Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі

42801

Мен запастағы подполковник Нұржан Байбосынов ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері, бүгінгі Ұлттық ұланның қатарында қызмет еткен болатынмын. Бүгінгі таңда зейнеткерлікке шықсам да көп жылғы жинаған тәжірибеммен бөлісу үшін ағарту саласында жас жеткіншектерге алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен сабақ беріп, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге аз да болса өз үлесімді қосудамын. Жастарды аға ұрпақтың ерлік үлгісінде тәрбиелеу, олардың рухын жанып, өз Отанына адал болуды мектеп табалдырыған үйрету - біздің бүгінгі мақсатымыз болып табылады.

Осы орайда, өзім әскери қызметте жүргенімде куә болған 1995 жылдың 7-ші сәуірінде тәжік-ауған шекарасында орын алған қазақстандық батальонның 7-ші құрама ротасы жауынгерлерінің ерлігі туралы қалам тербеуге ниет қылдым.

Бұл оқиға туралы деректер айтылып та, жазылып та жүр, кітаптар басылып, көркемсуретті фильмде шығарылды. Бірақ білім ошағы – мектептерде толық дәріптеліп жатқан жоқ. Сондықтан осы оқиғаның тікелей күәгері ретінде болған оқиғаны ұстаздар мен оқушылар арасына жеткізуді жөн көрдім. Тағыда айта кетерім, мақаланың мақсаты – өскелең ұрпаққа тәуелсіздік батырлары жайлы жеткізу және оларға патриоттық тәрбие беру бағытында қолдануға арналған дүние болсын деген өз ойым бар.

1991 жыл – әлем тарихында ерекше есте қалған жыл болды. Осы жылдың 8-ші желтоқсанында Кеңес Одағы ыдырап, «егемендік шеруі»басталды. Сөйтіп, Кеңес Одағының тағдыры Украинаның Вискули ауданындағы «Беловежская пуща» елді мекенінде Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына (КСРО) тиесілі мемлекеттік құрылымдарды тоқтату туралы шешім қабылдану және КСРО-ны бұзу туралы актіге қол қою арқылы шешілді. Міне, осы кеңесте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) деген жаңа Одақ құрылады және Одақтың Шарттық іс-қимылдары бекітіледі. Бұл акті «Беловеж келісімдері» деген атпен тарихта қалады.

Алғашында КСРО-ның құрамынан бірінші болып Балтық елдері - Эстония, Литва мен Латвия шығады. Одан кейін басқа республикалар да бірінен соң бірі егемендігін жариялап, өздерінің атауларын өзгертіп, ұлттық рәміздерін бекітуге кіріседі.

Осы жылдың қыркүйек айының тоғызы күні Тәжік ССР-і Жоғарғы Кеңесі Тәжікстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы Декларация қабылдап, осы күнді «тәуелсіздік күні» деп белгілейді және 24 қарашада Тәжікстанда бірінші президенттік сайлауы өткізіледі. Бұл сайлауда Р. Нәбиев жеңіске жеттеді.

Ал, 1992 жылы Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясы, Тәжікстанның демократия партиясы және “Растохез” (Қайта өрлеу) оппозиция күштері мен қозғалыстары құрылады. Нағыз осы кезеңде Мемлекет басшысы Р. Нәбиевтің жақтастары мен жоғарыда аталып өткен оппозиция күштері арасында келіспеушіліктермен қақтығыстар басталады. Екі жақтың арасында болған келіспеушіліктердің салдары үлкен қақтығыстарға әкеліп соғады және оның арты азаматтық соғысқа ұласып, ол соғыс бес жылға созылады.

Азаматтық соғыстың аса қатігез қақтығыс кезеңдері 1992 жылдың тамызынан 1993 жылдың шілде аралығында өтеді. Бұл кезеңде тәжік елі екіге бөлінеді. Бес жылға созылған соғыс салдарынан 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 900 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырайды.

Тәжік елінде осындай ауыр жағдай болып жатқан кезде, 1994 жылы екінші президенттік сайлау өткізіледі, бұл сайлауда Э. Рахмон жеңіске жетіп, елді басқаруды қолға алады.

Басталған азамат соғысы текетіресуші тараптардың 1997 жылғы 27 маусымында татуласу келісіміне алып келеді, бірақ елде ішінара қақтығыстар болып тұрады. Ескерте кететін жағдай, осы жағдайдың салдарынан, Тәжік мемлекетінің Ауғанстан елімен шектескен оңтүстік шекарасы, шамамен 1344,15 шақырым жері қорғаусыз ашық қалады және бұл шекара аумағын тәжік елі өз әскерінің күшімен толық қорғауға мүмкіндігі болмайды. Аталған шекара аумағының басым бөлігі Памир таулары арқылы өтеді, соңғы бірнеше жүздеген километрі ғана – жазық дала болған.

Қақтығыс басталған жылдары осы шекара арқылы ондаған мың тәжік азаматтары мен тәжік оппозициясының қаруланған жасақтары Ауғанстан елі жағына өтіп кетеді. Бұл кезде Ауғанстан елінде азамат соғысы жүріп жатқан еді, сондықтан кері қайтпақ болған оппозиция жасақтары қайтадан тәжік-ауған шекарасы аумағы арқылы кері өтпек болады. Бірақ оларды Кеңес Одағынан бері тәжік-ауған шекара аумағын қорғап келген 201-ші дивизиясы (Кеңес Одағы ыдырағанан соң Ресей елінің егемендігіне өткен әскер) оларды шекара арқылы кері қарай өткізбей қояды, содан атыстар мен қақтығыстар басталды. Осылай шекара жағдайы қатты шиеленіседі.

Тәжік-ауған шекарасы аумағындағы шиеленіс елдегі болып жатқан жағдайға да қатты әсерін тигізеді, содан 1992 жылы Тәжікстан Президенті осы ащық қалған шекара аумағын қорғау үшін ТМД елдерінің басшыларынан көмек сұрайды.

1993 жылы 22 қаңтарда ТМД елдерінің басшылары Тәжік елі Президентінің өтінішін қабылдап, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен тәжік-ауған шекарасын қорғауға көмек есебінде 500 сарбаздан тұратын бітімгершілік құрамын жіберу туралы ортақ шешім қабылдайды.

Бітімгершілік құрам өз елдерінде жасақталып, арнайы әскери дайындықтардан өтеді. Әскерлер 1993 жылдың ортасында Тәжік еліне қызмет етуге жіберіледі. Бұл жауынгерлер жоғарыда аталған 201-ші дивизия әскерімен бірігіп қызмет етеді және содан оларды ел арасында «ТМД бітімгершілік күштері» деп атайды. Ал Қазақстан елінен барған бітімгершілік күш «ҚАЗБАТ» деп аталады.

Сол кездегі оппозиция жасақтары Үкімет әскері мен бітімгер жауынгерлердің аражігін ажыратып жатпады. Олар бітімгершілік күштердің бөлімшелеріне шабуылдап қана қоймай, қызмет аймағынан тыс жерлерде де, мәселен базарлар мен қала көшелерінде көліктерін жарып және атып террорлық әрекеттер ұйымдастырды.

Міне, осындай ұйымдастырылған террорлық әрекеттердің бірі қаруланған оппозиция жасақтары тарапынан, 1995 жылдың 7 -ші сәуірінде тәжік-ауған шекарасы аумағындағы Пшихавр шатқалында Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 5485 әскери бөлімінен жасақталған 7 - құрама ротасына кенетен жасалынған еді.

Шабуыл түскі сағат бірлер шамасында басталды, рота сарбаздары кенеттен басталған шабуылдан тез естерін жинап және болып жатқан жағдайды дұрыс бағалай біліп, шабуылға қарсы тойтарыс беру ұрысына түседі.

Бұл ұрыс бес сағатқа созылады. Содырлардың мақсаттары ротаны бір сағаттың ішінде күл-талқан қылып, толық жойып жіберу болатын.

Бірақ Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері жауынгерлерінің жоғары әскери дайындығы мен мықты рухының арқасында, олар қарсылас жаумен үрейленбей шайқасып, ерлікпен шабуылға толық тойтарыс береді. Осылай содырлардың мақсаттары және алдын ала дайындаған айла-тәсілдері мен жоспарлары іс-жүзіне аспай қалады.

Қандай болмасын соғыс, немесе ұрыс шығынсыз болмайтыны белгілі. Он жеті сарбаз ерлікпен осы шайқас алаңында қөз жұмды, ал отыз үш жауынгер әр түрлі жарақат алды.

Жарақат алмаған жауынгерлер сол ұрыс болған шатқалдағы шекара аумағын қорғау үшін, одан әрі екі айға қызмет етуге қалады. Айта кететін жайт бұл жігіттерге негізінде жоғарғы әскери басшылық тарапынан, оларды басқа қауіпсіз жерге орнын ауыстыру туралы ұсыныс та болды. Бұл ұсынысты олар қабылдамай, жау қолынан қаза тапқан жауынгер достарының аруақтары үшін және де өз бастарына түскен ауыртпашылықты мойымай көтеріп, басқа жерге бармай тек осы шайқас болған жерде ғана қызметті ары қарай жалғастыруы – олардың антына адал, қайсарлығын көрсетті.

Бұл шешім, олардың әскери рухы мен күш жігерлерін болған ұрыстың салдары мойыта алмағандығын байқатады және де нағыз қазақ батырларына тән қасиет, бойларындағы намыс оты мен абыройын көрсете білді деуге болады.

Сол елсіз таулы шатқалда, қалған рота сарбаздары қызмет барысында қаншама өте қауіпті және қиын жағдайларға тап болса да, қызметтерін адал орындап, 1995 жылы маусым айының басында елге аман оралды.

Осы оқиғадан соң Ұлтық Ұлан (сол кездегі Ішкі әскер) басшылығының шешімімен 7 сәуір ерлікпен қаза болған 17 сарбаздың ерліктері мен аруақтарына «Тағзым ету күні» деп белгіленді. Бұл шара 1996 жылдың 7 сәуірінен бастап барлық әскери бөлімдерде аталып келе жатыр.

Бітімгершілік күште қызмет еткен жауынгерлер «Тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен «Ардагерлер» қауымдастығын құрып, 7-ші сәуір күніне «Ерлік күні» деген атау берді. Тәжік-ауған шекарасында қызмет ету кезінде құрбан болған барлық сарбаздардың ерліктерін дәріптейтін іс-шараларды Қауымдастық тарапы еліміздің барлық қалалары мен аумақтарында ұйымдастырып келе жатыр (ескеркіштер ашу, ата-аналарымен кездесу, оқу орындарында ащық сабақ, спроттық турнилер өткізу және т.б.).

2022 жылғы 7-сәуір күні Астана қаласындағы еліміздің Қарулы Күштерінің тарихи орталық мұражайында «Ерліке жетелеген жол» атты тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеген жауынгерлерге арналған үлкен көрме ашылып, республика деңгейінде көптеген ардагерлердің қатысуымен аталып өтті.

Биылғы жылғы еске алу күнін "Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының қатысушылары мен мүгедектері" Аймақтық қоғамдық бірлестігі Астана қаласында және жергілікті аймақтардағы ардагерлер кең көлемде өткізуге әрекет жасап жатыр.

Сонымен қатар бұл оқиғаны еліміздің халқына жеткізу мен насихаттау мақсатында кітаптар басылып, деректі және көркем фильмдер түсірілді. Жыл сайынғы іс-шаралар еліміздің ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып келеді.

1993-2001 жылдар аралығында мемлекет тапсырмасын жоғары жауапкершілікпен, үлкен абыроймен атқарған бірінші бітімгершілік әскерлері жауынгерлеррінің ерлігі Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында алтын әріптермен жазылды.

Қайтыс болған жауынгерлердің ерліктерін мәңгілік есте сақтау мақсатында Ұлтық Ұланның барлық әскери бөлімдерінде, сонымен қатар еліміздің Астана, Шымкент, Петропавл, Павлодар қалалары мен кейбір аудан орталықтарында ескерткіштер орнатылған.

Сонымен қатар боздақтардың туған ауылдарындағы мектептерде суреттері мен есімдері жазылған мемориалдық тақтайшалар орнатылып, көшелер мен саябақтар олардың есімдерімен аталды.

Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының мемлекет басшыларының келісісмімен Душанбе қаласының орталық саябағынан жер бөлініп, сол жерге 2007 жылдың желтоқсанында 90-шы жылдарда ТМД-ның оңтүстік шекара шептерін қорғауда қаза болған Қазақ елі жауынгерлерінің есімдері жазылған үлкен Ескерткіш орнатылды.

Бауырлас елде қаза болған қазақстандық сарбаздардың ерлігі үлгісінде жас ұрпақты тәрбиелеу және дәріптеу біздің парызымыз деген оймен мақаламды аяқтаймын.

Запастағы подполковник Нұржан Байбосынов

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -