Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде ерлігімен, жанқиярлығымен және жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленген Ұлттық ұлан әскери қызметшілерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Мемлекеттік наградаларды әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыс етті. Құттықтау сөзінде ол қазіргі ұрпақ ата-бабалар салған ізгі жолын абыроймен жалғастырып келе жатқанын атап өтті:
– Сіздерді ерліктің символына айналған қос мереке – Отан қорғаушылар және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн - халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің, тарих алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы «Тәуелсіз елдің қорғаны мықты болуға тиіс. Отанды қорғау әр азаматтың қасиетті борышы» деген болатын. Бүгінде Ұлттық ұлан жауынгерлері мен полиция қызметкерлері бұл міндетті абыроймен атқарып келеді, – деді ведомство басшысы.
Марапатталғандардың қатарында күнделікті қызметте де, төтенше жағдайларда да ерекше көзге түскен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бар.
Қызметтік борышын мінсіз атқарғаны, антқа адалдығы мен кәсіби шеберлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жауынгерлік дайындық Бас басқармасының бастығы полковник Нұрлан Мұхамедов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5546 әскери бөлімі командирінің орынбасары - штаб бастығы подполковник Сәмед Кұлахмедов марапатталды.
Ерекше ерлік көрсеткендердің бірі – «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 6697 әскери бөлімінің командирі полковник Талғат Абдиров. 2024 жылғы сәуір айында ол Қостанай облысындағы құтқару операциясына басшылық етіп, бір жарым сағат ішінде 500 шақырымнан астам марш ұйымдастырып, Тәуіш ауылын су басудан қорғау және тұрғындарды эвакуациялау іс-шараларын сәтті басқарды. Көрсеткен табандылығы мен жанқиярлығы үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Дәл осы медальмен Ұлттық ұлан Академиясының 1-оқу батальонының командирі, кәсіби шеберлік байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы, 2024 жылы рес-
публикалық деңгейде үздік әдіскер-батальон командирі деп танылған полковник Рауан Усбанов та марапатталды.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 7552 әскери бөлімінде құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы, аға сержант Өркен Мәжит азаматтық жауапкершілік пен шынайы батырлық танытты. 2024 жылғы 27 мамырда Алматы қаласында ол бейбіт тұрғынға жасалған қастандықты дер кезінде тоқтатып, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл қызметтерді шақырды. Оның батыл әрекетінің арқасында қылмыскерлер дереу ұсталып, сот үкімімен жазаланды. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің 2-бақылау-
шылар взводының маманы, сержант Жаннат Халилова да қырағылық танытып, ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған заттардың өткізілу әрекетінің алдын алды. Ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Сондай-ақ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков мемлекеттік награда алған әскери қызметшілерді құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
Салтанатты рәсім – еліміздің қауіпсіздігі, құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі болды.
— Мен бұл орденді жеке басымның емес, өзіммен бірге сапта тұрған сарбаздардың, туған елдің, халқымның аманатын арқалап алдым. Бұл Мемлекет басшысының бізге зор сенім артқанын айғақтайтын нышан деуге болады. Бұл марапат – менің емес, бәріміздің ерік-жігеріміздің, антымызға адалдығымыздың, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміздің белгісі. Алдымызда алар асу көп. «Айбын» – тек кеудемде жарқыраған белгі ғана емес, жүрегімде жанған от. Сол от ешқашан сөнбейді, – деді полковник Атабек Салықбаев.
Салтанатты шара барысында бір топ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен ішкі істер органдарының қызметкерлеріне «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін» медалі, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі, ҚР ІІМ грамотасы мен алғыс хаттар табысталды.
Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шара одан әрі еліміздің эстрада жұлдыздары және Ұлттық ұланның ән-би өнерпаздары қатысқан мерекелік концертке ұласты.
Аға лейтенант Нурдәулет Мергенбек