Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

1289

Бүгінде біздің қоғам Мемлекет басшысы жариялаған, Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі өзгертіп, Екінші республикаға өтуді қамтамасыз етуге арналған реформалар пакетін кеңінен талқылауда. Ұлттық тарихымыздың жаңа да оң кезеңнің қарсаңында тұруы ірі өзгеріс ретінде қызу пікірталас тудырғаны заңдылық.

Талқылау барысында айтылған барлық пікірлерге мән берсек, біраз азаматтың, тіпті сарапшылардың өзі жоғарыдағы ұғымды толық түсінбейтінін байқауға болады.

Терминнің өзі Франция тарихынан бастау алады. XVIII ғасырдың аяғында басқарудың республикалық үлгісі қабылданған соң, бұл елді бес түрлі республика билеп үлгерді. Саяси жүйенің эволюциясын анықтап, мемлекеттік құрылымдардың өзара сабақтастығын айқындау мақсатында мемлекет саясатының тарихы кезеңдерге бөліп қарастырылады.

Бірінші республика 1792 жылы Ұлы француз революциясының тұсында, абсолюттік монархия жойылып, Франция Республикасы құрылған кезде жарияланды.

1848 жылы құрылған Екінші республика халық сайлауын енгізіп, мемлекет басшысының өкілеттігін кеңейту арқылы рөлін айтарлықтай күшейтті.

1870-1940 және 1946-1958 жылдары билік құрған Үшінші және Төртінші республикалар парламенттік республиканың жарқын үлгісі болғанымен, бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленді. Мәселен, классикалық парламенттік республиканың атқарушы билігі парламент сайлайтын премьер-министрдің қолында болса, Францияның атқарушы билігі депутаттар сайлайтын әрі үкіметті тағайындайтын президенттің қолында болды.

1958 жылы құрылған Бесінші республика билігін әлі де жалғастыруда. Төртінші республиканың орнына келген ол ел басқару үлгісін президенттік-парламенттік үлгіге ауыстырды. Бұл жүйенің ерекшелігі халық сайлаған президенттің үкіметті парламент келісімімен тағайындап, билікті премьер-министрмен бірге жүргізуінде болды. Бесінші республиканың негізін француз қаһарманы, генерал Шарль де Голль қалады. Дәл Бесінші республиканың тәжірибесі 1995 жылы қабылданған Қазақстанның қолданыстағы Конституциясына негіз болды.

Бұл үлгідегі классификация кейін халықаралық тәжірибеге, атап айтқанда, Бразилия, Грекия, Испания, Польша және бірқатар басқа елдердің тарихына да кең тарады.

Ал біздің жағдайда, қазіргі Қазақстан ахуалының тұсында Екінші республика туралы сөз қозғаған орынды ма? Ұсынылып отырған билік құрылымының Екінші республикаға балайтындай бүгінгі саяси жүйеден айырмашылығы бар ма?

Әлбетте. 1995 жылғы Ата заңға сәйкес құрылған президенттік республиканың кейінгі конституциялық реформалар барысында суперпрезиденттік республикаға айналғаны көпке мәлім. Мұндай саяси конфигурацияның сол кезеңдегі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, дамуында маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Алайда демократиялық институттар мен саяси мәдениет нығайып, азаматтық қоғам кемелденген сайын саяси жүйені бүгінгі сынақтарға бейімдеу мәселесінің өзектілігі де артып келеді.

Жоспарланған реформалар билікті орталықсыздандыруға және суперпрезиденттік басқару түрінен ықпалды парламенті мен тиімді мемлекеттік аппараты бар президенттік республикаға көшуге бағытталған.

Бұл тек жалпылама ғана. Екінші республикаға айналдырар өзгерістер қарапайым адамға, оның мүддесі мен қажеттіліктеріне бет бұруды, азаматтық қоғамды мемлекетті басқару үдерісіне кеңінен қатыстыруды көздейді. Басқаша айтқанда, азамат басқарудың объектісі емес, билік органдарымен белсенді және тең серіктестік негізінде әрекет ететін субъектісі болмақ.

Қоғам мен билік арасындағы жаңа қатынастарды азаматтардың белсенді қолдайтынына кәміл сенетін Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев әу бастан-ақ «халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын жариялады. Сондықтан да маңызды мемлекеттік шешімдерге қазақстандықтардың әсер етуіне мүмкіндік беретін тетіктерді кеңейтуге ден қойылып отыр.

Мәселен, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалдық моделі сайлаушылардың көзқарасы мен пікірін толық қамтуға мүмкіндік береді. Ал аудандық, қалалық мәслихаттарға енгізілмек мажоритарлық сайлау жүйесінің арқасында қазақстандықтар мәслихатқа қандай да бір партияға мүше емес азаматты не өзін ұсына алады. Сондай-ақ бір мандатты округ сайлаған депутаттың жұмысына көңілі толмаған азаматтар депутатты өкілеттік мерзімі аяқталмастан қызметінен босата алады. Бұрын ондай мүмкіндік болмайтын. Мұның бәрі халық қалаулылары мен оларды сайлаушылардың арасындағы кері байланыс пен жеке жауапкершілікті күшейтпек.

Ел басқару ісіне азаматтарды жаппай тартуға саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету үдерісі ықпал етуі тиіс. Осы мақсатта партия мүшелерін тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін, партия өңірлік өкілдіктерінің ең аз саны 600 адамнан 200 адамға дейін, партия құру жөніндегі бастамашыл азаматтар тобының саны 1 мың адамнан 700 адамға дейін қысқартылды. Филиалдарды құру мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін, құрылтай съезін өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұзартылды. Бұл жаңа шарттардың арқасында бүгінде 30-ға жуық жаңа партия ашылуға ниет танытып отыр.

Біз сөзімізге құлақ асатын, құқығымызды қорғайтын әділ, демократиялық мемлекет құруға ұмтылып келеміз. Себебі мүшелерінің конституциялық құқығы сақталмаған толыққанды азаматтық қоғамды қалыптастыру өте қиын.

Бұдан былай қолданыстағы кез келген нормативті-құқықтық акт тарапынан қазақстандықтардың құқығы мен еркіндігіне нұқсан келтірілсе, өз құқығын қорғау мақсатында ел азаматтары Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіне алады. Арыздың дұрыстығы дәлелденсе, Конституциялық сот Ата заңға қайшы келетін кез келген заңның немесе өзге де құқықтық акттің күшін жоюға құқылы.

Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық кепілдігі мен иммунитетін бекіту, өлім жазасын жою сияқты енгізулер азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау тетіктерін нығайтады. Яғни бұл өзгерістер өзекті мәселелерді билікпен бірге шешіп, ұлт болашағы алдындағы жауапкершілікті билікпен тең бөлісетін азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған.

Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстардың мемлекетке емес, халыққа тиесілі екенін белгілейтін конституциялық түзетудің орны да ерекше. Яғни мемлекет енді меншік иелігін тек халық атынан жүргізе алатын болады.

Жалпы, конституциялық реформа аясында Негізгі заңның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Демек, бүкіл құжаттың үштен бір бөлігіне енгізілетін түзетулер 2,5 мыңға жуық заңды қамтымақ. Бұл дерек алдағы реформалардың ауқымын толықтай айғақтайды.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 80%-ға жуығы референдум өткізуді қолдаса, оған қатысуға кәмелет жастан асқан азаматтарымыздың 66,4%-ы ниетті. Бұл көрсеткіш қоғамның әлеуметтік-саяси өмірдегі ауқымды өзгерістерге дайын екенін көрсетеді.

Бұған қайта құрудың мазмұны мен сипатына қатысты қоғамда өрбіген пікірталас та дәлел. Қазір сан алуан, тіпті бір-біріне қарама-қайшы пікірлер де айтылып жатыр. Бір азаматтар реформаларды жеткіліксіз санаса, басқа біреулер оларды аз-аздап жүргізудің қажеттігін алға тартады. Ақиқатты әдеттегідей өзектен іздеуіміз керек. Бірақ реформалардың әбден жетіліп-піскені анық. Референдум нәтижесінде реформалар қолдау тапса, оларды жүзеге асыру үлкен, жауапты істі талап ететін болады.

Президент жүйелі демократиялық реформаларды ұсыну арқылы шешуші қадам жасады. Өмірімізді жақсы жаққа қарай өзгерту үшін ендігі қадамды азаматтық қоғам, яғни сіз бен біз жасауымыз тиіс. Ал бұл бағыттағы алғашқы қадамымыз алдағы референдумға қатысу болмақ. Референдумды қолдау деңгейінен қоғам мен азаматтардың өз өмірі мен мемлекет алдындағы жауапкершілікті атқаруға қаншалықты дайын екені белгілі болады.

Мысал іздеп, алысқа кетудің қажеті жоқ. Екі жылдай уақыттан бері тұрғын үй мәселелері бойынша басқару үдерісіне азаматтарды тартуға бағытталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының реформасы жүзеге асырылып жатыр. Тарту жұмысы МИБ (меншік иелерінің бірлестігі) тетігі арқылы жүзеге асырылады. Өкінішке қарай, алғашқы тәжірибеге сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысына көңілі толмайтын азаматтар жағдайды әлеуметтік желілердің чатында ғана сынамаса, іс жүзінде үйді абаттандыруға асықпайды. Көбінде бастамалардың бәрі әу басында, өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешуге бағытталған жиналысқа тұрғындардың жинала алмаған сәтінде-ақ күйрейді.

Қазақстанымыз да – барша ел азаматтарына ортақ үй. Демек, болашағымыз тікелей өзімізге ғана байланысты. Тарихи өзгерістердің орнын бекітіп, нақты іске кірісу үшін референдумда Жаңа Қазақстанға дауыс беру арқылы Президентіміздің қасына жиналып, ол ұсынған реформаларды қолдайық!

Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -