Ағымдағы жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов Батыс Қазастан облысындағы жұмыс сапары аясында өзара ықпалдастық органдары басшылары және ардагерлер қауымымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ең алдымен құқықтық тәртіп әскерінің Бас тәрбиешісі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен кездесу өткізді. Өңір әкімінің орынбасары Ұлттық ұлан генералын жылы шыраймен қарсы алып, облыста Қазақстан Халықы Ассамблеясының басшылығымен ұйымдастырылып жатқан Республикалық аналар кеңесіне қатысуға келісімін бергені үшін өз алғысын білдірді. Бақытжан Хаберұлының айтуынша, генерал-майор Қ. Үмбетов үшін Жайық өңірі екінші үйіндей болып кеткен.
Жергілікті тұрғындар Қайрат Жарылқасынұлының облыстағы қызметін және жастар арасындағы патриотизмді нығайтуға қосқан жұмыстарын әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Болашақта облыста заманауи үлгідегі әскери – мектеп интернатын салу жоспарымен бөлісті.
Өз кезегінде Халық Қаһарманы облыс басшылығының өңірдегі Ұлттық ұлан әскерімен орнатқан әріптестік пен өзара түсінушілік негіздегі қарым-қатынастар орнатқаны үшін алғысын білдіріп, құқықтық тәртіп әскерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың сапар барысына қойған тапсырмаларымен және маңызды республикалық шараға қатысты жоспарларымен таныстырды.
Сондай-ақ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовты «Құқықтық тәртіп әскеріне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Екі тарап осыған дейін қол жеткізілген достық негіздегі әріптестік қарым-қатынастарды әрі қарай да жалғастыру бойынша келісті.