Амансыз ба, анашым! Хал-жағдайларыңыз жақсы ма, ағайын, туыс-бауырлар барлығы аман ба? Жұмысыңыз қалай, шаршамай жүрсіз бе, мен кеткелі үйдің бар тіршілігі өзіңізге қалды, денсаулығыңыз жақсы ма? Бауырларым Рахымжан, Айзеренің оқулары қалай? Күн салқындады, жылы киініп жүріңіздер, өздеріңе деген сағынышым келген қоңыр күзбен күшеймесе, басылар емес, бәріңді сағындым.
Өзіме келсем, менде бәрі жақсы, мені көп уайымдамаңыз, мен қазір нағыз жауынгер болғанмын. Достарым да көп. Әрқайсымыз әр қаладан келсек те бір ортада тез тіл табысып әңгімеміз жарасып кетті. Анашым, менің колледжде алған білімім мен кішігірім өнерім әскерлік өмірде де қажетіме жарап жатыр. Әр демалысты қарулас достарыммен ән айтып, кішігірім концерттер ұйымдастырып көңілді өткіземіз. Командирлерім де менің өнерімді бағалап ұйымдастырушы ретінде сайлап қойды. Анашым, біз Тараз қаласында орналасқан Айша-бибі далалық оқу жаттығу орталығында 20 күннен аса нағыз жауынгерлік қызмет атқардық. Артиллериялық-зениттік дивизионда болған соң, біздің дивизионның миномет, зенит сияқты қаруларын тәжірибе жүзінде пайдаланып, қолданыстан өткіздік. Мен сонда маман – сарбазбын.
Командирлерім көп нәрсеге үйретті. Мен ел басына күн туғанда қолына кез-келген қару алар нағыз сарбаз бола бастағандаймын. Сапқа тұрып, бұйрық орындап жүрсек болды дегеніміз бекер екен, талаптансаң әскерде алар білім мен тәжірибе өте көп. Бұл менің алдағы өміріме сөзсіз қажет болады. Күнделікті жауынгерлік қызметке түсеміз, спортпен айналысамыз, командирлеріміз әртүрлі іс-шаралар өткізеді, бізде бос отыруға мүлде уақыт жоқ. Жақында ған әскери бөліміміздің құрылғанына 60 жыл толуына орай үлкен салтанатты мерекелік концерт өтті. Мен онда командирлеріме концертті ұйымдастыруға көмектестім. Мен мұнда тек қана шыңдалу үстіндемін. Әскер мектебінен өтіп жатқанымды мақтан тұтамын. Отанымның тыныштығы, отбасымның амандығы үшін кішкентай болса да өз үлесімді қосып жатырмын.
Бізде қазір осыдан 1 жыл бұрын келген қарулас достарымыз мерзімдік қызметтерін аяқтап, кетуге дайындалып жатыр, Қызық әрине, бұл күнге мен де жетермін. Анашым, болашаққа қойған жоспарларым, мақсатым өте көп, сүйенішім өздерің ғана, мені күтіңіздер. Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып елге ораламын.
Сәлеммен, ұлдарыңыз Нұргелді,
Тараз қаласынан