Желтоқсандықтар балалар үйлеріне қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда

2724

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсанның 35 жылдығына орай өтіп жатқан «Патриоттық рух - басты құндылық» жобасы аясында Желтоқсандықтар қаладағы балалар үйлеріне қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Мақсаты - қам көңіл балаларға бір сәттік болса да көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Тәуелсіздіктің кімдердің қанымен, қандай ауыртпалықпен келгендігі жайлы айтып, ұлттық сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық сана, ұлттық парызды әрбір қазақ баласының бойына дарыту, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру.

Желтоқсандықтар алдымен Медеу ауданында орналасқан «Жанұя» балалар үйіне барды. Мұнда дамуында ауытқушылығы бар 100-ге тарта бала тәрбиеленіп жатыр екен. Желтоқсаншы аға-апаларымен кездесуге бірнеше топтың балалары қатысты. Қалған балалар аптасына 3 рет баратын  спорттық жаттығуда көрінеді...

Шараға келген желтоқсаншы аға-апаларының әңгімесін ынта қойып тыңдаған балалар, қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық әңгімеге араласып отырды. Тіпті, өлең оқып, ән айтқандары болды. Өзін Бориспін деп таныстырған орыс баласы қазақшаны ана тілі ретінде меңгергенімен мақтанса, Настя қазақша ән шырқады...

Балаларға  тәттілер, ойыншықтар, қажетті оқу құралдарын сыйлап мәз еткен желтоқсаншылар, өздері де жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Ал, «Перзент» отбасылық балалар үйіне барған желтоқсандықтар, иманды бүлдіршіндерді көріп тәнті болды.

Кіп-кішкентай бүлдіршіндердің қазағы да, орысы да, өзгесі де қазақша сайрап, қай-қайсысы да құранды судыратқанда, риза болмайтын жан болмас сірә!..

Тіпті, кішкене орыс баласының оқыған құранына риза болған арабтар, Әмина апаға мешіт салып беруге келісіпті... Бүгінде арабтар бастап берген мешіттің құрылысы жалғасуда екен. 

Балаларға сүйсінген желтоқсаншы Қабланов Әріп мырза: «Кішкентай баланың оқыған құранына көңілім толқып, көзіме жас алдым. Біздің қоғамда мұндай тастанды балалар болмауы тиіс қой...Өкінішке орай бар болып тұр. Әмина апа сонша баланы бауырына басып, иманды етіп тәрбиелеп отырғаны үлкен ерлік... Олар бізден емес, біз олардан тағылым алып қайтқандаймыз», - деп ризалығын білдірді.

Желтоқсандықтардың «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы бойынша шаралары жалғасуда. Осылайша олар патриоттықтың ғана емес, қайырымдылықтың да үлгісін көрсетуде.

Шараларды Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр»  қоғамдық қоры ұйымдастыруда.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -