Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметтің болашағы туралы: Стратегия және құндылықтар

6578

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Абай облысына жұмыс сапарымен барып, өңір басшылығы, жергілікті мемлекеттік қызметшілермен және жастармен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен кездесуде Агенттік төрағасы облыстың мәдени және тарихи орталық ретіндегі рөлін атап өтті:

«Мәдениетке бай Абай облысы еліміз үшін ерекше маңызы бар өлке. Мұнда ұлы Абай өз ойларында «Адал азамат» идеясының негізі болған «Толық азамат» қағидатын қалыптастырды. Облыс тарихы аймақ пен елдің игілігі үшін қызмет ету ісінде мемлекеттік қызметшілерді ынталандырудың қайнар көзі болуға тиіс» Дархан Жазықбаев

Кездесуде МҚІА басшысы ашық, әділ және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында Агенттікпен іске асырылып жатқан шараларға тоқталды. Олардың ішінде қоғамның сұраныстарын негізге ала отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету, бес мемлекеттік органда іріктеудің жаңа жүйесін іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметті өткеру жағдайларын жақсарту.

Сапар аясында Дархан Жазықбаев ашылуына алты ай болған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының жұмысымен танысты. Бүгінде филиал өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі мен кәсіби даярлығын арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.

Сондай-ақ Агенттік басшысы жергілікті халыққа мемлекеттік қызметтер көрсететін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Абай облысы бойынша филиалының қызметімен танысты. Атап өту керек, 2023 жылдың 1 жартыжылдығында Абай облысында 3,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Дархан Жазықбаев көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, клиентке бағдарлануды қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті органдар арасындағы тығыз өзара іс-қимыл маңыздылығын атап өтті. Бүгінде Агенттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қызмет алушылардың шағымдарын күтпестен мемлекеттік қызметтерге қашықтықтан проактивті мониторинг жүргізеді.

Шәкәрім атындағы университетте Дархан Жазықбаев облыс жастары, жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесу барысында ол мемлекеттік қызметке жас және талантты кадрларды тарту, оның ішінде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу мәселелеріне тоқталып, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке инновациялық және креативті ойлайтын жас мамандар қажет екенін ерекше атап өтті.

«Мемлекеттік қызметке келуде басты мақсат жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек. Абай атамыз «Пайда ойлама ар ойла», ал Шәкәрім атамыз «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген. Осы тағылымды сөздерден үлгі алып, өмірлік қағидаға айналдыруға болады» Дархан Жазықбаев

Кездесуге қатысушыларды мемлекеттік қызметте ашық және әділ ілгерілету мәселелері қызықтырды. МҚІА басшысы дәстүрге айналған реттілік бойынша университетке кітаптар табыстады.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Жазықбаев Агенттіктің заңнамалық бастамаларын іске асыру және алдағы жоспарлары туралы «Semei» телеарнасына сұхбат берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -