«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қостанай облысында жұмысын бастады

13717

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ел өңірлері бойынша қозғалысын жалғастыруда. Жылжымалы құрам 2022 жылдың 11 қыркүйегінде Қостанай облысына барды. Онда өңірдің 9 шалғай ауылының тұрғындары жоғары білікті мамандардан кеңес алады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

«Саламатты Қазақстан» пойызы бірінші Қостанай облысы аумағындағы Сарыкөл станциясына тоқтайды. Дәрігерлер мұнда пациенттерді 11-12 қыркүйек күндері қабылдайды. Медицина қызметкерлерін 13-14 қыркүйекте – Жаркөлде, 15-17 қыркүйекте – Тоғызақта, 18-19 қыркүйекте – Зааятта, 20-21 қыркүйекте – Қазанбасыда, 22-23 қыркүйекте – Қойбағарда, 24-25 қыркүйекте – Ковыльнаяда, 26-27 қыркүйекте Тасты-Талдыда және 24-25 қыркүйекте Фурмановскийда күтеді.

Медициналық пойыздың дәрігерлері Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмысын қорытындылады. Мұнда алғашқы медициналық және консультациялық көмекті 3108 адам алды, олардың ішінде 402-сі бала.

Дәрігерлердің айтуынша, СҚО тұрғындарында көбіне ұйқы безінің кистасы, пульпа және периапикальді тіндердің аурулары, бүйрек және несепағар тастары, созылмалы обструктивті пиелонефрит, тұзды диатез аурулары анықталды. Статистикаға сәйкес, «Саламатты Қазақстан» пойызының ең сұранысқа ие мамандары: хирург, құлақ, мұрын, көз және тіс дәрігері.

Акушер-гинеколог Гүлмира Бердали 2 айдан астам уақыт бойы медициналық пойызда қабылдау жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде ол үш облыстың шалғай ауылдарының тұрғындарына көмек көрсетті.

«Өкінішке қарай, ауылдарда тұратын әйелдер күнделікті тірліктен қол үзе алмағандықтан гинекологқа сирек барады. Маған 15-20 жыл бойы маманның қабылдауында болмаған пациенттер келді. Ал гинекологиялық тексеруден жылына кемінде бір рет өту керек. Біз оларды тексереміз, ауруларын анықтаймыз. Кейде емдеу тәсілдерін өзіміз тағайындаймыз, ал қандай да бір жағдайларда облыстық ауруханаларға қосымша кеңес алуға жібереміз» Гүлмира Бердали

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Гүлмира Бердали қазақстандықтарға денсаулықты сақтау үшін медициналық тексеруден жыл сайын өту керегін еске салады.

Акушер-гинекологтан басқа медициналық пойызда терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, құлақ, мұрын және тіс дәрігері, хирург, уролог, маммолог сияқты мамандар жұмыс істейді.

«Біз барлық пациентті қабылдаймыз – балалардан ересектерге дейін. Біздің мамандар бірлесе, жедел жұмыс істейді. Егер азаматтар денсаулығына байланысты біздің арнайы жабдықталған кабинеттерге көтеріле алмаса, онда пойыздың дәрігерлері оларға өздері түсіп, сол жерде сұрақтарын қояды» Аман Қасенов, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі

Пойыз барлығы 67 станцияны жүріп өтеді. Қазіргі таңда дәрігерлер 40-тан астам ауылдың тұрғындарын тексерді.

Пойыздың құрамында жеті мамандандырылған вагон бар, олардың төртеуі – жабдықталған медициналық кабинет. Ол ультрадыбыстық кабинет, зертхана, стоматологиялық жабдықтар және тағы басқаларымен қамтылған. Екі ұйықтайтын вагон, бір мейрамхана және тағы біреуі пойызды үздіксіз энергиямен қамтамасыз ететін техникалық вагон бар.

Медициналық пойыздың мамандарына тексерілуге кейбір тұрғындар отбасы болып келеді. Махасовтар отбасы дәрігерлерден кеңес алу үшін екі кішкентай баласымен келді.

«Біз бүгін хирург, УДЗ маманы, кардиолог және тіс дәрігеріне бардық. Дәрігерлер өте мұқият қарады. Біз тұрғындарға ауылдан шықпай-ақ, шаруашылығын тастамай-ақ тексеруге мүмкіндік берілгеніне қуаныштымыз» Жайсан Махасова, жас ана

«Саламатты Қазақстан» пойызы СҚО-дан бөлек, Ақмола облысының станцияларына да қызмет көрсетті. Алайда бұл аймақта жұмыс әлі аяқталған жоқ, дәрігерлер ол өңірге 4-9 қазан аралығында оралып, тағы 3 станцияның тұрғындарын тексереді.

Естеріңізге сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» «Жәрдем» пойызымен бірге медициналық қызметке мұқтаж шалғай станциялардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативті-диагностикалық көмек көрсетеді. «Жәрдем» медициналық пойызы Түркістан облысының тұрғындарын қабылдап жатыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -