Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Республика күні мерекесін атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
24 қазан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығында Республика күні мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған Бас қолбасшылықтың жеке құрамы мен өзара ықпалдастық органдар өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Алдымен сахнаға Мемлекеттік ту алынып шықты. Ұландық әскери қызметшілер Әнұранды бірге шырқады. Содан кейін үлкен экраннан Республика күні мерекесі туралы ұландықтар дайындаған бейнеролик көрсетілді.
Осыдан соң Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов мінберге көтерілді. Мерекенің мәніне тоқталып өткен әскердің Бас қолбасшысы жеке құрамды құттықтады.
"Бүгінгі күні даңқты қазақ батырларының ерлік дәстүрлерін абыроймен жалғастырып келе жатқан Ұлттық ұланның әскери қызметшілері күнделікті жанқиярлық еңбектерімен елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Контитуция мен құқықтық тәртіпті күзетеді, азаматтарды қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғайды. Республика күні мерекесі қарсаңында әскердің барлық әскери қызметшілері мен ардагерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне мықты денсаулық, амандық, бақыт және Отанымыз Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін сақтау жолындағы істеріңізге толағай табыс тілеймін" Генерал-лейтенант Еркін Ботақанов
Содан кейін ҚР Ішкі істер министрінің және Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығы салтанатты жағдайда оқылып, қызметтік-жауынгерлік әрекетте ерекшеленген үздік әскери қызметшілер марапатталды. Айта кетейік, Ішкі істер министрінің бұйырығымен «Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері» кеуде белгісімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов пен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Константин Воронкин марапатталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бұйрығымен мемлекеттік марапаттармен наградталған Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне де құрмет көрсетілді. Генерал-лейтенант Еркін Ботақанов марапатқа ие болған әр әскери қызметшінің еңбегіне тоқталып, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әскер адагері генерал-майор Ерсайын Рүстемхановтың «Құрмет» орденімен марапатталғанын зор мақтанышпен атап өтті.
Іс-шара соңында Ұлттық ұлан ән-би Ансамблінің өнерпаздары әскери-патриоттық және халық әндерін шырқап, көрермендерді тәнті етті.