Жылдық техникалық байқау

48411
Фотосурет: Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының баспасөз қызмет

Биылғы көктемнің соңғы айында 5514 әскери бөлімі, жылдағы әдетіндей, өздеріне тиесілі техника мен қару-жарақтарын жылдық техникалық байқауға шығарды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Байқауға шығарылмас бұрын қыруар жұмыс істелді. Техникаға  арнайы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескірген қосалқы бөлшектері ауыстырылды.

Майлау, сырлаудан өткен  бөлімнің техникасы сап түзеп, плацта ерекше салтанат құрды. Сол сияқты қару-жарақ та тиісті қызмет көрсетуден өтті.

Айтулы шараға Алматы қаласында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының офицерлері мен қатар Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы әскери полиция басқармасының қызмет бастығы полковник Сергей Син  қатысты. Байқауға осы саланың майталманы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский төрелік етті. Сонымен қатар қолбасшылық офицерлері подполковниктер Сергей Русляков, Дидар Булатов, Сағынғали Жұмағалиев, Молдияр Есетов және майорлар Бақтияр Уралбаев, Еркебұлан Шарықбаев байқауға шығарылған техника мен қару-жарақтың сақталуы мен күтілу жағдайын, химиялық қарудан қорғану құралдарының бүтіндігін, радиобайланыс желілерінің дұрыстығын мұқият зерделеп қарады.

Бүгінгі таңда әскери бағытта қолданылатын техникалар мен қару-жарақ сынды өзге де қажеттіліктерді жазғы маусымда пайдалану үшін жоспарлы түрде тексерістен өткізіп, бақылауды ұйымдастыру міндетті түрде іске асыруға жататын тапсырмалардың біріне айналған. Өйткені, Ұлттық ұлан әскерилері үшін бейбіт өмір мен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын қажеттіліктердің жай-күйін қадағалап, бабында ұстау басты құндылықтардың санатына жатады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Игорь Поповский: «Жылдық техникалық байқаудың мақсаты –  көліктердің есебін, техникалық жағдайын тексеру,  сонымен қатар  қару-жарақ пен автоброньды танк техникасының жағдайы мен қызметтік-жауынгерлік жұмысқа дайындығын, оларды пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, күту ережелерінің сақталуы және парк, қойма, сақтау орындарының жағдайын тексеру. Осы аталғандардың бәрі талапқа сай болуы тиіс, себебі, әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігіне техника және қару-жарақтың жағдайы үлкен әсерін тигізеді», - деп, техникалық байқаудың мақсатын түсіндірді.

Жылдық техникалық бақылауды ұйымдастыру үшін 5514 әскери бөлімінің барлық батальоны мен рота, взвдотарының сарбаздары жоспарлы дайындықтарын тиянақты жүргізді. Яғни, әскери міндетін орындауға жауапты әрбір маман өзіне тиесілі немесе өзіне қарасты қару-жарақ пен техникаларды, өзге де қажеттіліктердің барлығын мұқият тексерістен өткізіп, кем-кетігін түзеді деген сөз. Оңған, тозған, бүлінген, сынған құралдарды қалпына келтіріп, бояп-сырлап, майлау жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізе білді. Техникалардың барлық дерлік бөлшектерін күрделі жөндеуден өткізуге дейінгі іс-шаралар да тыңғылықты іске асырылып, химиялық қарудан қорғану құралдарының бүтіндігін бақылау, радиобайланыс желілерінің дұрыстығын тексеру сынды шаруалар да ойдағыдай атқарылды.

Байқауға бөлімнің барлық техникасы және атыс қарулары қойылып, техникалық дайындықтың коэффициенттік көрсеткіші 0,97% құрады. Осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізген бөлімнің техника және қару-жарақ жағдайына «өте жақсы» деген баға берілді.

Ұлттық ұланда жыл сайын өткізілетін техникалық байқауға бар ынтамызбен, күш жігерімізді сарп етіп дайындалдық. Соның нәтижесінде бүгін өңірлік қолбасшылық тарапынан «өте жақсы» баға алдық. Бұның бәрі адал еңбек пен аққан тердің арқасы. Бөліміміздің әскери жүргізушілері өздеріне бекітілген көліктеріне үнемі күтім жасап, еш ақаусыз жүріп тұруын басты назарда ұстайды. Өйткені әскери техника кез-келген уақытта жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз етуге дайын боуы шарт, - дейді 5514 әскери бөлімі командирінің техника және қару жарақ жөніндегі орынбасары майор Досан Мақыш.     

Техникалық байқаудың қорытындысы бойынша бөлімнің 19 әскери қызметшісі марапатқа ие болды, оның ішінде 8 сарбаздың ата-анасына ұлдарының әскери борышын үлгілі атқарып жатқандығы туралы хат жолданды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -