14 қыркүйек күні Өскемен қаласында іс-сапармен жүрген Ұлттық ұланның «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының бас редакторы - Ақпараттық-баспа бөлімінің басшысы полковник Ерболат Сұлтанов «Шығыс ақпарат» медиахолдингіне қарасты басылым басшыларымен және «ALTAI» телеарнасының директорымен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ерболат Мерсайынұлы аталған ақпарат орталығының құрамына енетін ғасырлық тарихы бар «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері редакциясының жұмысымен танысты. Ұлттық ұланның ақпараттық-баспа бөлімдері шығаратын өнімдер жайлы айтып берді.
«Рудный Алтай» облыстық газетінің бас редакторының орынбасары Наталия Ершова, өңірлік «Дидар» газетінің бас редакторы Серік Әбілхан, «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің контент-директоры Ольга Шабалина қонақтарға әскери тақырыптардағы материалдардың газет бетінде жазылуына байланысты мәселелерді сөз етті.
Ұлттық ұланның Ақпараттық-баспа бөлімінің басшысы Ерболат Сұлтанов әріптестеріне қоғамдық тәртіп әскерінің жауынгерлік қызметі жайлы жан-жақты баяндап, ақпарат алмасуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ облыстық газет беттерінде жастарды отансүйгіштікке баулу және әскерге тарту мақсатында әскери-патриоттық тақырыптағы айдарлар ашып, Ұлттық ұланның жауынгерлік қызметі жайында материалдар дайындау туралы ұсыныс жасалды.
Кездесу барысында Ұлттық ұлан әскерінің атқарған қызметтерін, жауынгерлік қабілеттері мен ерліктерін насихаттаудағы қолдауы үшін «ALTAI» телеарнасының директоры Нұртас Көшеров пен «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің басқарма төрағасы Арсений Дүйсенов Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан төс белгісімен марапаттады.