Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Отанға адал қызмет ету – ол өте үлкен абырой.Сонымен қатар, үлкен жауапкершілік болып табылады. Әсіресе, жауапкершілік жүгін қарауылда қарумен жүрген әрбір жауынгер өте жақсы сезінеді. Бүгінгі кейіпкеріміз аға сержант Ержан Айтчанов осындай азаматтардың қатарында.
Аға сержант Ержан Айтпекұлы Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімі №2 арнайы комендатураның қарауыл бастығы лауазымын адал абыроймен атқарып жүр.
Ержан 1977 жылы 15 желтоқсанда Семей облысы, Бесқарағай ауданы, Черемушка ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Орта білім беретін мектепте оқып, оны 1994 жылы аяқтаған. Мектеп қабырғасында жүргенде спортқа өте әуес болып, футболға, күреске қызығушылық танытып, түрлі жарыстарға қатысқан.
Кейіпкеріміз жоғары сынып оқып жүрген кезде әскери салаға қатты қызығып, әскери қызметші боламын деген шешімге келген.
Мектеп тәмамдап, сонау 1996 – 1998 жылдар аралығында Зайсан қаласының шекара отрядында мерзімідік әскери борышын өтеген. Сол Отан алдындағы борышын өткеріп жүрген кезде 1997 жылғы 19 қарашадан – 1998 жылғы 10 наурыз аралығында Тәжік-ауған шекарасында болды интернационалдық қызметті атқарды.
Негізінде, әскери адам болуына ықпал еткен адам – әкесі Айтпек болды. Айтпек аға Ержанның әскер қатарында болғаның қалаған. Міне, сол кезден бастап Ержан жиырма төрт жыл табандылықпен қызмет етіп келеді.
Ержан өзінің әскери қызмет жолын Ұлттық ұланның Курчатов қаласында орналасқан маңызды мемлекеттік нысандарды күзететін 3514 әскери бөлімінде бастады.
Әскери қызметшілердің біріне аға, біріне әкесіндей болып кеткен Ержан Айтпекұлы жауынгерлік қызметтегі түйгенім көп дейді.
- Біздің әскери бөлім күрделі міндеттердің бірі – маңызды мемлекеттік нысандарды күзетеді. Нысанға бөгде адамдардың кіріп, тыйым салынған заттарды алып шығып кетуіне жол бермеу сынды маңызды міндеттерді атқаратын арнайы бөлім.
Міндет өте күрделі де қиын. Мен өз міндеттерімді аса сүйіспеншілікпен орындаймын. Өзіме қатты ұнайтын болған соң, қиындыққа қарамаймын. Жауынгерлік қызметте жүрген адамға ең керегі – сабырлы мінез,-дейді ол.
Қарауыл бастығы болғаннан кейін, қарауыл қызметінің барлық бағыттарын тең алып жүремін. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге сөзбен және іспен қолдау көрсетіп отыруға тырысамын. Адамды тани білу, қарамағыңдағы әскери қызметшілерге тең қарау сынды қасиеттер бойыңнан табыла білуі шарт.
Жұбайы Қырмызы Рсалдықызы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Балалары оқудағы үлгерімдерімен, жетістіктерімен ата-анасын қызыққа бөлеуде.
Үш ұлды, бір қызды тәрбиелеп отырған Ержан өз балаларының да әскери адам болуына қарсы емеспін дейді:
- «Әке көрген оқ жонар» демекші, балаларым да болашақта әскери қызметші боламын дейді.Мен балаларыма қолдау беремін. Отан қорғау – абыройлы іс. Абыройлы істі абыроймен алып жүргенге не жетсін! – дейді Ержан.
Нағыз маман, тәжірибелі қарауыл бастығы аға сержант Ержан Айтчановқа қарап, қарауыл қызметі – сенімді қолда екенін байқауға болады.
Сержант Абзал Қанатов, 3514 әскери бөлімі