Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде қыркүйек айында бастау алған күзгі әскерге шақыру науқаны қарқынды жалғасуда, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Күзгі әскерге шақырылым бойынша Аягөз ауданы көлемінде биылғы жылы 150-ге жуық азаматты әскер қатарына жіберу жоспарланған. Әскерге шақыру қызметі мамандарының айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру уақытында бозбалалардың жұмыс орны, отбасылық жағдайы мен денсаулығы мұқият тексеріліп, зерделенеді.
Әскерге шақырылушылардың алғашқы командасы мемлекет шекарасын қорғауға жасақталады. Атап айтсақ, қазан айының соңына дейін аудан көлемінен 30-ға жуық бозбала ҚР ҰҚ комитетінің Шекара қызметінде борыштарын өтеуге аттанады. Ал, бұдан бөлек әскерге шақырылушылар ҚР Қарулы күштерінің әртүрлі әскерлерінің сарбаздар қатарын толтыратын болады, – деді Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің әскерге шақыру қызметінің инспектор-маманы Самал Биғабатова.
Отан алдындағы борышын өтеуге 18 бен 27 жас аралығындағы орта білім мен жоғарғы оқу орындарын аяқтаған ерік-жігерлері мықты жас жігіттердің қатары баршылық. Солардың бірі Ермек Бейсембеков Отан қорғау әрбір жігіттің азаматтық парызы деп есептейді.
– Әскерге шақыру туралы SMS хабарлама алып, қазіргі уақытта Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде медициналық тексеруден өтіп жатырмын. Денсаулығыма шағымым жоқ. Болашақта, десанттық шабуылдау әскерлерінде қызмет еткім келеді, – деді әскерге шақырылушы Ермек Бейсембеков.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет өткізіледі. Биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңында аяқталмақ.