Кипр Сауда-өнеркәсіп палатасы және «Kazakh Invest» компаниясының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Қазақстанның Израильдегі және Кипрде қызметін қоса атқаратын Елшілігінің қолдауымен Қазақстан-Кипр бизнес форумы өтті. Кипр Туризм министрінің орынбасары Костас Кумис кипрлік компаниялардан құралған бизнес миссияны бастап келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара 2023 жылғы 30 мамырда Лимассол қаласында өткен екіжақты бизнес-форумның жалғасы болып табылады. Алматы форумының күн тәртібі өзара сауданы кеңейту, бірлескен инвестициялық мүмкіндіктер, оның ішінде IT секторы, қаржы, туризм, құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларды іске асыру мәселелерін қамтыды.
Жиында Кипр делегациясының басшысы Костас Кумис, Қазақстанның Кипрдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов, Кипрдің Қазақстандағы Елшісі Кипрос Иоргалис пен Кипр-Қазақстан бизнес қауымдастығының президенті Костас Маркидес, сондай-ақ «Kazakh Invest» компаниясы төрағасының орынбасары Жандос Темірғали, «Kazakh Tourism» компаниясының өкілі Дәурен Бердібеков баяндама жасап, кипрлік компаниялардың презентациялары талқыланды.
Өз сөзінде С. Бұршақов жиналғандарды Қазақстан мен Кипр арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд АҚШ долларын құрап, яғни соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткені атап өтілді. Сонымен қатар соңғы он жылда Кипрден Қазақстан экономикасына 4,4 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция құйылған. Соның ішінде 2021 және 2022 жылдары тиісінше 445 млн және 450 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда елімізде кипрліктердің қатысуымен 292 компания тіркелген.
Қазақстан мен Кипр іскер топтары өзара нарықтарды игерудің оңтайлы мүмкіндіктерін атап өтіп, екіжақты ортақ тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға дайын екендігін растады.
Іскерлік байланыстар мен туризмді дамытудағы басты кедергілердің бірі ретінде елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасының жоқтығы және Қазақстан азаматтарының Кипрге баруы үшін визалық режим екені атап өтілді. Бұл өзекті мәселелер Кипр Туризм вице-министрі К. Кумистің «Kazakh Tourism» және «Air Astana» компанияларының өкілдерімен болған жеке кездесулерінде талқыланып, тараптар 2023 және 2024 жылдарға тиісті іс-қимылдар жоспарын айқындады.