Барлық мемлекеттік кәсіпорындарға арналған бірыңғай кадрлық рәсімдер стандарты бекітілді

1397
Фотосурет: Gov

Қазақстанда мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерін жұмысқа қабылдау мен жұмыстан шығарудың жаңа қағидасы бекітілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерін жұмысқа қабылдау, еңбек шартын бұзу, сондай-ақ көтермелеу мен тәртіптік жазалау шараларын қолданудың жаңа қағидасын бекітті.
Тиісті №97 бұйрық 2025 жылғы 29 қыркүйекте "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңның 139-бабы, 7-тармағын іске асыру мақсатында қабылданды.

Құжатты қабылдау мемлекеттік сектордағы кадрлық рәсімдердің ашықтығын, айқындығы мен әділеттілігін арттыруға бағытталған. Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік кәсіпорындардағы бос лауазымдарға конкурс өткізудің бірыңғай тәртібі енгізіліп отыр. Енді әрбір бос орын нақты, бірыңғай қағидаларға сәйкес толтырылады.

Бекітілген нормаларға сәйкес, үміткер біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, жұмысқа қабылдау жұмыс берушінің шешімімен немесе конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурсты кәсіпорынның өзі өткізеді. Ол бірнеше кезеңнен тұрады: біліктілікті бағалау, әңгімелесу және конкурстық комиссияның шешімі.

Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конкурс туралы хабарландырулар кәсіпорынның және уәкілетті органның интернет-ресурстарында құжаттарды қабылдау аяқталудан кемінде 15 күнтізбелік күн бұрын орналастырылады. Үміткерлер өтінішпен бірге білім туралы, еңбек өтілі туралы мәліметтерді және сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы ұсынуы қажет.

Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданып, хаттама арқылы ресімделеді.

Сонымен қатар, құжатта көтермелеу мен тәртіптік жаза шарасын қолдану, сондай-ақ еңбек шартын бұзу Еңбек кодексінің ережелеріне сәйкес  реттеледі.

Жаңа Қағидаларды іске асыру кадрлық үдерістердің бірыңғай стандартын қалыптастырып, еңбек тәртібін нығайтуға және қызметкерлерге дем беру мен жауапкершілік жүктеудің әділ жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне еніп, ресми жариялануы тиіс.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -