Мамырдың 12-сінде Халықаралық мейірбикелер күні атап өтіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өмірге сән беріп, тіршілікке нәр беріп, қалтысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый құрметке лайық. Өйткені, адамдарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда медбике жұмысына тікелей байланысты, жұмыстың ауырлығына қарамастан, бұл мамандыққа келетін нәзік жандар аз емес.
Солардың бірі – Ұлттық ұлан қатарындағы 3 сынып сержанты Тохтамет Азиям Айнарқызы. Алматы облысы, Талғар ауданында 1983 жылдың 18-ші ақпан айында дүниеге келіп, мектеп қабырғасынан бері биология және химия сабағына қызығып, болашақта медицина саласында қызмет етем деп армандаған. «Арман орындалады, мақсат айқын болса» демекші, мектептен кейін Талғардағы медициналық колледжі «мейірбике ісі» мамандығына түсіп, оны үздік аяқтайды.
Диплом алған соң, сол кездегі Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланда қызмет жолын бастайды. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлімінің бас медбике қызметінде.
«Дипломды алып, ауруханаға жұмысқа тұратын кезде бос жұмыс орны болмай қалды, күндердің бір күні құрбыларымен кездесіп, құрбым сол кездегі Ішкі әскерде жұмысқа алып жатыр деген соң, барып құжаттарымды тапсырдым. Ең алғашқы күнімді еске алсам, сәл үрей болды, әскери ортада қалай болады екен деген ойлар мазалады, алайда қазір көріп тұрғанымыздай әскерде жүргеніме 15 жылдан асты. Жұмыстың оңайы жоқ, офицерлер мен сарбаздардың денсаулығы өте маңызды, күнделікті бақылау-тексеріс жүргізіп, оларға сапалы медициналық қызметтерді ұсынамыз. Осы ретте жас мамандарға айтарым – ешқашан қорықпай, ақырын жүріп, анық басындарын деген кеңесімді беремін. Халықаралық мейірбикелер күні құтты болсын» Азиям Айнарқызы
Денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, науқастың дертіне дауа сыйлаушы баршаңызды Халықаралық мейірбикелер күні мерекесімен құттықтаймыз!