Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінің мәдени демалу орталығында жас сарбаздардың Ауған соғысы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлерлерімен кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – ардагерлермен сұхбаттасу арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, азаматтық сезімдерін қалыптастыру, Отан сүйгіштікке баулу болып табылады, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Кездесу барысында ардагер Айтын Арқабаев пен Марат Құсайынов Ауған соғысындағы қызықты оқиғалары мен ұрыс қимылдары кезінде кездескен қиын жағдайлары туралы әңгімелеп берді.
– Біздің елімізге тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан да, кең байтақ қазақ даласын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр азаматтың міндеті және борышы, – деп ардагер Айтын Арқабаев жас сарбаздарды жігерлендірді.
Шараға қатысушы мерзімді әскери қызметшілер ардагерлер айтқан түрлі оқиғаларды қызығушылықпен тыңдап, оларға жан-жақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен қатар, жиында өнерлі сарбаздар ардаргерлерге өлең шумақтарын оқып, әсем әндерін арнады. Ал ардагерлер болса, жас өрендерге ризашылықтарын білдіріп, Отан қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.
– Біз ардагерлерді әрқашан мақтан тұтамыз, олардың ерлік ісін жалғастырып, келер ұрпаққа жеткізуге дайынбыз. Сол себепті мен Отан қорғауды өзімнің ең қасиетті парызым деп санаймын, – деді жас сарбаз Амангелді Арыстан.