Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектепте саясаттану ғылымдарының докторы, академик Қайрат Айтбай атындағы кітапхана ашылды. Бұл туралы журналист Жандар Асан хабарлады.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де, туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Қайрат Айтбай – сондай жанның бірі. Ол басқаратын Шерхан Мұртаза атындағы ВАКФ Қайырымдылық қоры ұзақ жылдардан бері көптеген игілікті істерге ұйытқы болып келеді» Жандар Асан

Атап айтқанда, қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Түлкібас өңіріндегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде.
Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында да талай ілкімді істер жасалуда. Мәселен, биыл қараша айында жазушының шығармашылығы бойынша ғылыми конференция өткізіліп, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза білім алған мектепте арнайы кабинет ашылды.

Бұдан бөлек, Қайрат Айтбайдың тікелей қолдауымен Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендегі мешіттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал жуырда Таусағыз ауылында 300 адамдық жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді.
2020 жылы академиктің бастамасымен Түлкібас ауылымен Таусағыз елді мекеніне қарай жүретін жолдың бойындағы жабылып қалған бастау көзі ашылып, «Шынар бастау» рухани даму, демалыс әрі денсаулық сақтау орталығы бой көтерген болатын. Бүгінде «Шынар бастау» өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі.

Айта кетейік, Қайрат Орынбайұлы Айтбай қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы. Қазақстандағы әкімшілік реформа, экономикалық даму және мемлекеттік басқару жүйесі салаларындағы бірнеше кітап пен ғылыми мақалалардың авторы.
Әр жылдары ҚР Президентінің Іс басқармасында, ҚР Президенті Кеңсесінде, ҚР Мемлекеттік хатшылығында, Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті.