Ағайынды егіздер Ұлттық ұлан қатарында

16654
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Отан алдындағы борыш деген қасиетті сөз бар. Осы сөздің терең мағынасына бойлаған адам көл қорыған қызғышқұстай ел қорғаған батырларымызды, ерен болмыс аталарымызды еске алар еді. Мына байтақ жер, бақытты ел де – сол алыптардың аманаты. 

Осы Отанды қорғау ісі әскер қатарындағы қызметтен басталады. Сондықтан да әскер қатарында қызмет атқарып жүргендер  әрқашан да құрметке ие.

Әскер – жас жігіттердің құрыштай шыңдалып, Отанына қауіп төнсе, кеудесін оққа тосып, ел үшін жанын беруге дайын тұратын  нағыз ержүрекке айналып шығатын мекен.

Сондықтан әскер сапында қызмет ету әрқашанда, әр заманда өзекті болып қалады. Бүгінгі әңгімемізде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы сапында әскери қызметін өтеп жүрген Оралдық ағайынды егіздер Аслан мен Руслан Жамбуловтар туралы айтпақпыз.

Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында дүниеге келіп, сол ауданда ер жетіп, мектеп қабырғасын сол жерде тәмәмдаған. Кейіпкерлеріміз 11- сыныпты бітіріп Ұлттық біріңғай тест тапсырып, тегін оқуға (грантқа) түсе алмай қалады. Сонымен ағайынды бауырлар өз-ара ақылдасып әскерге барып Отан алдындағы борыштарын атқаруға бел буады. Осылайша Аслан мен Руслан 2020 жылы өз еріктерімен Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынады. Ағайынды егіздер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөліміне келіп түседі. Аталмыш әскери бөлімде бір жыл бойы өздерінің Отан алдындағы борыштарын абыроймен аяқтап әскери қызметті одан әрі жалғастыруға бел буып, келісімшарт бойынша әскери қызметші ретінде қызметтерін жалғастырады.   Қазіргі таңда Аслан артиллериялық - зениттік дивизион бөлінісінде, ал бауыры Руслан болса жедел мақсаттағы батальонында қызмет  атқарып жүр.

Қандай сынға да дайын ағайындылар әскерге аттанар сәтте-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскер қатарына сұранған екен. Ағайынды Жамбуловтар әскери адамға қажетті ең басты нәрсе қиындықтар алдында иілмеу, достық пен өзара көмек сияқты қасиеттерге ие болу деп санайды. Кейіпкерлеріміз еңбекті, тәртіпті құрметтейтін отбасында өскен. Тимур ағамызбен Света анамыз Отбасы бала тәрбиесіндегі ең алғашқы ұжым екендігін түсініп, туған үйдің жылуы мен тәрбиесі  балаларының көкірегінде,  мәңгі сақталатындай етіп  тәрбиелеген.   

 – Шынымды айтсам біз ұлдарды қатты еркелеткен жоқпыз. Бала кезінен бастап еңбекке баулыдық, іс-әрекеттерін қадағалап отырдық. Мектепте жүргенде де мұғалімдердің алдында олар үшін біз қызарып ұялған жоқпыз, – дейді балалардың анасы Света.

Ал ағайынды қос әскерилердің әкесі Тимур Жамбылұлы былай дейді: «Әскерде қызмет етуді әрбір перзенттің парызы деп санаймын. Жас жігіттер әскерден нағыз ер азамат болып оралады. Олардың ойлау қабілеті, мінезі жақсы жаққа өзгереді. Менің ойымша әскерге бармаудың негізсіз себептерін ойлап тапқаннан гөрі, әр балаға Отан алдында қызмет етудің артықшылықтарын айтып отыру керек. Әскери борышын өтеп келіп, байсалды өмір сүруден артық не бар?».

Әрбір ата - ананың ниет-тілегі осылай болса игі. Әрбір жас азамат Отан алдындағы борышын өз қадірінен артық көрсе, еліміздің еңсесі биік, халқымыздың өмірі бейбіт болмақ.

Абылай БЕКБОЛАТОВ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -