Қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы - демократы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өмірі мен қызметі халқымыздың қоғамдық өрісі мен мәдениеті және әдебиеті дамуында бейне бір сілкініс болды.
Қыр сахнасында қоғамдық ой -пікірдің жүйелі ғылыми негізде қалыптасып дамуына мүмкіндік те, жағдай да жоқ кезде Шоқанның ғылымның алуан түрлі саласымен шұғылданатын жан -жақты ғалым болуына тура келді. Ол тарих, этнография, археология, социология, экономика филология ғылымдары саласында жемісті еңбек етті, жазушы публицист, аудармашы, суретші болды. Ғұлама ғалым соншалықты қысқа ғұмырында кейінгі ұрпаққа аса бай, бағалы мұра қалдырды. Ш. Ш. Уәлихановтың алуан арналы бай мұрасын, ондағы қисапсыз мол ой толқындарын толық игеру, ғылымның әр саласына қосқан үлесіне бойлау әрі зерттеу жылдар өткен сайын маңыздала бермек.
Шоқанның ғылымға деген құштарлығы, оның ішінде қоғамдық ғылымдарға, ынта - ықыласы, бейімділігі ерте, оның Сібір кадет қорпусында оқыған жылдарынан басталды. Омбы кадет корпусы Сібір оқу орындарының ішіндегі ең көрнектісі еді. Бұл арнаулы әскери жабық оқу орны өз шәкірттеріне негізінен жалпы білім беру бағытын ұстады. Мәселен, онда жалпы география, Россия географиясы, жалпы тарих пен Россия тарихы, орыс және Батыс Европа әдебиеттері, философия негіздері, орыс және француз тілдері, бірнеше шығыс тілдері оқытылды. Шоқанның аса зеректігі әсіресе осы пәндерді оқып - үйрену, игеру тұсында айқын көрініп, жұрт назарын аударды. Оның мектептес досы Г. Н. Потанин былай деп жазды: "Шоқан тез кемелденді, өзінің орыс жолдастарын басып озды. Оған көп адам ден қойып, зер салды... Корпустың оқытушылары Шоқанды болашақ зерттеуші, тіпті ғалым болуы да ықтимал деп жүрген кезде Шоқан небәрі он төрт - он бес жаста ғана болатын, ол кезде өте - мөте көп оқитын. Бұл оның бойындағы сыншылық қабілетті жетілдіре түсті. Адамгершілік мәселесі және кейіннен өзінің мамандығы болып кеткен Шығыс филологиясы саласындағы оның ой - пікірлеріне біз қайран қалатынбыз".
Аса білімдар, көзқарасы орыстың қоғамдық идеяларының ықпалымен қалыптасқан, қоғамдық еңбек етуге барынша құштар, алға көп мақсат қойған арманшыл жас Шоқан саяхатшы болуды көкседі. Осы тұста батыс және орыс жићанкездерінің шығармаларын, Шығысты зерттеуге байланысты еңбектерді аса кұшырлана оқыды.
Орталық Қазақстанда, Жетісу мен Тарбағатайда, Ыстықкөлде болған сапарында Шоқан қазақ және қырғыз халықтарының тарихы, әдет - ғұрпы мен ескі нанымдары туралы материалдар жинап қайтты, көптеген еңбектер жазды. Осы сапарларында ол көбінесе орыстың атақты саясахатшы - ғалымы П. П. Семенов - Тян - Шанскиймен бірге болды.
Орыс ғалымы талантты жастың ерекше қабілеттігін, білімдарлығын аса жоғары бағалап, былай деп жазды:"... Омбыда мені әсіресе қызықтырған адам - Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов болды. Ерекше қабілеттілігінің арқасында Уәлиханов Омбының кадет корпусын зор табыспен бітіріп шықты...
Петерборда жүргенінде менің ықпалыммен университетте лекция тыңдап, француз және неміс тілдерін жетік меңгеріп кеткені сонша, Шығыс тарихының, әсіресе қазақ тектес халықтар тарихының терең білгірі болып шықты".
Ыстықкөлге барып қайтқан сапарынан кейін Шоқан 1856 жылы үш ай шамасы Құлжа қаласына жасаған ресми сапарында ұйғырлардың, дүнгендердің, жоңғарлардың, қытайлықтардың тарихымен, этногафиясымен танысты. Қазақ даласына, Ыстықкөлге және Құлжаға сапарында сол өлкелердегі мекендеген халықтардың тарихы, географиясы, этнографиясымен танысты. Қазақ даласына, Ыстықкөлге және Құлжаға сапарында сол өлкелерді мекендеген халықтардың тарихы, географиясы, этнографиясы, сөз өнері мен тіл туралы жинап қайтқан материалдары мен зертттеулері оқымыстылар қауымының назарын аударды. Петербургте 1845 жылы негізі қаланған Орыстын. императорлық географиялық қоғамының бағытына жас саяхатшы ғалымның зерттеушілік ізденістері сайма -сай келді. Қоғамның ғылыми жиналысында Ш. Уәлихановтың еңбектерінің бірі - "Қазақ шежіресі" еңбегі оқылды. 1857 жылғы 27 феральда қазақтың жас ғалымы Орыс география қоғамының толық мүшесі болып сайланды.
Сол жылдың аяқ шенінде Шоқан қырғыз еліне тағы да сапар шекті. Бұл жолы ол қырғыз халқының өмірімен, ауыз әдебиетімен жете танысты. "Мен Үйсіндер мен қырғыздардың халық әдебиеті ескерткіштерін, тарихи деректерін, статистикалық мағлұматтарын, этнографиялық очерктерін бірнеше дәптер етіп жазып алдым", - деп жазды Шоқан. Ол өткен сапарында қырғыз халқының атақты эпосы "Манасқа" көңіл бере алмай кеткен болса, бұл жолы оның үзінділерін қағаз бетіне түсіріп, тарихи - әдеби талдау жасады. "Манастың" тамаша бір тарауын - "Көкетай ханның асы" деген бөлімін орыс тіліне аударды.
«Манас» жырын зерттеудегі тағы бір құндылық – Шоқан ұлттық фольклортану ғылымымызға ғылыми зерттеушілік ой - пікірдің жан - жақты тарихи - салыстырмалы сипатын орнықтырды. Ол мифологиялық мектептің, тарихи - мәдени мектептің әдіснамаларын тұңғыш зерттеу жұмысында пайдаланып, осы арқылы әдеби мұраны зерттеу барысында ұлттық ғылыми -зерттеушілік ой - пікірде әдебиет тарихы деген ұғымды алғаш рет тудырды. Манастану ілімінің басты - басты мәселелерінің кейін де сала - сала болып зерттелуіне жол ашқан тұңғыш ғалым болды. Сондықтан да Шоқан Уәлихановтың «Манас» жырына байланысты жасаған ғылыми еңбектері қазақ фольклортану ғылымының айырықша табысы, құнын жоғалтпайтын жауһар дүниесі болып мәңгі қала бермек.
Әдеби мұраны зерттеу барысында Шоқан тек қана мифологиялық мектептің теорияларымен ғана зерттеу жасай бермеген. Әсіресе, бұл «Манас» жырына байланысты зерттеулерінде жан - жақты айрықша сюжеттердің дүниетанымдық көзқарасқа, әдет - ғұрып, салт- санаға сай болатынын дәлелдеген пікірлерінен ауысып алу теориясы көрінгенімен, оның арғы жағындағы, негізгі қазығы болып тұрған антропологиялық теорияны да ұлттық фольклортануға, ғылыми зерттеушілік ой - пікірге көрінеді. Жырдағы енгізгенін көреміз. Бұған ғалымның ағартушылық - демократтық көзқарасының, білімі мен тәжірибесінің әсер еткенінен де екенін айта кету керек.
«Бұл пікірлерінен қай халықтың әдет -ғұрыпы мен салт - дәстүрі, әдебиеті болса да оның негізі сол халықтың тарихи өмір шындығында деген тұжырымға тоқтағанын байқаймыз. Орыс революцияшыл - демократтары да осы көзқарасты ұстанған. Бұл антропологиялық теория әдеби мұраны тарихи салыстырмалы принцип бойынша зерттеуге жасаған қадамдарының талаптарына сай келеді». Сол себепті Шоқанды тек қана мифологиялық мектептің ықпалынан шыға алмады десек қателесеміз. Бұл туралы ғалым Ш. Ыбраев былай дейді: «Салыстырмалы зерттеудің кейбір жаңа өзгешеліктерін біз Ш.Уәлихановтың зерттеулерінен көреміз. Ежелгі римдіктер, гректер, скифтер, қытайлар, қидандар сияқты халықтардың тұрмыс -тіршілігі, әдет - ғұрпы, фольклоры туралы мәліметтер түркі - моңғол халықтарының этнографиясымен, ауыз әдебиетінің үлгілерімен ұтымды салыстырып отырады. Оның үстіне славян, роман - герман, угро - фин халықтарының да әдеби, фольклорлық мәліметтері тиісті жерде келтіреді». Бұдан Шоқанның фольклорда кездесетін ұқсастықтарды айта отырып, әр халықтың жалпыадамзаттық қоғамдағы орнына сай өзіндік мәдени мұрасын ұлттық деп тану керектігін, оның өзіне тән өзгешіліктері мен ерекшеліктерін салыстырмалық зерттеу жасау арқылы ашу қажеттігін айтуы осыған дәлел бола алады.
Қашқарияда жарты жылға таяу созылған сапарында ол осы аймақтың географиялық жағдайын, тарихын, этнографиясын зерттеді, экономикасы мен саяси құрылысы туралы көптеген материалдар, сирек кездесетін қолжазбалар жинады. Кейін сол материалдар негізінде Шоқан Уәлиханов өзінің "Алты шаһардың яғни Қытайдың Лан - Лу провинциясының (Кіші Бұқараның) Шығыстағы алты қаласының жай - күйі деген атақты еңбегін жазды. Еуропаға беймәлім дерлік осы өлкенің географиялық сипаттамасына, әлеуметтік - қоғамдық құрылысына, жергілікті халықтарының тарихына арналған бұл еңбек ғылымға баға жетпес үлес болып қосылды.
Ғұлама ғалымның 1860 жылдардың бірінші жартысында жазған еңбектерінен, "Іле өлкесінің географиялық очеркі", "Жоңғария очерктері", "Көне замандағы қазақтың қару - жарақтары, сауыт - саймандары", "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы", "Сахарадағы мұсылмандық туралы", "Қазақтың көші - қоны", "Сот реформасы жайында хат", тағы басқа еңбектерінде өзі жинаған қыруар материалдарға сүйене отырып, терең пікірлер айтты. Мысалы, Өз заманының ғылыми жетістіктері, озық ой - тұжырымдары биігінде болған, әрі оған сүйенген Шоқан көбіне - көп салыстырмалы әдісті қолданды да, қазақ қоғамының да бірсыпыра халықтар сияқты өзінің жүріп өткен ізденіс жолы болғанын саралап, ғылыми терең ой - пікірлер түйді.
Шоқан Уәлихановтың мол ғылым мұрасының ең негізгі бір саласы - оның әдеби - зерттеу еңбектері. Қоғамдық ғылымдардың басқа салаларымен қатар Шоқан әдебиет пен тіл туралы да алғаш байсалды зерттеу жүргізіп, ой - тұжырымдар айтқан. Әдетте Шоқанның әдебиетке байланысты еңбектері туралы сөз бола қалса, көбіне жинаушы ретінде сипатталады да, оның қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші, қазақ пен қырғыз поэзиясының түрлері туралы теориялық пікірлер айтқаны, көптеген халықтардың әдеби мұрасын терең меңгеріп, ғылыми кәдесіне жаратқаны жете ескеріле бермейді.
Сөз өнеріне, әдебиетіне деген ынта - ықыласы, қызығуы - ғалымның бала кезінде басталғаны, оған өзінің дәулетті әулеті Шоқан Уәлихановтардың көзі ашық, оқыған адамдар болуы, әжесі Айғанымның аңыз, ертегілерді шебер әңгімелеуі, ел аузынан сөз өнері үлгілерін жинауға он - он бір жасынан қатысуы, ауылда талай ақындар айтысы, шешендік тапқырлық, біліктілік сайыстарын көріп, тамашалауы оның кейін ғылым тереңіне мол үңілуіне ықпал етті.
Шоқанның ауыз әдебиеті нұсқаларына назар аударуы ертерек, ауылда да, кадет корпусында оқып жүрген кезде де басталғанымен, сөз өнерін зерттеуші ретінде қалыптасуы - өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысы мен алпысыншы жылдардың бас кезі.
Бұл кезде ол дүниетанымы, әлеуметтік - саяси көзқарасы қалыптасқан, білім - ғылым қазынасын меңгерген, әр салада да ғылымға үлес қосқан озық ойлы ағартушы, ғалым - саяхатшы ретінде көзге түсті. Сондықтан ол әдебиет тарихы мен теориясы туралы да байсалды пікірлер айтты. Халықтың сөз мұрасын зерттеуде, бағалауда, мән - мазмұнын сайлауда Ш.Уәлихановтың көзқарастары адамзат көркем қазынасының бұрын - соңды зерттелу тәжірибесіне, орыстың озық әдебиеттану ғылымы мен сынының жетістіктеріне арқа сүйейді, көбіне олармен үндес болып келіп отырды.
Шоқан қазақ әдебиетін қазақ халқының рухани мәдениетінің аса бай көрінісі деп білді де, сол әдебиетпен басқа халықтарды таныстыруды мақсат етті. Ол "Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын өскелең әдебиеті бар... Егер жұрттың айтуымен Геродот жинаған Гомердің көркем өлеңдері мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егер де өзгертіліп, мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға, шындық жататын болса; қазақтың ата - бабаларының өмір - тұрмысын, әдет - ғұрпын әр жағынан қамтып, белгілі бір жүйеде суреттеген, сол елдің өткен кездегі өмірінің сәулесі болған аңыздарын алып, сол халықтың осы күнгі мінез - құлқымен салыстырсақ, онда аңыздардың тарихи мәні болуының мүмкіндігіне күдіктенбеуіміз керек. Халықтың таза ақындық туындылары ретінде бүкіл қоғам көпшілігінің сезімдерін, өмірін және прогресін қамтамасыз еткен шығармалар тарихтық, филологиялық және психологиялық назардан тыс қалмауы керек", - деген тұжырым жасады.
Қазақ халқының зор рухани қазынасының бірі поэзия екенін терең түсінген, оны аса жоғары бағалаған ғалым былай деп жазды: "Көшпелі елдердің қай - қайсысының болсын бір ерекшелігі - олар поэзияға бейім, табан астында қиыстырып айтқыш, өлең - жырға бай, шебер келеді.
Түркі тұқымдас халықтардың ішінде ақындығы жағынан жүйрігі, сірә, қазақ халқы болар. Атақты ориенталист Сенковский өлеңші бәдәуилерді жаратылысынан ақын болады екен, мұны қазақтар жайында да айтуға болады. Тарихи жағынан алып қарағанда қазақ халқының рухы тамаша, неге десеңіз: біріншіден, ерлердің ісін ардақтаған ежелгі жырлардың бәрі де бізге түгелдей өзгеріссіз жетіп отыр: екіншіден, әр дәуірде өмір сүрген импровизаторлар өз кезеңінің елеулі оқиғаларын әсем бейнелеп, мәңгілік мұра етіп қалдырып отыр: сол жырлардың өзі тұтас салт - дәстүр, мақал - мәтелдермен бірігіп, халықтың тарихи, рухани өмірінің өткені жайында маңызды деректер береді.
Қазақтардың ежелгі жырлары, ескі аңыздары сол күйінде өзгеріссіз сақталуы таңқаларлық, ал сол жырлардың осыншама жалпақ, шалғай даланың барлық түкпірінде бірдей, бір кітаптың көшірмесіндей сөзбе - сөз жырлануы тіпті ғажап! Осыншама керемет дәлдікке сенер - сенбесіңді де білмейсің, бірақ бұл күмән жоқ, әрі мүлтіксіз шындық.
Үлкен дарын иесінің "Қазақ халық поэзиясының түрлері" атты еңбегі, шамасы, ілгері зерттеу болса керек. Соңғы сөйлемдері аяқталмаған. Бізге жеткен нұсқасының өзінде қыруар материалдар эпостық жырлар, олардың тарихи негіздері, қазақтың өлең түрлері мен құрылысы, буын өлшемдері, силлабикалық сипаты, көптеген ақындар туралы тұжырымдар мен түйіндер айтылған. Ш.Уәлихановтың бұл еңбегі де - қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы туралы тұңғыш зерттеулердің бірі.
Шоқан еңбектерінде Батыс, Шығыс халықтарының әдебиеттерінен кең салыстырулар, паралельдер жиі ұшырасады. Бұл оның құлашының кеңдігін, асқан білімдарлығын байқатады. Шығыс халықтарының, сондай-ақ біраз Батыс халықтарының тілін жақсы игерген, олардың әдебиетін де терең білген зерделі ғалым туған халқының сөз өнерін басқа елдердің әдебиеттерімен қатар қоя, салыстыра отырып зерттеуге тырысты, кейбір ұқсастықтардың, өзара алмасулардың сыр - сипаты, себеп - салдары туралы сындарлы пікір айтты.
Сөйтіп, қазақ қоғамының өткені мен сол кездегі жайының ғалым ой жүгіртпеген, пікір - тұжырым түймеген, зерттеу - бағдар жасамаған құбылыс -көріністері жоқ десе болады.
Ш. Ш. Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің бірсыпырасы өткен ғасырдың орта кезінен бастап жарық көрді. Оның кейбір мақалалары мен "Жоңғария очерктері", "Алты шаћардың немесе Қытайдың Нан - Лу провинциясының (Кіші Бұхара) шығыстағы алты қаласының хал - жайы", "Уәлихан төре көтерілісінің эпизоды" атты еңбектері, "Орыстың императорлық географиялық қоғамы жазбалары" еңбегі 1861 жылғы кітаптарында жарияланды. Ш. Ш. Уәлихановтың "Абылай" атты мақаласы орыс ғалымдары мен әдебиетшілері құрастырған "Энциклопедиялық сөздікте" басылды. Біраз мақалалары әскери журнал "Руский инвалидте" жарияланған. Ғалымның еңбектерінің кейбірі 1865 жылы Лондонда ағылшын тілінде басылды. Ш. Уәлихановтың басты - басты еңбектерінің жинағы 1904 жылы Н. И. Веселовскийдің редакторлығымен Петерборда басылып шықты. Бұл жинаққа ғалымның ғылыми еңбектері мен мақалаларының көпшілігі және қазақ, қырғыз халықтары ауыз әдебиетінің ол жинаған нұсқалары, достарының еңбектері енді.
Қорыта келгенде, Ш. Уәлихановтың ғылыми өмірбаянын жасауда, оның жарқын өмірі мен ғылыми қызметін, асқан адамгершілік, озық азаматтық тұлғасын, биік рухани келбетін танып білуде бұл кітаптың мән - маңызы зор.
Бұрынғы империялық, кейін одақтық, бүгіндегі түркітану ғылымында арнайы орны бар ілім саласы болып отырған Манастанудың ең алғашқы бастауын салған ардақты ғалымымыз Ш. Уәлиханов болды деген пікірге ден қоямыз. Себебі ұлы ғалым қырғыз халқының этнографиясы, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, фольклоры туралы алғаш пікір айтып, орыс ориенталист - фольклористерінің т.б. ғылым саласының өкілдерінің назарын аударды.
Өзінің аз ғана өмірінде Манастанудың сол кездегі ғылыми - зерттеушілік ой -пікір деңгейіндегі ең өзекті мәселелерін көтеріп, зерттеу жүргізе білді. Осы арқылы ғалым «Манас» жырының ғылыми тұрғыдан зерттеле бастауының ең алғашқы қадамдарын жасады. Бұл жұмыс тек ең алғаш хатқа түсуімен ғана шектелмей, өз кезіндегі Шығыстанушылармен салыстырғанда жырдың шығу тарихы, әр нұсқаның ерекшеліктері, образдар жүйесі, тарихи шындыққа қатысы, оның құрылымына талдау жасау, қырғыз ауыз әдебиетінің барлық жанрларының жинағы ретінде қарауы сияқты келелі мәселелер туралы да алғаш пікір айтты. Сонымен бірге «Манас» жырын Ресейге, ол арқылы Еуропаға танытуының әлеуметтік және тарихи - мәдени маңызы зор еді. Қазақ, қырғыз және тағы басқа түркі халықтарының мәдениеті мен әдеби мұраларының бастан өткерген ұзақ тарихы бар екенін тұңғыш бүкіл әлемге дәлелдеген де Шоқан болатын.
Әдебиеттер:
- Уалиханов Ш.Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985 ж.
- Жұмалиев Қ. ХVІІІ - ХІХ - ғасырдағы қазақ әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1967 ж.
- Марғұлан Ә. Шоқан және Манас. – Алматы: Жазушы, 1971 ж.
- Сәтбаева Ш. Шоқан Уәлиханов – филолог. – Алматы: Жазушы, 1985 ж.
- Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. – Алматы: - Ана тілі, 1991 ж.
- Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. І том. – Алматы: Қазақ университеті, 2001 ж.
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,
«ALIKHAN BOKEIKHAN UNIVERSITY» БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ, 7М06 Өнер және гуманитарлық ғылымдар факультеттің 7М02305 «Филология» ғылымдарының магистрі.
«Абай облысы Білім басқармасының ММ «Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты КММ» «Жас ақындар» үйірмесінің жетекші-ұстазы.