

«2009 жылы Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесі құрылды. Қазақстан мен Түркия – ежелден бері ынтымақтасқан, бауырластық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер. Бұл көрме біздің ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін ұйымдастырылды», – деді Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхананың директоры Айхан Туглу.

Конференцияда ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов баяндама жасады: «Отыз жыл – адам ғұмырымен санағанда ұзақ мерзім, алайда мемлекет ғұмырында қысқа кезең. Десе де бұл уақыттың ішінде Қазақстан мен Түркі әлемі заман талабына сай бір қатар маңызды жұмыстарды атқарды. Бұл жетістіктерге егемен мемлекетті толық құру, ұлттық мәдениетті жаңғырту, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, халықаралық қоғамға қосылу жатады. Соның арқасында соңғы 30 жыл Түркі әлеміндегі ынтымақтастық пен интеграция саласының жемісіне толы болды».

«Қай заманда болсын, қоғамның қозғаушы күші – жас өрендер. Әлем бойынша түркі халықтарының саны 200 миллион болса, оның 30 миллионға жуығы – жастар. Осы орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жастарға ұсынған «Ел үміті» бастамасы түркі дүниетанымына негізделген. Бастама аясында Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Елбасы академиясы бауырлас халықтардың қарым-қатынасын нығайту мақсатында жастарды тамыры ортақ түркі елінің мәдениетімен таныстырып, түркітілдес мемлекеттердің тарихи тұлғаларын, олардың өмір жолын, ғылым мен өнерге, әдебиетке қосқан үлесін айқындау шараларын ұйымдастыруды көздейді», – деді өз баяндамасында «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Ануар Жанғозин.

Сондай-ақ конференцияда Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиева, Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Меджидли  баяндама жасады.

Конференция қорытындысы бойынша Елбасы кітапханасы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханасымен меморандумға қол қойды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -