Мерейтойлық маусымның жақындауы – «Астана Операның» «қазанында не қайнап жатқанын» білуге жақсы себеп. Спектакльге дайындық кезінде тігін цехына маңызды әрі жауапты міндет жүктеледі, мұнда нағыз таңғажайып – театрлық костюмдер жасап шығарылады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Театрлық костюм – қарапайым киім емес, көбінесе – ол сан алуан мамандардың күш салуымен дүниеге келетін нағыз өнер туындысы. Автор кейіпкерді суреттеп салғандағы және режиссер іліп әкеткендегі ой сахнадағы бейнені қалыптастыру үшін бастапқы нүкте саналады. Костюмдер бойынша суретші өз қиялына сүйене отырып, тігін цехы іске асыруы тиіс сызба құрайды.
Осынау жылдар ішінде цех қызметкерлері атақты шетелдік және қазақстандық костюмдер бойынша суретшілермен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино бар, елордалық театрда қойылған бірқатар спектакльдер үшін киімдер соның авторлығына тиесілі.
Бірлесіп жұмыс істейтін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетовамен және Павел Драгуновпен де жемісті әрі ұзақ мерзімді әріптестік қалыптасты. Осы және басқа да танымал суретшілермен байланыста жұмыс істеу, әлбетте, тігін цехының шеберлеріне кәсіби деңгейді арттыруға, шығармашылық үшін жаңа көкжиектерді ашуға әрі құнды тәжірибе жинауға көмектеседі.
Спектакльге сызба құрастыру барысында костюмдер бойынша суретші оқиғамен байланысты тарихи кезең мен өңірді, костюмі тігілетін кейіпкердің тұлғалық мінездемесі мен әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ басқа да маңызды жайттарды есепке алады. Себебі сахнадағы адам жайлы көрерменнің көзқарасын қалыптастыратын – ол, ең әуелі, сырт келбет, «адам көркі шүберек...» деген сөз бар.
«Астана Операның» репертуарындағы қойылымдар әртүрлі дәуірлерге қатысты. Мәселен, «Аида» операсында ежелгі мысырлық сарын, «Алпамыста» – түркі дәстүрлі киім-кешектің араласуы, «Жібек сатыда» – XVIII ғасырдың сән-салтанаты мен жарқылы бейнеленген.
Балеттік қойылымдар бөлшектерге бұдан да зор көңіл бөлуді талап етеді, себебі сыртқы сипаттамадан бөлек, мұнда ыңғайлықты, қимылға арналған еркіндікті, маталардың ауа өткізгіштік қасиетін ескеру аса маңызды.
– Суретші бізге костюмдердің толық жинағы салынған өз сызбаларын әкелген кезде, сәйкес келетін маталарды таңдау басталады, – деді тігін цехының меңгерушісі Фатима Сатыбалдина. – Театрдың маталар, фурнитура, жиектеме мен басқа да көптеген ұсақ-түйекті таңдауға болатын жеке қоймасы бар. Қажетті материал қолда болмаған жағдайда, ол сатып алынады.
Ерекше маталарды кейде алыс жақтардан тапсырыспен алдыртуға тура келеді. Мәселен, «Алпамыс» ұлттық операсының костюмдері үшін үнділік зерлі жібек мата XIX ғасырдың білдегінде тоқылған.
Костюмдер дайындаудың келесі кезеңі әр бұйымға үлгі құрастыру болып табылады. Онымен киім пішуші айналысады.
– Барлық әртістерге, хор қатысушыларына және көпшілік көрініске костюмдер дене бітімінің ерекшеліктері есепке алына отыра жеке дайындалады, – деп атап өтті тігін цехының меңгерушісі. – Әрбіреуінің өлшемі алынады, егер костюм күрделі болса, міндетті түрде үлгісін жасаймыз. Біздің жұмыста конвейер қағидаты қолданылмайды, қойылымның әр қатысушысымен жеке жұмыс істейміз. Мәселен, «Алпамыс» спектаклінде Тайшық ханның он бір жауынгеріне арнап біз безендіруі мен ұсақ-түйегіне дейін ұқсас етіп, бір матадан бірдей костюмдер тіктік, бірақ миманстың әр қатысушысы өз киімі дайын болғанға дейін оны кемінде екі рет өлшеп көрді.
Ұлттық операның ауқымды көрінісі – театрдағы соңғы премьералардың бірі тігін цехынан ерекше үйлесімділік пен өнімділікті талап етті. Қысқа мерзімде 300-ден астам киім жинағын немесе 900 бұйым дайындауға тура келді, себебі жинақ орта есеппен үш бөліктен (көйлек, шалбар, берен немесе шапан) тұрады.
Күрделі жұмыс барысына цехтың барлық 24 қызметкері: 12 тігінші, екі киім пішуші, екі технолог, сондай-ақ бас киім бойынша екі маман жұмылдырылды.
– Біздің цехтағылардың бәрі өз ісінің мамандары, – дейді Фатима Сатыбалдина. – Тәжірибелері мен еңбек өтілдері жоғары. Театрлық костюмдердің көркемдеуші-суретшісі Саида Бағдат, ерлер костюмі бойынша пішуші Пятимат Оздоева, костюмдерді тігу бойынша шеберлер Мәдина Ахметова және Дина Жакиеновамен, сондай-ақ бас киімдерді тігу бойынша шебер Қарлығаш Ахметовамен бірге К.Байсейітова атындағы театрда да жұмыс істеген болатынбыз, ал «Астана Опера» құрылғаннан кейін осында ауыстық. Біздің ұжым бір-біріне үйренісіп қалған, сағат секілді үйлесімді әрекет етеді, бұдан артық түсініктеменің қажеті жоқ, біз бір-бірімізді «ә» дегеннен-ақ түсінеміз. Бұйымдардың сапасына технологтар жауап береді, әр тігісті, әр бөлшекті, сызбаға сәйкес келуін тексереді.
Театрлық костюм – бұл жауһар, оған талас жоқ. «Астана Операда» дайындалған киімдердің біразы қонақтар оларды жақыннан көруі, көрермен залынан көрінбеген бөлшектерін анықтап қарауы, өз ісінің хас шеберлері – тігін цехы қызметкерлерінің еңбегін бағалау үшін музей жәдігері ретінде спектакль алдында театр фойесіне шығарылады.