ҚазҰУ-дағы Наурыздың басты ерекшелігі қандай болды?

7038

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлыстың ұлы күніне арналған «Жаңа Қазақстан: ұлтты ұйыстыратын құндылықтар» мерекелік бағдарламасы бойынша өткізілген іс-шараларға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, факультет ардагерлері, ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері қатысты. Мерекелік жиынға келген қонақтардан Наурыз мерекесінің жаңа форматта өткізілуі жөнінде ой-пікірлерін білген болатынбыз.

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР ҰҒА президенті:

– Кейінгі кезде Наурыз мейрамын бірізділіктен арылып, жаңаша тойлау туралы жиі айтылып жүрген. Біз ҚазҰУ ұйымдастырған Наурыз мерекесінен жаңарған өзгешелікті бірден байқадық. Негізі, көпшілік жиналатын бұқаралық сипаттағы шараларда тек той тойлауды ғана ойламай, келген адамдарға ой салатын танымдық тұрғыда қарастыру керек. Сонда ғана ол өзінің негізгі міндетін атқарды деуге болады. Осындай ой салған дүниелер, игі істер көпшіліктің есінде ұзақ сақталады және тәрбиелік мәні болады. Мәселен, «Наурыз-Арт» суретшілер көрмесін алайық. Танымал тұлғалардың портреті мен еліміздің әсем табиғатын бейнелеген суреттердің студенттерге зор әсері болды деп ойлаймын. Жастарды туған табиғатты аялауға үйретеді, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Шет мемлекеттерден келген қонақтар мен студенттерге өз елімізді, жерімізді жан-жақты танытуға мүмкіндік тудырады. Оқытушы-профессорлардың портреттері – ҚазҰУ басшылығының ұжымға деген сый-құрметі деп қабылдадық. Зерттеу университетіндегі оқытушы-студенттердің шығармашылығын көріп, талантты адамдардың жан-жақты болатынына тағы да көз жеткіздік. Үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлай білетін ректорларыңыздың көрегенділігін таныдық. Азғантай көңіл бөлуден басталатын осындай игі қадамдар ұжымды біріктіреді, ұлы мақсаттарға жеткізеді.

Қалқаман ЖҰМАҒҰЛОВ, тарих ғылымының докторы, академик:

– Биылғы Наурыз ерекше болды. Бас ғимаратта Баспасөз қызметі ұйымдастырған суретшілер көрмесіне қызығушылық танытқандар көп болды. Менің замандастарым ризашылықтарын білдіріп жатты. Алаңда Иран, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстанның Наурыз дәстүрлері көрсетілді, оны Алматыдағы бас консулдары келіп, көріп қуанып қалды. Жастардың биі, әні жарасымды болды. Жастармен отырып шахмат ойнадым, өз тәжірибемді көрсеттім. Қолөнер көрмесін аралап шықтым, соның өзі күні бойы жүруіме жеткілікті болды. Ақсақалдар отырып, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрдық. Университетте 51 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір жасалып жатқан оң өзгерістерге қуанамын, еңбектеріңіздің берекесін берсін деп тілеймін. Өйткені көпшілік айтады, өзім де байқаймын, кешкі алтыдан кейін Баспасөз қызметінің үнемі шамы жанып тұрады. Бүгінгі еселі еңбек ертең өз жемісін береріне сенемін.

Амангелді САДАНОВ, биология ғылымының докторы, профессор, академик:

– Жалпы, Наурыз мерекесі тек тойлап, ішіп-жейтін мереке емес. Көптен бірін-бірі көрмегендердің бір-бірімен жылы жүздесуі, аман-есен дидарласуы. Өнер мен мәдениеттің тоғысуы. Қайырымдылық пен игі істердің салтанат құруы. Қазақ университетінде өткен Наурыз тойында осының бәрі қамтылды. Ректор Жансейіт Қансейітұлы үлкен өмір мектебінен өткен, ысылған, тарих пен мәдениетті терең білетін азамат. Осындай ауқымды жиындарды қалай ұйымдастырудың, өткізудің жөнін біледі. Бұл ең алдымен келген қонақтардың емес, осы университетте қызмет етіп жатқан оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің, студенттердің мерекесі. Иран, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты алыс-жақын шетелдерден келген жастардың бірігіп өнер көрсетіп жатқанын көрдік. Бірін-бірі іліп әкетіп, ортаны қыздырып жатты. Мерекелік жиында қызметкерлер мен студенттерден жоғары көңіл күйді сезіндім. Бұл қонақ ретінде келген бізге де жылы әсер етті.

Гүләнда ЖӨКЕШ, «Алтын қол» қолөнер дүкенінің негізін қалаушы:

– ҚазҰУ-дың Наурыз мерекесі аясында шебер шәкірттеріммен бірге көрмеге қатыстық. Тоқыма бұйымдары мен кол сөмкелерін жәрмеңкеге шығардық. Халық қатты қызығушылық танытып, шетелдік студенттер сөмкелер мен тоқылған аяқкиімдерді, шекелік әшекейлер мен тақияларды сатып алды. Көпшіліктің ортасында болып, өз қолөнер бұйымдарымызды ұсынғанымызға қуандық. Мұндай мерекелік бағдарламалар біздің және өнімдеріміздің танымалдығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Кейбір қонақтар байланыс телефондарымызды сұрап, алдағы уақытта тапсырыс беретінін айтып жатты. Қолөнершілерге қолдау білдіріп, өз төрінен орын ұсынған университет ұжымына алғысымыз шексіз.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -