Автосақтандырудағы сақтандыру жағдайын реттеу кезінде халықтың мүддесін қорғау

937

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаеваның түсініктемесі.

Қолданыстағы заңнама автокөлік иелеріне жол-көлік оқиғасы салдарынан үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залал үшін өз жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруды жүктейтіні белгілі. ЖКО болған жағдайда сақтандыру компаниясы зардап шеккендерге келтірілген залалды мынадай мөлшерде өтейтіні көзделген:

  • бір зардап шегушінің мүлкіне келтірілген зиян – 600 АЕК-тен аспайды;
  • мүгедектік белгіленбей мертігу, жарақат алу немесе денсаулықтың өзге де зақымдануы – 300 АЕК-тен аспайды;
  • әрбір зардап шегушінің қаза болуы – 2 000 АЕК мөлшеріндегі біржолғы төлем.

Бұл ретте Автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес зардап шегуші қайтыс болған жағдайда біржолғы төлем қаза тапқан адамның асырауындағы жақын туыстарына не оны алуға құқығы бар өзге де адамдарға төленеді.

«Алайда, өкінішке қарай, ЖКО салдарынан адам қайтыс болған жағдайда, оның асырауындағы адамдар (әдетте, бұл балалар) сақтандыру төлемін алуға құқылы екенін азаматтардың барлығы біле бермейді» Әсел Әмірбаева

Қайтыс болғандардың туыстары мұндай өтінішпен сақтандыру компаниясына сирек жүгінеді. Осыны пайдалана отырып, белгілі бір тұлғалар сыйақыға сақтандыру компаниясынан азаматтарға сақтандыру төлемін алу бойынша делдалдық қызметтер ұсынады. Бұл ретте сыйақы мөлшері сақтандыру төлемінің 50%-на жетуі мүмкін.

Осылайша, жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған адамның туыстары өтемақы ретінде алатын ақшаны «көмекшілердің» қызметтерін айналып өтіп, сақтандыру компаниясына тікелей жүгінгенде алатын ақшадан әлдеқайда аз алады.

Бұл ретте сақтандыру төлемін алу процесінің өзі ашық болып табылады, ал қажетті құжаттардың тізбесі Автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңда егжей-тегжейлі сипатталған. Қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар не олардың өкілдері көрсетілген соманы алу үшін сақтандыру компаниясына өтінішпен жүгінулері қажет.

«Агенттік сақтандыру компанияларымен бірлесіп азаматтарды сақтандыру төлемін алу мәселесі бойынша олардың құқықтары туралы хабардар ету жұмысын тұрақты негізде жүргізіп отырады» Әсел Әмірбаева

Сондай-ақ, Агенттік Автокөлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізді, енді сақтандыру компаниясы адам шығыны болған ЖКО жағдайында қайтыс болған адамның сақтандыру төлемін жүзеге асыру мақсатында, оның пайда алушыларын айқындау шараларын қабылдауға міндетті. Ол үшін сақтандыру компанияларына тиісті мемлекеттік органдардан деректермен алмасу тетігі арқылы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік беру жоспарлануда.

Осылайша, қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды іздеу және анықтау рәсімі сақтандыру компаниясының міндеті болады. Сақтандыру ұйымдары сақтандыру төлемдерін қайтыс болған адамның туыстарына тікелей төлейтін болады.

«Осындай өзара әрекет ету кезінде «көмекшілер» қызметтері біртіндеп өзектілігін жоғалтады деп санаймыз» Әсел Әмірбаева

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -