Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау баласы тауға қарап бой түзейді,
Сондықтан да биік тұр дара тұлғам!
Мұқағалиша мен
Киелі Маңғыстау түбегіндегі көркем қала Ақтаудың топырағын басып, қарт Каспийдің суын ішіп, ауасымен тыныстап жүргелі міне төрт айдың жүзі болды. Жай емес, отбасым мен Отан алдындағы борышты, азаматтық қоғам мен әскери ант алдындағы ерекше жауапкершілікті сезіне жүріп әскери қызметті атқарып келемін. Мұндай жауапкершілік пен абыройлы қызметті бұйыртқан ‒ ҚР ІІМ Ұлттық ұлан құқықтық әскері, Батыс өңірлік қолбасшылығы, 6656 әскери бөліміне үлкен ризашылығымды білдіремін. Себебі, әскери өмір – туған мекен, жақын-жуық пен азаматтық өмірдің қадірін жете түсіндіреді екен. Ыстық ықылас тудырып, сағынтады екен. Өйткені, осы кезге дейін туып өскен өңірден осыншама ұзақ уақытқа жырақта жүрмеген екенмін. Ата-ана, аға-әпке, іні-қарындасқа, дос-жаран, ағайын-туысқа деген сағынышың артып, сол жандарға аман-есен үлкен абыроймен қайта қауышуды аңсайсың. Жыл он екі ай көктем-күзінде, қысы-жазында, ыстық пен суықта, жаңбыр мен боранда жауынгерлік қызмет етіп жүргенде де сол жаныңа жақын адамдардың амандығын, тыныштығын тілеп жүресің. Біздің,Ұлттық ұлан жауынгерлерінің басты қызметі – мемлекекет тұтастығы мен елдің тыныштығын қорғап, күзету. Сол елдің әрбір азаматы мен азаматшасының еркін өмір сүріп, қылмыскерсіз қоғам құрап, құқықтық тәртіпті орнықтыру. Бұл қызмет Отанға ғана емес, әрбір азаматтың амандығына, әрбір отбасының қуанышы мен бақытына, әрбір ананың шаттыққа толы күлкісі мен әрбір сәбидің ұйқысының тыныш болуына бағышталған. Бұл біздің, жауын-герлердің қасиетті парызы.
Әскери өмір қызық. Ұдайы ұмтылыс пен құлшыныс. Ыстық қайрат пен жігер Мұнда шаршауға, жалығуға, орынсыз іске орын жоқ. Мұнда тек қайраттылардың қажыры мен жігерлілердің жарқын үні ғана басым шығады. Жауынгерлік қызмет – жауапкершілік, міндет, ерлік – соңы үлкен абырой. Сол абыройға кенелу әрбіріміздің басты мақсатымыз. Жауынгер жолдаспен бірге қызмет ету, бірге ұйықтап, бірге ас жеу, бірге тыныстап, бір сапта жүру өзінше бір бақыт. Мұның бәрі ажырамас достықтың, мызғымас бірліктің бастауы. Әскерде жүріп адал дос табасың. Бірге қиындықты жеңіп, бір-біріңе демеу боласың. Сырласып, өткенің мен болашағыңды талқылайсың. Бірге ән айтып көңіл көтересің. Бірге кино көріп, бірге жаттығып, бірге тапсырма орындап, қиыншылықты бірге жеңесің. Осыншама қарбалас сәттердің арасында әрдайым ойыңда туған үйің, туған мекенің өзіңмен бірге жүреді. Мен көкке, аспанға қарап ойланғанды ұнатамын. Өйткені сапта, жауынгерлік қызметте жүргенде әрдайым еңсеңді биік ұстап, тік тұрып қызмет ету керек. Менің ойымша мұның өзінің үлкен фәлсапалық мәні бар ғой деймін. Өйткені, әрбір ата-ана Отан қорғауға жіберген ұлының ешқашан жерге қаратпағанын қалайды. Элиталық Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлерінің еңсесі ешқашан жерге түспесін, әрдайым биік тұғырдан көрінсін дегені шығар. Мұның бәрі осы биіктікті меңзеп, жерге қаратпау ұғымдарымен «тік тұр» бұйрығы астарласып жатқан болар.
Бірақ менің тік тұруыма, көк аспанға қарап ұзақ ойлануыма өзге де себеп бар. Өйткені, мен өскен өңірде Түркістан облысы, Түлкібас ауданында Сайрам, Машат, Түркібасы, Ақсу-Жабағылы деген биік еңселі ұзыннан-ұзақ құлаштанып созылып жатқан Қаратаудың айырық тау жоталары бар. Өзім оқып, білім алған, қызмет етіп жұмыс жасаған әсем қала, арман қала Алматымда да көк аспанмен таласқан асқар Алатауым бар еді. Мен тау баласы, таулық едім. Басымдағы бөркім түскенше сол заңғар таулардың құз шыңдарына, өр-қияларына көз тастаушы едім. Ақша бұлттар арасынан мұнарланып көрінетін тау шыңдарына өз армандарымды, қиялдарымды жасырушы едім. Тауға қарап бой түзеп, еңсемді тіктеуші едім. Енді міне құдай жол салып, әскери қызметті шалқыған көк теңіздің жағасында, таусыз өлкеде атқарып жатырмын. Мұнда тау жоқ болғандықтан зеңгір көк аспанға бой түзеп көп қараймын. Көп армандап, көп қиялдап ұзағынан ойланамын. Көк аспанға бір, аспан түстес саптық алаңда биік мінбеде тұрған көк жалауға бір қараймын. Бірі Отан алдындағы абыройлы қызметімді ойландырып ұғынтса, бірі менің шексіз-шетсіз зор қиялым. Себебі, көк аспанда мен үшін жасырынған көп сыр бар. Ашылмаған құпия бар. Көк аспан да көк теңіз қарт Каспий сияқты толқындап тұрады мен үшін. Сол аспан теңізінде жүзіп бара жатқан әне ақша бұлттар, тарам-тарам болған шарбы бұлттар кеме сияқты. Сол бұлтты кемелерде менің ауылға деген, анама деген, сүйген қызға деген, асқар тауларыма деген сағынышым жүзіп бара жатыр. Сол бұлттармен бірге менің сағынышты сәлем хаттарым ұшып бара жатыр. Себебі, мен ол бұлттардың мен өскен өңірге дейін баратынын, сағынышты сәлем хатымды жеткізіп, құт мекен Түлкібасыма, қарт Қаратауға, асқар Алатауға сағыныш сөздерімнің нөсер жауынын төгетінін білемін. Өйткені, сонау Жерорта, Қаратеңіз, Каспи теңізінен буланып көтерілген сулар биік атмосферада бұлт түзіп, сол бұлттар батыстан шығысқа жол тартып, Арал мен Ұлытауды, Қаратау мен Алатауды басып өтіп, сонау шығыстағы Алтай тауларына дейін сапар шегіп барып, өр Алтайды кең шатқалдарына барып ғана тіреліп жоғалатынын білетінмін. Ал сол бұлттар менің бар арманымды алып ұшып, Қазақстанның әр бұрышына, әр жеріне тамшылатып төгіп жүр. Сол арман тамшыларымнан, кең дала төсінде көгеріп, гүлдеп жайқалған әсем гүлдер өсіп шығып жатыр. Ал мен сапта тұрып, көк аспанға бір, көк туға бір қарап әнұранды іштей жігерлене шырқап тұрмын. «Менің елім, менің жерім! Гүлің болып егілемін. Жырың болып, төгілемін елім. Туған жерім менің – Қазақстаным!»
Көзім жасаурап тұр, бірақ жас келмейді. Кеудемді керіп, өн бойым тоқтамай сайрап тұр. Иығымда автомат тұр. Бірақ автомат үнсіз. Лайым, сол үні өшкір автоматтың үні күллі әлемде өшсе екен. Әлемде, елімізде тыныштық, бейбітшілік болса екен. Бірақ сол автоматтың үнін тек автомат өшіретінін меңзегендей иығымда сұсты кейіппен, ұңғысы көк аспанға қарап тұр. Ал мен онымен келіскім келмей бейбітшілік әнін, шәмшінің әнін әнұранды қайраттана іштей қайта қайталаймын. Автоматтың басы көк аспанға қарап, тіктеліп тұрғанына ашуланып, қасарыса одан асыра бойымды тіктей, мойнымды соза көк аспанға мен қараймын. Автоматтың үнін автомат емес, адамның ой қиялы, шексіз арманы мен жігері ғана өшіреді деп, көк аспанға онда жүзген бұлттарға қарап қайта армандаймын.
Мына бір бұлт өзгелеріне қарағанда ашықтау, жүрісі де жайлы екен. Шамасы бұл бұлт менің аяулы анама сағынышты сәлемімді алып бара жатыр-ау. Алыста жүрген мені сағынған ана жүрегін, суалып жасаураған мейрімді көздерінен шыққан жып-жылы бір тамшы жасына демеу болайын деп мен туған үйдің, мен өскен шаңырақ пен аулаға осы бұлттан да жып-жылы болып тамшылай жауын жауатын шығар шамасы. Сол абзал жан ардақты анашымның қарттық шалған, әжімденген ашық жүзін бір жадырата, жасартып тамғайсың мейірбан бұлт. Соңғы кездері көп сырқаттанып, денсаулығы болыңқырамай жүр еді. Сол дертіне шипа, дауа болып жауғайсың ақша бұлт. Менің ыстық, сәбилік үнмен жолдаған сәлемімді жеткізе барғайсың. Бұйыртса әскерден кейін абзал жан ағамды, сосын мені үйлендіріп, қызығымызды теңдей көріп, немере шөбере сүйгейсің, анашым! Мен сүйген бір ару бар, соны келін етіп, батаңды бергейсің, ардақты ана. Осы сүйінші хабарымды, ешкімге айтпаған құпия сәлемімді анама жеткізе барғайсың, аппақ мамық бұлт.
Анау бір бұлттар маңғаздана, әне біреусі кербездене, міне мына біреулері солардың соңын ала асыға тез-тез жылжып барады. Шамасы анау маңғаздана кетіп бара жатқаны – абзал ағаларым, ал анау кербездене кетіп бара жатқаны– сұлу әпкетайыма сәлемімді алып бара жатқаны шығар. Ал анау артынан ерген жылдам іркес-іркес майда бұлттар – сол аға-әпкелерімнің қолды-аяққа тұрмай шапқылап жүрген балалары, менің артымнан ерген ерке қарындастарым мен тентек інілеріме сағынышымды алып ұшып бара жатқан шығар. Менің барша бауырларыма, ағайын-туысыма деген жүрекжарды тілегімді, амандық-саулығымды жеткізе барғайсыңдар, тарамданған тарғыл бұлттар.
Ал мына өзгеше бір шырайға енген, күн сәулесімен шағылысып қызыл арай шапаққа бөленіп, алабұртып еркелей кетіп бара жатқан аппақ мамық бұлт шамасы сонау Алматыдағы менің сүйген сәулем, жаннат бақшам, аруым – Арунайға деген сезімімді алып ұшып бара жатыр-ау. Әй, алтын арай аппақ бұлт! Арунайға менің оны шексіз сүйетінімді, ой санамыздағы махаббаттың эверест шыңына бірге шығатынымызды, сол махаббаттың биік шыңынан көк аспанға қарап, ай мен күнге, жұлдыздарға бірге арман қиялында қанат жайып сапарлайтынымызды айта барғайсың. Алматы тауларында жайнаған қызғалдақтардай, жанарынан нұр шашып тұратын аяулымның мөлдіреген көздеріне, тулай соққан жүрегіне, мамық кеудесіне менің алып ұшқан сезімімді нұр болып жауа құйғайсың, алқызыл реңкті ақша бұлт!
Ал мына тұтасып, қосарланып биікте ауыр қозғалып бара жатқан қою реңкті бұлттар шамасы менің кең жазира далама деген, осы бұлттардай бекем біріккен абзал ниетті береке-бірлігі жарасқан қазақ халқына деген ыстық сәлемімді мен өскен-өнген өңірлердегі Қаратау мен Алатаудың баурайына жылжи алап бара жатыр-ау. Менің елім де сол еңселі таулар секілді биік. Оның халқының жүрегі де сол таулардай мәрт. Менің әкем – Алтай да тау атымен, тау шыңында соңғы демін алған еді-ау. Жаны жұмақта шалқысын, сол кісінің өсиетті сөзі бар еді-ау: «Талабың таудан да биік болсын, арманың дүниеге сыймай – жүрегің барша жанға ашық болсын» деген. Сол әке өсиетін, арман-мұратын орындай алсам, ұлы Отанымыма бір пайдамды тигізе алсам, одан өзге арман да болмас еді. Сол Отанға деген, сол далама деген, сол халқыма деген, сол әкеме деген перзенттік сәлемімді, ақ адал тілегімді заңғар тауларға алып ұщқайсың, тұтаса ұшқан тұнық бұлттар!
Сол бұлттардың арасынан көк күмбез көгілдір аспан көрінеді. Сол аспанның тұңғиық түбіне жасырынған мендік асыл арман, терең қиял. Көк аспан шегіне жеткерсін бе, мендік қиял шектелсін бе?! Тағы да ұзақ қараймын. Таңдана, таңғала, ойлана қараймын. Мен үшін аспаннан асқан сұлулық жоқ. Сол қиялымды үзе «Тік тұр, жауынгерлік қызметке!» – деген асқақ үнмен бұйрық түседі. Мен де сол бұйрықтың пәрменімен, саптық үннің гүрсілімен ілесе бойымды тіктей, кеудемді кере Отан алдындағы борышты өтеуге жауынгер жолдастарыммен бірге сап түзей, қара жерді тербете, тітіретіп дірілдете қадам басамын. Ал бұлттар, бұлттар болса сәлемімді алып, Қаратау мен Алатауға сап түзей ұшып барады. Бұлттар жауып жерге, жауынгерлер қызмет етіп елге ырыс әкеледі. Бұлттар мен біздердің бағыт алып, сап түзеген жолымыз біреу – биіктік жолы, тауларды бетке алып бара жатқан талап пен абырой жолы...
Қатардағы жауынгерӨмірзақ Нұрлан Алтайұлы 6656 әскери бөлімі