Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қызметтік міндетін атқару барысында қырағылық пен жедел іс-қимылдың жарқын үлгісін көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елордадағы Нұра ауданы саябақтарының бірінде әскери жасақтың бастығы, қатардағы жауынгер Мақсат Исатаев пен патрульдеуші қатардағы жауынгерлер Нұрбақыт Әуесбек пен Ботығай Балтабай әйел адамның қараусыз қалған сөмкесін байқап қалған. Олар дереу бұл жөнінде кезекшіге баяндап, сөмкені жақын маңдағы полиция бекетіне жеткізді.
Полиция қызметкері ішіндегі құжаттарды тексеріп, сөмке иесін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы анықтады. Азаматшаға жедел хабар беріліп, ол қысқа уақыт ішінде оқиға орнына келіп, сөмкенің өзіне тиесілі екенін растады. Әйел адам әскери қызметшілерге адалдығы мен қырағылығы, азаматтық ұстанымы үшін алғысын білдірді.
Бұл оқиға — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздарының жауапкершілігі мен тәртіпке берік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.