Қазақстанда жастардың азаматтық белсенділігінің артуы бойынша оң тренд қалыптасуда

1067
Фотосурет: Akorda

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген жыл сайынғы «Қазақстан жастары – 2025» ұлттық баяндамасының жобасы таныстырылды.

Құжатта жастар арасындағы осы жылдың негізгі трендтері жүйеленген және әр жылдың динамикасы көрсетілген. Ондағы деректер жастар саясатындағы және жалпы мемлекеттік саясаттағы шешімдерді әзірлеуге негіз болады.

Баяндамада саладағы өзекті мәселелермен қатар, түрлі бағыттағы оң динамикалар да көрініс тапқан. Мәселен, мектептегі білімге көңілі толатындардың үлесі 86 пайызға тең. Кейінгі бес жылда кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы студенттер саны 1,5 есе өскен, ал докторанттар саны 1,6 есе ұлғайған.

Елімізде жастардың азаматтық белсенділігі жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Бұл бірінші кезекте волонтерлік салада байқалады. Жастардың 41 пайыздан астамы еріктілер санатына қосылуды қоғамдық өмірге араласудың бірден бір маңызды жолы деп санайды.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік зерттеудің деректеріне сүйенсек, әлеуметтік оптимизм дәл осы жастар арасында жоғары. Олардың 85,5 пайызы елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдайды әрі Қазақстанның дұрыс бағытта екеніне сенімді.

Жиында Кеңестің 2025 жылғы қызметі қорытындыланды. Ерлан Қарин «Заң және тәртіп», «Еңбек адамы» бастамалары аясындағы жобаларға тоқталды.

Кеңес мүшелері тарапынан 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарға маңызды әрі салмақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ олар жұмысшы мамандықтардың мәртебесін және жұмыспен қамту деңгейін арттыруға бағытталған бірқатар жобаға бастамашы болды, – деді Мемлекеттік кеңесші.

Өз кезегінде Кеңес мүшелері жастар саясатының негізгі жұмыс бағыттары жөнінде ой-пікірін ортаға салды.

Ерлан Қарин Кеңес алдағы уақытта саладағы маңызды бағыттарды өзектендіріп, жаңа бастамаларға ұйытқы боларына сенім білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -