ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен танысты, сондай-ақ оқу орнының профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Министрдің айтуынша, «Шабыт» - талантты музыканттардың, хореографтардың, суретшілердің және мәдениет пен өнер саласындағы басқа да көптеген мамандардың үлкен буынын тәрбиелеген жоғары білікті кадрлар ұстаханасы.
«ҚазҰӨУ түлектері - бұл тек өзінің альма-матерінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы. Олардың шығармашылық табысы мен жетістіктерінің арқасында «Шабыт» әлемнің көптеген елдерінде танымал», - деп атап өтті Дәурен Абаев.
Қазір университет базасында мектеп, молледж, бакалавриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламалары бойынша өнер саласындағы мамандарды үздіксіз даярлау жүзеге асырылып жатқанын атап өту қажет. Сонымен қатар, 5 оқу ғимараты, 1 интернат, 2 студенттер жатақханасы, International Camp Shabyt Fantasy шығармашылық үйі бар.
Сапар барысында Дәурен Абаев мектеп, интернат, колледж және студенттер жатақханасын аралады. Бұл жерде министрге назар аударуды, әрі шешуді талап ететін нақты проблемалар айтылды. Мәселен, ғимараттардың көпшілігі 1970-1984 жылдар аралығында салынған, тозығы жеткен құрылыстар, студенттерге арналған ашық қоғамдық аймақтардың, сондай-ақ оқу және спорт үй-жайларының болмауы және т.б. Өз кезегінде Дәурен Абаев барлық түйіткілді мәселелер бақылауға алынатынына сендірді.
Сонымен қатар Дәурен Абаев ҚазҰӨУ-нің бас ғимаратына барды. Министр 2 мыңға жуық студент білім алатын бас корпустағы оқу сыныптарының жабдықталуымен танысты. Министрге дәрістерге арналған кинопавильон, кинозал және аудитория көрсетілді.
«Кино өнері және телевизия» факультетінің студенттерімен әңгіме барысында министр осы жылы қазақстандық кинокартиналарды цифрландыру бойынша жұмыс басталатынын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта көптеген кинокартиналар шет елдердің архивтерінде сақтаулы. Біз оларды одан әрі кинопрокат және отандық телеарналардың эфирінде көрсету үшін цифрландыруды бастауға шешім қабылдадық», - деді ол.