Жаңа Қазақстан құруға жаңа қадам

682

Еліміз жаңа саяси-экономикалық өзгерістер алдында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаулысымен 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға.

Президент ұсынған мемлекетіміздің Негізгі заңына түзетулер енгізу бастамасы саяси-құқықтық саланы жетілдіруге, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Қазір әлемде болып жатқан шиеленістер мен экономикалық дағдарыс салдары біздің елімізге де айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Жаhандық сын-қатерлер бұрынғы қалыптасқан қағидалар мен ережелерді қайта қарауды талап етуде. Жаңа сын-қатерлерге төтеп беру үшін қоғам уақыт талабына сай дамуы тиіс.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Біз ынтымақ пен бірлігіміздің арқасында әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарды дамытып, жаңа Қазақстанды құруға қадам басқалы тұрмыз. Конституциялық өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Жалпыхалықтық референдумның өткізілуі дер кезінде қабылданған саяси шешім екені даусыз. Елдегі ауқымды саяси жаңғыруға бастамашы болған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселе қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты талқыланды. Сарапшылар мен азаматтық белсенділер өз бағасын берді. Барлық ұсыныстар кең ауқымды қолдауға ие болды. Алға қойған мақсатымызды тиімді іске асыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болды», – деп атап өтті.

Алдағы референдум қалыптасқан мемлекеттік модельді  кешенді түрде трансформациялауды көздейді. Ата Заңның 33 бабына енгізілген өзгерістер бүкіл Конституцияның үштен бірін құрайды. Осы реформадан Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталатынын әрбір Қазақстан азаматының түйсініп, ұғынуы аса маңызды.

Жыл басындағы қаңтар оқиғасы елімізде, жалпы қоғам өмірінде, атап айтқанда: саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті. Сондықтан бұл реформалардың түбегейлі жаңа конституциялық деңгейде қабылдануы – уақыттың қатал талабы.

Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бүгінгі таңда  Екінші Республиканың даму сатысына қадам басқанын атап өткен еді. Бұл термин елімізде күрделі де жан-жақты әлеуметтік қайта құру үдерісінің жүріп жатқанынан хабар береді. Демек, «Екінші Республика – мемлекеттік модельдің жаңаруы».

Президент Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу қажеттігі туралы айта отырып, халық билігінің айқын көрінісі саналатын «плебисцит» терминін бірнеше рет қолданғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Қазақстанда демократияның осынау тиімді институты толық пайдаланылмады. Ал жаңа Қазақстанды құрудың жаңа кезеңінде біз еліміз үшін осындай тағдырлы шешімдерді көпшілік алдында қабылдауға тиіспіз», – деген болатын.

Ел күтіп отырған бүгінгі реформалар мемлекетіміздің саяси және экономикалық жүйесін түбегейлі өзгертуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, азаматтық қоғамды қолдау мен дамытуға, мемлекеттік билікті шектеуге, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болмақ.

Мәселен, Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген өзгеріс енгізілуде. Мемлекет басшысы: «Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы норманың түпкілікті бекітілуі үлкен саяси мәнге ие болады, болашақта кез келген сәйкессіздіктерді болдырмайды», – деп атап өтті. Осылайша мемлекет жерді, жер қойнауын, суын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарды пайдалану сапасы үшін халық алдында жауап беретін болады.

Ата Заңның жаңа редакциясында ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық-құқықтық тетігін нығайтуға ерекше назар аударылып отыр. Қазақстанда Конституциялық сот құрылады. Мұндай сот әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді. Оған әр адам қолданыстағы заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер туралы, сондай-ақ оның құқықтары бұзылған жағдайда жүгіне алады. Конституциялық сотқа жүгіну құқығы бас прокурорға, адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Сарапшылардың пікірінше, конституциялық соттың құрылуы тежеу әрі тепе-теңдік жүйесін, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтеді. Азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей және өз бетінше жүгіну құқығын беру олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың неғұрлым тиімді құралы саналады.

Өлім жазасына толық тыйым салу да жаңа норма. Біздің құқықтық жүйеміз адамның табиғи құқықтарының басымдығын тануға негізделеді. Адамды өз құқығы мен бостандығынан ажырату мүмкін емес, ол абсолютті түрде дүниеге келген сәттен бастап әр адамға тиесілі.

Елеулі жаңалықтың бірі – конституциялық деңгейде омбудсмен институтының енгізілуі. Ол демократиялық елдердің  барлығында тиімді  жұмыс істейді. Көптеген Еуропа елдерінде омбудсменді Парламент тағайындайды, оның әр алуан түрлері де бар. Әсіресе балалар омбудсмені институтының маңызы ерекше. Негізгі заңға омбудсмен туралы норманың енгізілуі және «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» конституциялық заңның қабылдануы оң нәтижелер беріп отыр.

Айта кетейік, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституцияның 83-1-бабында бөлек көрсетіледі. Омбудсмен егер тұлға мен азаматтың құқығы  мен бостандығы бұзылса, соны қалпына келтіреді әрі оларға көмек береді.

Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге қатысты жаңа ережелерді де атап өткен орынды. Мәжіліс депутаттары көпшілік дауыспен кез келген заң жобасын қабылдамауға құқылы. Қабылданбаған заң жобасы әзірленген орынға кері қайтарылады. Парламент Сенаты енді заң шығармайды. Заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат көпшілік дауысымен бекітеді.

Сондай-ақ Президенттің өкілеттігіне де бірқатар өзгерістер енеді. Парламент өкілеттігі күшейтіледі. Бұл түзетулер суперпрезиденттік жүйеден Парламенті мен тәуелсіз Үкіметі мығым президенттік республикаға көшуді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша Негізгі заңға енгізілген өзгерістер мемлекет және адам құқығы мен бостандығын қорғау тетігін одан әрі жетілдіруді көздейді. Сондықтан 5 маусымда өтетін референдумда конституциялық реформаларға өз көзқарасын білдіру – әрбір қазақстандықтың міндеті.

Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы халық арасында түсіндіру, талқылау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына тәжірибелі сарапшылар, уәкілетті органдардың өкілдері, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құқықтанушы ғалымдары кірді. Бұл бағытта ҚазҰУ ұжымы да белсенді жұмыс атқаруда.

Университетте референдум қарсаңында бірқатар  іс-шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен саясаттанушылар конгресі өтіп, саяси реформалардың тиімділігі талқыланды. Сондай-ақ  Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, саясаттанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері университеттің оқытушы-профессорлық құрамымен, студент жастармен кездесулер өткізді.

Алдағы референдум – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды қадам. Саяси өзгерістерден ғылыми қауымдастық шет қалмауы тиіс. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар, білікті мамандар ғана құра алады. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, оң өзгерістер үшін өз таңдауымызды жасайық.

Жансейіт Түймебаев, Басқарма төрағасы – Ректор

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -