Ол ешқашан қажыған емес. Ол әлі де қартайдым деп айтқан емес. Әлі де жиырма бестегі жас жігіттей жарқылдайды, себебі тұла бойын жауынгерлік рухтың күші кернеп тұр. Бала күннен әскери тәрбиеде өскен дала саңлағы өз өмірін жігерлі әскери саладан еш бөліп қарай алмайды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Бүгінгі кейіпкер - еліне үлгі, жұртына өнеге, өмірде батырлық мен ақылдық парасатын ұштастырған азамат, отставкадағы полковник - Александр Коновалов.
Хакім Абай «қартаң тартқан адамнан от азаймақ, от азайса, әр істің бәрі тайғақ» дейді. Алайда, бұл өлең тармақтары Семей қаласының тұрғыны, отставкадағы полковник Александр Коноваловқа бағытталмаса керек. Себебі, әскери салаға саналы ғұмырының елу жылын арнаған ол бұдан кейін де қыз-қыз қайнаған қоғамдық жұмыстарға білек түре кірісіп кетеді. Атап айтқан жөн, Семейдегі Әлихан Бөкейханов атындағы университет қабырғасынан ашылған әскери кафедраның құрылуына едәуір үлес қосты. Әсіресе, кафедраға тиісті далалық жаттығу алаңдарын ұйымдастыруда азаматтың атқарған рөлі зор болған дейді білім ордасының мамандары. Ұзақ жыл әскери кафедраның меңгерушісі болған тұрпатты тұлға талай офицердің сапалы білім алуына зор септігін тигізген. Офицер дайындауда өлшеуіз еңбек сіңірген ол әскери-патриоттық тәрбие бағытында бес оқулық жазып шығарады. 2002 жылы кафедрада қызметін бастап 2017 жылға дейін жемісті жұмыс жасайды. Отставкадағы полковник бұдан кейін де қоғамнан тыс қалмайды. Ол қаладағы «Ардагерлер кеңесінің» мүшесі атанады. Бойындағы күш-қайраты сарқылмаған азамат бұдан кейін де жергілікті «Скандинавиялық жүріс» клубының жетекшісіне айналады. Денсаулығын нығайтамын деген қала тұрғындарының басын қосып, салауатты өмір салтын сақтау барысында түрлі іс-шараларға ұйытқы болады. Біз де жетпіс бес жастағы сұхбат иесімен Бейбітшілік аралында дене шынықтырып жүрген сәтінде жолықтық. Александр Коноваловпен қатарласа жүгірген клуб мүшесі Елена Викторова жетекшінің жасы жетпіс бесте екенін таяуда ғана біліпті.
Елена Викторова, қала тұрғыны:
Мен елуден енді асқан азамат шығар деп ойладым. Жақын таныса келе сұрап білсем, шынымен жетпіс бесте екен. Алайда Александр Коновалов әр жаттығуды айна-қатесіз, дұрыс орындайды. Сондай-ақ көрсеткіші де бізбен салыстырғанда өте жоғары. Оның қатарластарының көбісі балдаққа сүйеніп, әрең қозғалып жүргенде, біздің жетекшінің ширақ қимыл-қозғалыстарын қараған сайын таң қаламын. Бұл азамат– үлгі аларлық тұлға.
- Александр Коновалов мырза, жетпіс бес жаста жүгіруді әдетке айналдыру қиын болмады ма?
- Олимпиада отаны саналатын Грекияда «денің сау болсын десең - жүгіре бер, ұзақ жас қаласаң - жүгіре бер, ақылды болам десең - жүгіре бер» деген нақыл сөз бар екен. Мен қала тұрғындарын дұрыс жүгіруге үйретіп, сондай-ақ қосымша скандинавиялық жүріс тәсіліне жаттықтырудамын. Семейліктерді салауатты өмір салтын сақтауға дағдыландыру қазіргі менің міндетім. Менің байқағаным, біздің клубқа мүше болғандардың бірталайы денсаулығын нығайтып, сондай-ақ өмірге құлшыныстарын оятып, екінші демдері ашылды.
- Әскери салада өткен күндерден тарқата отырсаңыз?
- Мен әскери қызметімнің жиырма бес жылын Кеңес заманында атқарсам, ал қалғанын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткіздім. Сондай-ақ, мен үш жыл Қытаймен шекаралас аймақта әскери қызметімді өтедім. Міне, сол жақ қауіпті аймақ саналды. Еліміздің оңтүстік-шығыс аймағының тыныштығын күзету мінезімді одан сайын қайсарлы қылды. Әскери қызметімнің ауқымды уақытын Семейде өткіздім. Семей қаласынан 53 Кеңес Одағының батыр шыққан. Кейбірімен етене жақын араласу бақыты да маған бұйырды. Мен үшін олардың жасаған ерлігі өлшеусіз.
- "Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен әлі де байланыстасыз ба?
- Иә, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен қарым-қатынас тығыз. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаев бір шара ұйымдастырса, арнайы қонақ ретінде шақырып тұрады. Барған сайын тәжірибесі мол, көпті көрген әскери қызметші ретінде кеңесімді айтып отырамын. Жалпы, мен барлық күш-жігерімді, жинаған білімімді мемлекетіме арнаймын. Әсіресе, жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беруде зор үлес қоссам ба деймін. Қазір де мені қайта қызметке алса, лейтенант болып, бәрін басынан бастағым келеді. Себебі мен өзімді жетпіс бестегі ақсақал емес, жиырма бестегі тепсе темір үзетін жастай сезінемін.
- Өзіңізді сергек сезінудің жолы қандай? Өмірге деген осыншама құлшынысты қайдан аласыз?
- Менің бойымда жауынгерлік рух бар. Мен әскери отбасыда тәрбие алған соң, бала кезімнен қайсар да өжет болып өстім. Қазір де қамал алар шақтамын. Отан үшін жанымды аямаймын. Осы күнге дейін әскери салада басымды қатерге тігуден қорыққан жоқпын. Қорықпаймын да!
Иә, осы сөздерден кейін отставкадағы полковниктің жүзінде сұс пайда болды. Тіпті айбарланып, рухтанып кетті. Шынымен, оның бойындағы жауынгерлік рух қанша жасқа келсе де еш сөнген емес. Асылы, қаймықпай тік қарайтын, жалын атқан көздерінен де мұны аңғару қиын емес. Отан алдындағы борышын мүлтіксіз атқарған, қайталанбас ерлікке толы адамның өмірге деген құлшынысы бүгінгі қоғамдағы енжар, құлқынсыз жүрген жандарға үлгі болатыны ақиқат.