Осы жылы қажетті өнім көлемінің болуына және ішкі нарықта тапшылықтың болмауына қарамастан, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Осы орайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өтті. Оның айтуынша, ай сайынғы қажеттілік 26 мың тонна болса, бүгінгі күні пияз қоры 35 мың тоннаға жуықты құрайды.
«Маусым айынан бастап ерте пияз жиналуда. Ерте пісетін пияздың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде, оның бүгінгі күні 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған. Соңғы уақытта пияз шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатыр, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайды. Себебі ерте пісетін пияздың сақталу мерзімі өте қысқа. Сондықтан үш айдың ішінде 90 мың тонна пиязды қазақстанда толықтай тұтыну мүмкін емес. Оның бұзылып, тұтынушыға жетпей қалу қаупі жоғары. Бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда шешіледі. Сонымен қатар, қазіргі уақытта министрлік Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыстар, қалалар әкімдіктері арасында келісімшарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде. Кездесу қорытындысы бойынша пиязды сату бағасы 220 теңгеден 110 теңге/кг-ға дейін төмендеді», - деді АШМ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде.
Е.Қарашөкеевтің айтуынша, қыркүйектен бастап күзгі пиязды жинау басталады. Оның көлемі 1 млн тоннадан астам болады деп болжануда, ол ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді. Демек, пияз көлемі жеткілікті және шектеу шараларын енгізудің қажеттілігі жоқ.