Әке жолын жалғаған ұл: Ұлттық ұландағы сабақтастық

4730
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

15 маусым – Әкелер күні. Бұл күн – ұрпаққа үлгі болған, өнегелі өмірімен жол көрсеткен әкелерге құрмет білдіретін ерекше мереке, деп хабарлайды DKnews.kz.

Осы орайда Атырау қаласындағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген кіші сержант Алтынбек Аманғалиев пен оның әкесі 3 сынып сержанты Рүстембек Бекмурзиннің тағылымды өмір жолы назар аудартады.

Кіші сержант Алтынбек Аманғалиев бала күнінен әскери киім киген, ел қорғаны болған әкесіне қарап бой түзеген. Қазіргі таңда ол әскери бөлімде тәртіп пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп, нағыз сарбаз ретінде қалыптасып келеді.

— Мен бала күнімнен әскери қызметші болуды армандадым. Әскери жолды таңдауыма, әрине, ең алдымен әкем себепкер болды. Оның жұмысқа деген жауапкершілігі, темірдей тәртібі мен Отанға адалдығы мені жігерлендірді. Ол мен үшін үлгі. Қазір өзім де әскери салада қызмет етіп жүріп, бұл саланың оңай еместігін, бірақ мәртебелі міндет екенін шын жүректен сезінудемін, — дейді Алтынбек.

Ұлының бұл таңдауы – 25 жылға жуық өмірін Ұлттық ұланға арнаған Рүстембек Бекмурзин үшін зор мақтаныш.

— Әскери салада жүргеніме 25 жылға жуықтады. Қазір рота старшинасы қызметіндемін. Алла қаласа, алдағы 5 айдан кейін зейнетке шығамын. Үш ұлым бар. Үлкен ұлым – Алтынбек менің ізімді жалғап, әскери қызметке келді. Ал екінші ұлым әскерге кеткелі жатыр. Борышын абыроймен өтеп келген соң, ол да осы жолды таңдауға ниетті. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Ұрпағымның ел қорғаны болуға талпынғаны – нағыз әке арманы, — дейді 3 сынып сержанты.

Мемлекет қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің мызғымастығы жолында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен ерлікке толы міндет. Осындай ауыр жүкті арқалап жүрген әскери әкелердің өнегелі жолын жалғаған ұлдардың қатары артқаны – қуанарлық жайт. Олар – отансүйгіштіктің, тәртіп пен тектіліктің нақты көрінісі.

Қоғамда әке жолын қуып, әскери салада абыроймен қызмет етіп жүрген жастар аз емес. Бұл – ұлтқа қорған, елге тірек болар азаматтардың өсіп келе жатқанын білдіреді.

Егемен еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жүрген барша әкелерді Әкелер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Отанға қызмет ету – ұрпаққа үлгі болар биік борыш!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -