Жігіттер әскерге баруға тиіс»

993
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақтың әйгілі қолбасшысы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Ежелден ел тілегі – ер тілегі, Адал ұл боп туса - ел тірегі» деп бекер айтпаса керек. Кез келген елдің арқа сүйер басты қорғаны – ер азаматтар. Отан алдындағы борышын адал, абыроймен  атқару үлкен жауапкершілік һәм міндет.

Әскери борышын өтеуге барған кез келген азамат қатаң тәртіпке төселіп, Отан алдындағы міндеттерін толық түсініп, нағыз патриотқа айналады. Азаматтық борышын адал атқарып жүрген қай сарбаз болмасын батыр деуге тұрарлық. Себебі, дәл қазіргі уақытта әскерге екінің бірі баруға құлшыныс білдіре бермейді. Ер азаматтардың бір бөлігі алтын уақытымды бос өткізгім келмейді деп жатса, енді бірі әскери тәртіптен жүрексінемін деп ақталып жатады.

Әскердегі жағдайдың қалай екенін, қазіргі жастардың азаматтық борышын неліктен орындағысы келмейтіні жайлы білмекке Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаз Ерасыл Жұматаймен сұхбаттастық.

- Әскерге алғаш келгендегі сезіміңіз қандай болды?

- Басында азаматтық өмірге деген сағыныш болады. Әскери тәртіпке үйренісе алмай жүрген сәттер де болды. Алайда, қазір үйренісіп кеттік. Келгелі көп нәрсені үйрендік. Жарғыны жаттап, қару-жарақ қолдануды меңгердік. Еліміздің әр өңірінен келген өзіміз қатарлы жігіттермен достасып алдық.

- Қазіргі уақытта ер азаматтар әскерден неге қашады деп ойлайсыз?

- Меніңше, олар 1 жыл уақытын  жоғалтып алудан қорқатын тәрізді. Әркімнің өз алдына қойған мақсаты, арманы болуы мүмкін немесе әскерге деген құлшынысы жоқ деп ойлаймын. Шынында, көбісі әскери борышын орындағысы келмейді. Бүгінде бұл алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Дегенмен бәрі де адамның өзіне байланысты. Сондықтан нағыз ер азамат болып
қалыптасқысы келетін жігіттер әскерге баруға тиіс.

- Әскер азаматтарға қандай құндылықтарды ұғындырады?

-Қарапайым өмірдің қадірін түсіндіреді. Демалыс күндері ұялы телефонды алып, жақындарыңмен аз уақыттың ішінде бар жаңалық, қызықтармен бөлісіп, әңгіме-дүкен құрғанның өзі қандай бақыт екенін сезіндіреді.

- Әскери бөлімде қандай іс-шаралар өткізіледі?

- Әр мейрам сайын мерекелік іс-шараларды өткізіп тұрамыз. Сонымен қатар, спорттық жарыстар – арқан тартыс, турникке тартылу сынды сайыстар тұрақты түрде өтіп тұрады.   

Міне, сарбаздардың бүгінгі мәселе жайында және әскери бөлімдегі жағдайы туралы ой-пікірі осындай болды. Азаматтардың басым бөлігі осы пікірлермен толықтай келісетінін, мақұлдайтынын жеткізді.

Отан - қашанда қастерлі ұғым. Неге десеңіз, әрбір адамның қасық қаны тамған жері барлық бағалының ішіндегі ең қымбаты. Бұл сөздің дәлелдері тарих беттеріндегі деректерде кеңінен жазылған. Мысалы, кешегі қалмақтармен шайқас пен ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі батырларымыздың ерен ерлігін атап өтуге болады. Бәрінің жүрегінде туған жерге деген шексіз сезім болды. Дәл сол махаббат оларды ажалға да қарсы тұрғызды. Кешегі жанкешті азаматтардың бүгінгі бейнесі – әскерде жүрген сарбаздар.    

Ақпарат жедел тарайтын қоғамда біз дұрыс та, бұрыс та пікір естиміз. Дегенмен, шынтуайтына келгенде тек көзбен көрген нәрсеге ғана сену керек.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, әскердегі азаматтар қандай жағдай болмасын Отанын қорғауға әзір және оларға сол бастамада барлық жағдай жасалған. Десек те ел жадында сақталған  батырларымыздың ер мінезділігі  қазіргі жастардың бойынан табылмай жатқаны қынжылтады.

     

Диас Қойшыбай,

ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану

факультетінің студенті

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -