Парламенттік дипломатия: Қазақстан мен Бразилия өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған

8514
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан-Бразилия» сенатаралық достық тобының 2-ші отырысын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Депутат Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы негізгі әріптесі екенін атап өтті. Біздің елдеріміз үш онжылдық бойындағы ынтымақтастық барысында жоғары басшылардың кездесулері және байланыстарымен нығая түскен жұмыстардың арқасында өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуетін қалыптастырды.

«Біздің елдерімізде Парламенттердің байланыстары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты қолдап отыру және ілгерілету аса маңызды. Парламенттік дипломатия бүгінгі таңда екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды, сұранысқа ие және келешегі зор сипатына айналып келеді. Оның ерекшелігі – ресми дипломатия мен қоғамдық дипломатияның үйлесімді бірігуінен байқалып отыр, өйткені парламентшілер өз елінде демократиялық рәсімдер арқылы сайланған және сайлаушылардың мүддесін білдіретін заңды өкілі ретінде әрекет етеді» Сұлтанбек Мәкежанов

Кездесуге қатысушылар экономика, инвестиция, технология саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ агроөнеркәсіп, тау-кен металлургиясы және машина жасау салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Сенатор Әлібек Нәутиев өз кезегінде Қазақстан мен Бразилияның инвестициялық және сауда ынтымақтастығының келешегі зор екеніне тоқталды және жаңа бастамаларға мұқтаж екенін атап өтті.

«Қазақстанда әуе кемелері құрылысы саласында құрамдас бөліктерден бастап ірі жабдықты құрастыруды ұйымдастыруға дейінгі ауқымды тауарлар аясын мемлекеттің қолдауымен өндіру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, біздің елімізде өндірілген өнімді экспорттық ірі нарықтарға жеткізе алатын шығару жолдары да бар» Әлібек Нәутиев

Бразилиядан келген делегаттар шара соңында Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтындарын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын екендіктерін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -