Әлемдік экономиканың елеулі үлесі тиесілі Азия-Тынық мұхиты өңірі сауда шектеулерінен бастап технологиялық теңсіздікке дейінгі жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр. Қытайдың 2026 жылы Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығына (АТЭЫ) төрағалық етуі өңірлік интеграцияға қосымша серпін беруге және экономикалық өсімнің игіліктерін неғұрлым тең бөлуге жағдай жасауға бағытталған.
АТЭЫ Саясатты қолдау тобының болжамынша, 2026 жылы өңір экономикасы 3,4 пайызға өседі. Алайда протекционизмге, жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақсыздығына және елдер арасындағы технологиялық даму алшақтығының ұлғаюына байланысты тәуекелдер сақталып отыр.
Қытай АТЭЫ-ға төрағалығының үш негізгі басымдығын айқындады. Олар - ашықтық, инновациялар және ынтымақтастық. Бұл бағыттар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және өңір экономикасының орнықтылығын арттыруға арналған.
Негізгі міндеттердің бірі халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдету болып қала береді. Күрделі кедендік рәсімдер, реттеу талаптарындағы айырмашылықтар мен жоғары әкімшілік шығындар әсіресе шағын және орта бизнеске айтарлықтай ауыртпалық түсіреді.
АТЭЫ қағазсыз сауданы дамытуға, реттеу жүйесінің ашықтығын арттыруға және кедендік ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуді көздеп отыр. Бұл шаралар кәсіпорындардың өңірлік өндірістік тізбектерге қатысуын жеңілдетіп, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге тиіс.
Цифрлық трансформацияның маңызы да артып келеді. Жасанды интеллект, цифрлық сауда және озық өндірістік технологиялар экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашқанымен, технологиялық даму деңгейі әртүрлі экономикалар арасындағы алшақтықты да ұлғайтып отыр.
Бұл айырмашылықты азайту үшін технологиялар алмасуды кеңейту, кәсіби даярлықты дамыту және шағын әрі орта кәсіпорындарда цифрлық шешімдерді енгізуге қолдау көрсету ұсынылады.
Бұл үдерісте ғылыми және білім беру мекемелері маңызды рөл атқарады. Қытай төрағалығы аясындағы бастамалардың бірі -7-8 мамырда Шэньчжэнь қаласында өткізу жоспарланған АТЭЫ жас ғалымдарының форумы. Оған өңірдің 13 экономикасынан зерттеушілер қатысады деп көзделген.
Жеткізу тізбектерінің орнықтылығын нығайту да басым бағыттардың бірі болып қала береді. АТЭЫ қатысушылары логистика, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларды дамыту салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда.
Бұл бағыттар 2020 жылы Малайзияның төрағалығы кезінде қабылданған «АТЭЫ-ның 2040 жылға дейінгі пайымына» сәйкес келеді. Құжат ашық, серпінді және орнықты Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығын қалыптастыруды көздейді.
АТЭЫ даму деңгейі мен өндіріс құрылымы әртүрлі 21 экономиканы біріктіреді. Форум аясындағы ынтымақтастық ерікті қатысу және консенсусқа қол жеткізу қағидаттарына негізделген.
Өңірлік өзара іс-қимылдың тиімділігі тек экономикалық өсім қарқыны мен сауда көлемі арқылы ғана емес, нақты нәтижелермен де бағалануға тиіс. Олардың қатарында бизнес шығындарын азайту, технологияларға қолжетімділікті кеңейту, жаңа жұмыс орындарын құру және экономикалардың сыртқы күйзелістерге төзімділігін арттыру бар.
Қытайдың АТЭЫ-ға төрағалығы осы міндеттерді жүзеге асыруды жеделдетуге және өңірдің барлық қатысушыларының мүддесіне сай экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік ретінде қарастырылып отыр.