Қазақстан әскерінде 2022 жылғы 28 наурыз бен 2 сәуір аралығында болған басты оқиғалар туралы Ақмарал Оңғарова апталық жаңалықтар шолуында айтып береді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
НҚА
Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери киім кию және айырым белгілерін тағу ережелеріне өзгерістер әзірледі.
Бұл өзгерістер арқылы мемлекеттік органдар мен ведомстволардың атаулары, әскери киім кию тәртібі, мемлекеттік және өзге де наградалар, сондай-ақ әскери қызметшілердің айырым белгілері нақтыланды.
Бұйрық жобасының толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында танысуға болады.
ҚМ блогы
Қорғаныс министрінің блогына мемлекеттік сатып алуға, кадр мәселелеріне және зейнетақы аударымдарына қатысты 11 өтініш келіп түсті.
Бұрын әскери билет алу, мемлекеттік наградаға ұсыну және әскери оқу орындарына түсу туралы келіп түскен сауалдарға жауаптар жарияланды.
Жаңалықтар
Қорғаныс министрлігінде генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында атап өткен Әскери доктринаны қайта қарау жұмысының барысы айтылды.
Сондай-ақ, қорғаныс саласындағы басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Қорғаныс министрінің басшылық етуімен әскерді одан әрі дамыту мәселелері жөнінде конференция өтті.
Конференцияға қатысқан ардагерлер ұйымдарының басшылары Қарулы күштерді реформалау мен жаңғыртуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов бастаған қазақстандық әскери делегация Катардың астанасында өткен «DIMDEX-2022» теңіз қорғанысының халықаралық көрмесіне барды.
Сапар аясында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Катар мемлекеті Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әл-Нәбитпен кездесті.
Тараптар әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, сондай-ақ әскери спорт шеңберіндегі ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Бітімгершілік дайындық орталығында Қазақстан Қарулы күштерінің Тыл бастығы және қару-жарақ басқармасы мен Америка Құрама Штаттары Армияның Орталық қолбасшылығының өкілдері жұмыс бабымен кездесті.
Ақпарат алмасу барысында әскери нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық аспектілері қаралды.
«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының іс-шараларын және Президенттің оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде 2022 жылғы 28 наурыздан бастап Қарулы күштердің инженерлік-саперлік бөлімшелері Арыс пен Жамбыл облысының Байзақ аудандарындағы қоймаларда орын алған өрт салдарын жою жөніндегі жұмыстарды қайта бастады.
Қазақстанның Қарулы күштерінде мерзімді қызметтегі сарбаздарды запасқа шығару басталды.
Барлық әскери бөлімдерде Отан алдындағы борышын өткерген сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімдері ұйымдастырылуда.
Әскери қызметте ерекше көзге түскен жауынгерлер грамоталармен, алғыс хаттармен және Жауынгерлік тудың жанында түскен естелік фотолармен марапатталды.
Бас штабтың жұмыс тобы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жауынгерлік даярлық бағдарламасын қайта қарауды жүзеге асыруда.
Аталған бағдарламалар әскерлерді қолданудың жаңа тәсілдерін енгізуді қамтамасыз етіп, жеке құрамды оқыту деңгейін және бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы механикаландырылған бригаданың Шымкент қаласында орналасқан танк батальоны штаттық снарядпен бақылау атыстарын орындады.
Сабақ барысында Т-72Б танктері экипаждары іс-қимылының үйлесімділігіне және кәсіби дағдыларына ерекше назар аударылды.
Приозерск гарнизонында бөлімшелердің жоспарлы дайындығы кезінде артиллеристер Д-30 гаубицасынан іс жүзінде оқ атуды орындады.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтындағы соңғы курс курсанттары Балқаш оқу-авиациялық орталығында жаңартылған L-39 Albatros ұшақтарымен ұшуды орындады.
Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен болашақ әскери ұшқыштар ұшу техникасын меңгерді.
Әскери тағылымдама кезеңінде курсанттар ұшу жұмысын реттейтін құжаттарды және ерекше жағдайдағы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықтарды да зерделейді.
Қорғаныс министрлігінде әскери қызметтің беделін арттыру және жастарды әскери борышын орындауға ынталандыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы жалғасуда.
Көкшетау және Петропавл қалаларындағы оқу орындарда қорғаныс ведомствосының өкілдері ерлік сабақтары мен патриоттық акциялар өткізді.
Әскерге шақырылуға дейінгі жастар мен әскер жасындағылар үшін Әскери-тарихи мұражайдың жәдігерлері, қару-жарақ пен әскери техника көрмесі, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының өнер көрсетуі ұйымдастырылды.
2 сәуірде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері құрылғанына 29 жыл толуын атап өтеді.
Қарулы күштердің бұл әскер түрі Президенттің Жарлығымен 1993 жылы құрылған болатын. Бүгінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында елдің әскери қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетуде.
Атаулы күнге арналған салтанатты жиында бас қолбасшы контр-адмирал Сәкен Бекжанов Әскери-теңіз күштерінің іргетасын қалауға атсалысқан теңізшілер мен ардагерлерді құттықтап, оларға Отан алдындағы ерен еңбектері үшін алғыс айтты.
Қазақстан әскерінің 30 жылдығына арналған Қарулы күштердің XII Спартакиадасы аясында елордада Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелері арасында волейболдан чемпионат өтті.
Жарыста Жауынгерлік даярлық департаментінің командасы жеңіс тұғырынан көрінді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында армиялық қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті. Жарысқа 80-нен астам жауынгер қатысты. Командалық есепте бірінші орынды тау даярлығы бөлімшесінің әскери қызметшілері олжалады.
Өз салмақ дәрежесінде жеңіске жеткендер Отан қорғаушылар күні қарсаңында сарапқа салынатын Қорғаныс министрінің кубогы үшін сайысатын болады.