Digital Nomad Visa бағдарламасы іске қосылды: Қазақстан алғашқы резидентін қабылдады

1353
Фотосурет: depositphotos.com

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) Digital Nomad Visa бағдарламасы бойынша алғашқы қатысушыны жариялады. Ол Алжирден келген IT-маман — Абдельмаджид Белмекки. Маман қашықтан жұмыс істеу үшін Қазақстанды Өзбекстан, Сингапур және Малайзия сияқты елдердің арасынан таңдаған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ол өз таңдауын бағдарламаға қатысу бағасының қолжетімділігімен ($300) және ең төменгі табыс талаптарының болмауымен түсіндірген. Абдельмаджид виза алу процесін өте жоғары бағалап, 10-нан 10 ұпай беріп, бұл бастаманың жаһандық мамандарды тарту және стартап-экожүйені дамыту үшін үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

«Қазақстан үкіметі мен Цифрландыру министрлігіне осындай мүмкіндік үшін алғыс білдіремін. Мен Digital Nomad Visa бағдарламасына тәнті болдым. Көпжылдық тәжірибесі бар IT-маман ретінде мен Қазақстанның цифрлық дамуына өз үлесімді қосуға және оның инновациялық экожүйесінің бір бөлігі болуға ниеттімін», - деді Абдельмаджид Белмекки.

Ол сонымен қатар бағдарламаның ресми сайтындағы ақпаратты кеңейтуді, атап айтқанда салық салу, заңнама, бизнесті тіркеу және цифрлық көшпенділерге арналған жеңілдіктер туралы толық мәліметтерді қосу жөнінде ұсыныс білдірді.

Digital Nomad Visa (DNV) және Digital Nomad Residency (DNR) бағдарламалары 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылды. Игі бастама жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы жетекші шетелдік мамандарды тартуға бағытталған.

Digital Nomad Visa – Қазақстанға кіру үшін виза қажет елдердің IT-мамандарына арналған және визаны жеңілдетілген тәртіппен алу мүмкіндігін ұсынады.

Digital Nomad Residency бағдарламасы 2025 жылдың қаңтар айында басталды және Қазақстанға визасыз кіре алатын елдердің азаматтарына арналған. Ол тұруға рұқсат ету процесін жедел рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Үміткерлердің кәсіби біліктілігі мен IT-бағыттарға сәйкестігі еліміздің жетекші технопаркі — Astana Hub сарапшылары тарапынан бағаланады.

Қазіргі таңда бағдарлама аясында 21 елден 152-ден астам өтінім түсті. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Түркия, Алжир және ТМД елдері бар. Ең көп қызығушылық бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру және киберқауіпсіздік салаларындағы мамандар тарапынан байқалуда.

Бастаманы тиімді іске асыру мақсатында Министрлік барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы акселерациялық топ құрды. Миграциялық рәсімдердің күрделілігіне қарамастан, Қазақстан цифрлық көшпенділерді тартуға арналған ашық әрі тиімді тетікті енгізе алды.

Қазақстан аймақтық цифрлық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді. Ел шетелдік мамандарды тартумен қатар, отандық IT-кадрларды дамытуға белсенді түрде инвестиция салып отыр. Бұл – білім беру, акселерациялық және инновациялық бағдарламалар арқылы жүзеге асуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -