Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, ведомствоның 2023-2025 жылдарға арналған арнайы Жол картасы бар. Онда тиісті зияткерлік құқықтарды қорғау бойынша нақты қадамдар көзделген. Оның ішінде зияткерлік құқықтарды қорғау бойынша шет мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту, авторлық құқықтарды кеңінен қорғау және авторлық құқықтарды қорғайтын ұйымдардың жұмысын одан әрі жетілдіру бар, деп хабарлайды DKNews.kz.
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында әділет министрі заң қызметін ұйымдастыру және лицензиялау бойынша әділет органдарының қарамағында 4 671 нотариус, 5 963 адвокат жұмыс істейтінін айтты. Олар тиісті лицензиялау жұмыстарын жүргізумен айналысады. Егер заңнаманы бұзатындар болса, тиісті лицензиялар тоқтатылады немесе күші жойылады.
Бүгінгі таңда азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша оларға заңмен көзделген мемлекеттік көмек ретінде тегін құқықтық көмек көрсету үшін бюджеттен 2 млрд 719 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар 89 852 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген, деді спикер.