Бүркіт боп көке самғаймыз, елімізді қорғаймыз!

13299
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының

Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубының оқушылары арасында алғаш рет далалық әскери оқу-жатығу өтті.  

Жиынға Алматы қаласындағы мектептерден «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубына мүше «Бүркіт боп көке самғаймыз, елімізді қорғаймыз!» ұранын жалаулатқан 50-ден аса бала мен жасөспірім қатысты.

Әскери іс-шараның мақсаты – өсіп келе жатқан жас буын мен әскерге дейінгі жастарға Отанымыздың тарихын оқыту негізінде, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының мәртебесін арттыру, әскери істі меңгеру және жастарды әскери қызметке физикалық дайындау. Сондай-ақ, балалардың, жасөспірімдердің және әскерге дейінгі жастардың моральдық бірлігін, әскери-патриоттық, спорттық және әскери-техникалық дайындықтарын шыңдау.

Далалық жиынға алғаш рет шығып отырған болашақ сарбаздар «Найза», «Батырлар» және «Сақ» деп аталатын үш топқа бөлініп, бір апта бойы күн тәртібіне сәйкес саптық дайындық, жараланған жолдасына алғашқы медициналық көмек көрсету, топография, альпинизм, суда жүзу және спорттық дайындық пәндерінен білімдерін шыңдап, әскери өмірдің қыр сырымен танысты. Қуанарлығы, алматылық жасөспірімдер бұл практикалық оқу-жаттығу іс-шарасына аса қызығушылықпен қатысты.

Сонымен қатар, әскери-патриоттық клуб тәрбиленушілері мектеп қабырғасында алған әскери дайындық бойынша алған білімдерін көрсетіп, пневматикалық қарудан оқ атып, АК-74 автоматын белгіленген нормативке сай бөлшектеп, жинап өз шеберліктерін көрсете білді.

Жас жауынгерлер 5572 әскери бөлімінен тағайындалған нұсқаушылар прапорщик Төлеген Махамбет, ефрейтор Дәурен Байшолақов сынды білікті мамандардан тәлім алды. Жалпы практикалық оқу-жаттығу жиынына «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубының төрағасы Дәулет Қалиасқаров басшылық жасады. 

- Практикалық оқу-жаттығу жиыныны «Жас бүркіт» клубының мүшелерімен алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл бастама балалардың жыл бойы алған теориялық білімдерін практикадамен ұштастырып, әрмен қарай жетілдіруге өз септігін тигізері сөзсіз. Былай қарағанда, клубымыздағы шағын ғана шара болғанымен, оның тәрбиелік мағынасы зор. Қазір балалр мен жасөспірімдерді мектеп қабырғасынан бастап әскери өмірге бейімдеп, телефонға телмірген уақытын тиімді жұмсауға бағыттауымыз керек. Сондықтан, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, маңызды рухани-нақыштық және әлеуметтік құндылықтарды дәріптеуде мұндай шаралардың орны бөлек, - дейді клуб төрағасы Дәулет Барысұлы.

Айта кетейік, бүгінде «Жас бүркіт» клубына жетекшілік ететін 5572 әскери бөлімінің басшылығы мен клубы мүшелері бірлесіп, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімдері, әскери борышын өтеген жауынгерлерді құрметтеу кештері, мектеп қабырғасында өтетін мерекелік салтанатты жиындар, тақырыптық викториналар мен байқаулар, «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» сияқты әскери-патриоттық мазмұндағы көптеген іс-шараларды өткізуге белсенді қатысып келеді.

Полигондық практиканың соңғы күні қатысушылар арасында өткен пәндер бойынша нормативтерді орындаудан әскериленген эстафета өткізілді. Үш топ арасындағы тартысты өткен жарыс нәтижесінде «Найза» тобы - 1 орынды, «Сақ» - 2 орынды, «Батырлар» командасы - 3 орынды иеленіп дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, бірінші жаздық практикалық оқу-жаттығу жиынынына қатысқан барлық оқушылар мен шараны өткізуге атсалысқан әскери қызметшілерге «Жас бүркіт» спорттық, әскери-патриоттық клубының төрағасы атынан грамота және алғыс хаттар табысталды.

Жиынға қатысқан Алматы қалалық 31 мектептің 8 сынып оқушысы Нұрхан Жарылқасымов бір апта көлемінде алған әсерлерін жасырмады.

- Бұл іс-шара өзіме қатты ұнады. Мен үшін ерекше апта болды. Мұнда біз алғашқы медициналық көмек, топография, альпинизм секілді пәндерді практика жүзінде меңгердік. Қолыма нағыз жауынгерлік қаруды ұстап көрдім. Әрбір бөлшектің қандай қызмет атқаратынын сұрап білдім. Нұсқаушы ағайларға алғыс білдіргім келеді. Бізді қызықтырған сауалдарға мардымды жауап беріп, біз білмейтін тың ақпараттармен бөлісті. Алдағы уақытта мұндай шара тағы ұйымдастырылса, қуанышпен асыға келуге дайынмын, - деді ол.

Шара соңында клуб төрағасы Дәулет Қалиасқаров болашақ Отан қорғаушыларына әрдайым алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, оқуда және спортта жеңіске жетуді, салауатты өмір салтын ұстануды, өз елінің патриоты болуды тіледі.

Әскери өмірге біртабан жақын болғандарына мәз болған балалар осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып тарқасты.

Подполковник Бақыт Әліпбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -